«Аспан» атты сұңқарын қолынан түсірмей, үнемі оюлы бешпентпен жүретін Руслан Абыл құсбегілікті 11 жасынан бері сүйікті ісіне айналдырды. Тіпті таң мен кешті айырып болмайтын түнгі клубтағы диджейлік қызметі де оны қанатты «достарынан» алыстата алмады. Құсбегілік – ол үшін спорт, өнер, өмірдің ажырамас бөлшегі. Ұлттық спортты сақтап қалу үшін жанталасып жүрген Русланның әңгімесі түсінген жанға ой саларлықтай...
«Словения, алақандай ғана Словения құсбегілік туралы арнайы пәнді мектеп бағдарламасына енгізіп қойды. Бүгінде Еуропа мен араб әлемінің құсбегілікке деген қызығушылығы артып тұр. Құсбегілікті ұлттық спорты, атакәсібі санаған қазақтар ұйықтап жатқанда, бар әлем бұл өнерге таласу үстінде. Біздің қымыз бен қазыны өзгелерге ұстата салғанымыздай, құсбегіліктен де қол үзіп қалатын түріміз бар. Түсінесіз бе, Facebook әлеуметтік желісіне тіркелген әлемдегі құсбегілердің саны – 40 мың. Тіркелмегені қаншама?! Германияда 12 мың құсбегі бары ресми түрде анықталды. Ал құсбегілікті төл спорты санаған қазақтардың ішінде бұл спортты серік еткендердің саны 70-тен әрең асып жығылады. Ұлттық спортты өзгенің өңгеріп кетуінен аман алып қалатын бағдарлама қабылдау керек шығар, мүмкін. Әйтпесе...»
Расында, жапондар дзюдосымен, өзбектер курашымен мақтанады. Төл спортын насихаттау барысында түрлі әдістерді қолданып, жалпақ әлемге ұлттық спортының тілін түсіндіріп жатады. Ал қазаққа Алладан дарыған өнер — құсбегілікті өзгені қойып, өз елімізде өркендетуге ден қояр емеспіз.
«Шетелдік жазбалардан құсбегілік ең алғаш Үндістан мен Месопотомияда пайда болды деген деректерге жиі ұшырасамын. Бірақ бұл – жалған ақпар. Өйткені бүркіт пен сұңқар қоңыржай климатта ғана еркін самғай алады. Тау бөктерінде тыныстап алған соң жазықта талмай ұшады. Ал жоғарыда айтылған Месопотомия мен Үнді жері – өте ыстық. Ежелгі сақ дәуірінде таста қашалып салынған құстардың суретін тарихшылар қыран деп топшылады. Оның үстіне, Бүркітшілердің дүниежүзілік федерациясының мүшесі өз еңбегінде «құсбегілік ең алғаш рет Тұран жерінде пайда болды» деп жазған. Ендеше, құсбегіліктің қазақ даласында пайда болғанына күмән келтірмеу керек. Еділ қаған Еуропаны жаулағанда, оның тік көтерген туындағы қара сұңқарға бәрі көз тігіп, керемет қызығушылық танытты».
Ұлттық спортымызға көз салушылардың көп екенін жоғарыда айттық. Құсбегілік бүгінде бар әлемде қарқынды даму үстінде. Қазақстандағы құсбегілікті дамытуға жеке кәсіпкерлер де білек сыбанып кірісіп кетті. Әсіресе өнер адамдарының ықыласы ерекше. Қарапайым халық сахнаның көркіне айналған әртістердің әрбір қимылына қол соғып, олардың іс-әрекетіне ерекше мән береді. Ендеше, құсбегілікті насихаттауға әнші, күйшілерді де пайдалану керек. Мәселен, Тоқтар Серіков сұңқар десе ішкен асын жерге қояды делік. Осыдан соң Тоқтардың талантына тамсанушылардың сұңқар, құсбегілік туралы тереңнен білуге талпынатынына сенім зор.
«Қазақстандағы құсбегілердің басын біріктірген ірілі-ұсақты ұйымдар бар. Олар жұмыс істемей, қол қусырып отыр дей алмаймын. Алайда насихат жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытпай отырмыз. Мәселен, құсбегілік туралы арнайы сайт ашамыз деп басшылардың уәде бергеніне төрт жыл болды. Ал шетелде құсбегілік туралы сайттан көз сүрінеді. Спорттың бұл түрі туралы жеке газет-журналдар мен кітаптар болса да, мұртымызды балта шаппас еді. Өкінішке қарай, шешуін таппаған осындай мәселелер құсбегілікті насихаттауға кедергі келтіруде. Әлемнің 77 елінен келген саятшылардың басын қосып, Еуропа Халықаралық құсбегілер фестивалін ұйымдастырды. Қазақстанда өткен іс-шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы деп Бақыт Қарнақбаев ағамыз ұйымдастырған «Құсбегілік: көбейту және ветеринария» атты халықаралық семинарды айтуға болады. Оған әлемдегі бүркітшілердің бас дәрігерін шақырдық. Ол кісі құсты қалай емдеу, қалай тамақтандыру қажет екенін тағы бір сараптап берді. Шыны керек, біздерде құс ауырып қалса, оған дұрыс диагноз қойылмайды. Мәселен, сырқаттанған құсты Қазақстанда үш орталық тексереді және үшеуінің қойған диагнозы бір-бірімен мүлде сәйкес келмейді».
Құстардың қарны тоқ болмаса, одан қандай да бір нәтиже сұрау әбестік. Бір ителгі күніне 150-200 грамм сиыр етін жейді. Ал бүркітке 450-600 грамм ет беруге міндеттісің. Құстар да адам секілді. Дұрыс тамақтанбаса, ағзасы әлсірейді.
«Түзде ұшып үйренген құстардың ағзасы өте шыдамды. Алып жүректі. Ал қолға үйреткен құстардан үнемі бір кінәрат табылады. Шетелдіктер сатып аларда ең бірінші олардың жүрегі қуатты ма, жоқ па, соны қарайды. Қолға үйреткен құстар әлсіз болмауы үшін жақсылап баптау керек. Жақында ғалымдар қолға үйренген құстарды киіз үй секілді дөңгелек пішінде жасалған үйде өсіру керектігін анықтады. Себебі құс аспанды көремін деп дөңгелек үйде айналып ұша береді, ұша береді. Бұл өз кезегінде құстың денсаулығынан мін таппауға септігін тигізеді. Біз тек құстарға ғана емес, аңдарға да жақсы күтім жасауға тиіспіз. Мәселен, бүркіт пен сұңқарға азық болады деп дала қояны мен түлкіні алып келеміз. Оларды арнайы жылжымалы қора-жайларға салып, тамағын беріп, жағдайын жасауға міндеттіміз. Алайда бізде ондай мүмкіндік жоқ, сол себепті аңдарды ұстап әкеліп, қораға қамап тастаймыз. Дала қояндары шыдамай өліп кетеді. Сосын амал қалмағасын үй қояндарын жіберуге тура келеді. Үй қояны қашпайды, өте қорқақ. Бұл – өз кезегінде құсбегіліктің қызығын қашыратын факторлардың бірі».
Үй қояндарының қашпай, бір орында тұрып алуы бүркіттің абдырауына жол ашады. Ол аңды дұрыс бүре алмай қалады. Ал бұл сәтті ұтымды пайдаланған шетелдіктер құсбегіліктің түп төркіні жатқан Қазақстандағы жағдай осындай деп күлкі қылып, ғаламторға шығарып жіберген кездері де болған.
«Құсбегілік – нағыз спорт. Басқа спорт түрлерінен басты артықшылығы – табиғатқа етене жақын болатындығында. Құсбегі атану үшін футбол жанкүйерінен де артық фанат болуға тиіссің. Ата-бабамыздан қалған төл мұраға таңба түсірмеуді қазір ойлағанымыз да кеш. Құсбегілік Алматыдан өзге, Орталық, Шығыс Қазақстан облыстарында қанат жайып келеді. Жақында Атырауға үйретілген құстарды жібердік. Еліміздегі бүркітшілік саласында тындырылған істер аз. Өзім де құр сөзден үй тұрғызатын адам емеспін. Аграрлық университеттің аңшылықтану факультетін бітірдім. Енді оқырманды құсбегіліктің қыр-сырына қанықтыратын кітап жазып шығамын».