Қазақстанның биылғы спорт саласындағы жетістіктері

Рас, 2015 жылы әлемдік экономиканы шайқалтқан дағдарыстың кезекті толқыны етек алып, елді есеңгіретіп тастады. Шикізат пен мұнай бағасы күрт құлдырап, ішкі және сыртқы нарықтағы жағдай күрделене түсті. Алайда, тарих табалдырығынан аттағалы тұрған Жаңа 2016 жылды қарсы алу қарсаңында ескі жылдағы жетістіктерімізді де саралап өткеніміз дұрыс болар. Себебі, еліміз экономика, мәдениет, саясат, спорт сынды салаларда бірқатар алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өз бағдарын айшықтай түскені белгілі. Соның ішінде, спорт саласында қазақстандықтардың төбесін көкке жеткізген жеңістер де көп болды. Ендеше, BNews.kz агенттігі ел спортшыларының 2015 жылғы жетістіктерін екшеп, назарларыңызға ұсынып отыр.

Сөз жоқ, жылдың спорт саласындағы жетістіктері жайында сөз қозғағанда ең алдымен «Астана» футбол клубының жеңістері ойға оралады. «Астана» ФК Чемпиондар лигасы аясындағы іріктеу кезеңінде Словенияның «Марибор» командасымен ойнап, сырт алаңда 0:1 есебімен жеңілген болса, есесіне, «Астана Арена» стадионында өткен ойында словениялықтарды 3:1 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша, клуб турнирдің үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Елордалық команданың кезекті қарсыласы финляндиялық «ХИК» клубы болды. Сырт алаңда «Астананың» «ХИК» командасымен тең ойнап, одан кейін 4:3 есебімен жеңуі ел тұрғындарының қазақстандық футболға қызығушылығын арттыра түсті. Оны осы ойынды тамашалауға «Астана Арена» стадионына жиналған спортсүйер қауымның қарасынан да байқауға болды.

Сонымен, Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде елордалық футболшылар Кипрдің «АПОЭЛ» командасымен кездесті. Екі команда арасындағы кезекті қос ойынның соңғы нәтижесі бойынша «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Міне, дәл осы сәт Қазақстан футболының тарихына енді. «Астана» футболшылары Лига аясындағы әр ойын сайын халықты таңғалдырып, «қазақ футболы дамымаған», «қазақтар жеңіледі», «біздікілер ойнай алмайды» деп күңкілдейтін талайдың көмейіне құм құйды.

Монакода Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің 2015/16 маусымының жеребесі тартылып, оның қорытындысы бойынша елордалық команданың алдағы үш қарсыласы анықталды. Осылайша, «Астана» командасы топтық кезеңде «Бенфика», «Атлетико», «Галатасарай» командаларымен ойнайтыны белгілі болды.

Әйтсе де, топтық кезең аясындағы астаналықтардың алғашқы ойыны сәтті болмады. Сырт алаңда «Бенфикамен» кездескен елордалық команда өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Айта кету керек, «Бенфика» Чемпиондар Лиасының «С» тобында ұпай санымен көш бастап тұрған еді. Одан кейінгі ойын өз алаңымызда ыстамбұлдық «Галатасараймен» өтіп, матч 2:2 көрсеткішімен аяқталды. Ал, «Астана» мен мадридтік «Атлетико» арасындағы сырт алаңдағы ойын біздің отандастарымыз үшін Чемпиондар Лигасы аясындағы ең ірі жеңіліс болды. Мадридтік команда қарсыластың қақпасына төрт гол салды, ал «Астана» қақпаны бір рет те дәл көздей алмады. Қазақстандық команданы осылай ойсырата жеңіп, елорданың бас стадионына асқан сенімділікпен келген «Атлетико» тағы бір жеңістен дәмелі болғаны анық. Алайда, бұл жолы астаналық аяқдоп шеберлері намысқа тырысып, ойында есеп ашылған жоқ.

«Астананың» бастапқы кездегі қарқыны басылған соң қазақстандықтардың үмітінен күдігі көбейді. Мұны «Астана» – «Бенфика» арасында қарашада өткен ойынға «Астана Арена» стадионына келген жанкүйерлердің азайып қалғанынан байқауға болады. Әйтсе де, аталған ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.

Желтоқсан айының басында «Галатасарай» командасымен тартысты матч өтті. Алайда, елордалықтар жеңуге қанша тырысқанмен, ойын 1:1 есебімен аяқталды. Бұл матч түріктерге Еуропа Лигасына жолдама алып берді, ал «Астана» командасы еурокубок аясындағы ойындарды тәмамдады.

Міне, «Астана» ФК осы жылы жұрт назарын өзіне аударып, ала доптың арқасында «Қазақстан» мен «Астананы» Еуропаға таныта түсті. Не дегенмен, бұл «Астана» үшін нағыз сыналған әрі шыңдалған жыл болды. Ендеше, қазақстандықтар «Астана» клубынан келер жылы да үлкен жеңістер күтіп отырғаны хақ.

Ия, айтпақшы, дәл осы «Астана» ФК Қазақстан Чемпионы атанды. Ал Қазақстан кубогын алматылық «Қайрат» командасы жеңіп алған болатын.

Спорт саласында Қазақстанды әлемге танытқан кезекті оқиға – бұл Геннадий Головкиннің жекпе-жектері. 2015 жылы ақпанның 21-нен 22-не қараған түні Монте-Карлода өткен жекпе-жекте Г.Головкин британдық қарсыласы Мартин Мюррейді 11-раундта техникалық нокаутқа жіберіп, тағы да WBA супер біріншілігіндегі титулдары мен WBC уақытша чемпионы атағын қорғап қалды. Орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін британдық кәсіпқой боксшы және уақытша әлем чемпионы Мартин Мюрреймен өткен кездесуде Головкин ұтымды тактика көрсете білді. Жекпе-жек төрешілердің шешімімен 11-раундта тоқтатылып, жеңіс отандасымызға бұйырды. Айта кету керек, Геннадий Головкин кейбір боксшылар секілді жекпе-жек алдында көсіліп сөйлеуден, құр мақтанудан аулақ. Ол мамыр айында өтетін жекпе-жек алдында жүргізілген сұхбаттардың бірінде «шоу көрсетемін» деп сөз берген еді, сөзінде тұрды. Соның дәлелі – АҚШ-тың Калифорния штаты, Инглвуд қаласындағы «Форум» стадионында WBA (Super) және WBC (Interim) тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, 33 жастағы Геннадий Головкин мен 28 жастағы америкалық боксшы кіші Вилли Монро арасында жекпе-жек. Головкин қарсыласын алтыншы раундта нокаутқа жіберіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.

Бұл қазақстандық боксшының кәсіби шаршы алаңдағы 33-ші жеңісі және 30-шы нокауты болатын. Айта кету керек, Головкин – Монро жекпе-жегіне 12600 көрермен жиналды.

Осы жылды Г.Головкин қазан айында Давид Лемьемен өткізген жекпе-жекпен, анығырақ айтсақ, 34-ші жеңісімен аяқтады. Нью-Йорктің Madison Square Garden WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин шаршы алаңда Халықаралық бокс федерациясы белбеуінің иегері канадалық Давид Лемьемен қолғап түйістіріп, қарсыласын 8-раундта ұтты. Қос мықтының жекпе-жегі өте тартысты басталды, жерлесіміз алғашқы минуттардан-ақ белсенді шабуылға кірісті. Бесінші раундта Головкин Лемьені нокдаунға жіберді. Жетінші раундта отандасымыздың жойқын соққыларынан канадалықтың тұмсығы бұзылып, жекпе-жек уақытша тоқтатылды. Дегенмен дәрігердің көмегінен кейін кездесу өз жалғасын тапқан болатын. Алайда Геннадий сегізінші раундта қарсыласын әбден есеңгіретіп жібергені соншалық, төреші ұрысты мерзімінен бұрын тоқтатуға шешім қабылдады. Осылайша Геннадий Головкин барша қазақстандықтың үмітін ақтап, кезекті рет жеңіс тұғырынан көрінді.

Осы жылы Қазақстан туы ауыр атлетика саласында да көкте желбіреді. Қазақстандық зілтемірші Александр Зайчиков Хьюстонда өткен әлем чемпионатында 105 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленді. Қоссайыс нәтижесінде 23 жастағы жерлесіміз 421 келіні (186+225) еңсерген болатын. Осылайша жазғы Олимпиада оындарына жолдама алған қазақстандық спортшылар саны арта түсті. Сонымен қатар, екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Грозныйда өткен РФ Президенті Кубогында алтыннан алқа тақты, ал Александр Зайчиков күміс жүлдені иеленді. 105 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандастарымыз ірі есеппен алға шығып, қарсыластарын шаң қаптырды. Ильин серпе көтеру сайысын 191, ал Зайчиков 190 келімен тәмамдады. Жұлқа көтеруде Ильин 246 келі зілтемірді көтеріп, осыдан тап бір жыл бұрын Алматы қаласындағы Әлем біріншілігінде өзі орнатқан рекордты (242 келі) қайта жаңартты, ал Зайчиков 226 келімен екінші орынға тұрақтады. Сонымен, жалпы есепте 437 (191+246) ұпай олжалаған Илья Ильин қарсыластарынан оқ бойы озып шығып, тұғыр биігіне көтерілді, күміс жүлде екі сайыстың қорытындысында 416 (190+226) келіні көтерген Александр Зайчиковте. Ал үшінші орын 411 (186+225) ұпай жинаған ресейлік Тимур Наниевке бұйырды.

Сонымен қатар, еліміз осы жылы тұңғыш рет дзюдодан әлем чемпионатын қабылдады. Астанада өткен біріншілікке әлемнің 137 елінен келген 823 спортшы қатысты. ӘМ қорытындысы бойынша 60 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Елдос Сметов «алтын» медаль жеңіп алды. Ақтық сында тағы бір отандасымыз Рустам Ыбраевпен кездескен Елдос Сметов қарсыласынан басым түсті.

Алматының Бейжің шаһарымен 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығына таласуын да спорт саласындағы маңызды шаралардың біріне жатқызуға болады. Куала-Лумпурде өткен Халықаралық олимпиада комитетінің 128 сессиясында Олимпиада ойындарының астанасын комитеттің 85 делегаты таңдады. Нәтижесінде, Бейжің қаласының кандидатурасын қолдаған дауыстар саны 44 болса, Алматыны жақтаған дауыстар саны 40-ты құраған, 1 делегат дауыс беруден қалыс қалған.

Әрине, спорт саласындағы жетістіктеріміз мұнымен бітпейді. Біз солардың ең негізгісіне тоқталып өтуге тырыстық. Ал, осы шаралар аясында ойыңызға еліміздің жеңістері оралса, онда бұл биылғы жылдың табысты аяқталып жатқаны деп білерсіз.
 bnews.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста