Кеше Эверестке аттанып, екі шыңды бағындырмақ болған Қазақстан құрамасының альпинистері туған елге оралды.
Дәлірек айтқанда, кеше таң біліне Мақсұт Жұмаев, Василий Пивцов, Артём Скопин, Николай Гутник және Дмитрий Греков сынды мұзбалақ альпинистер Алматыға ұшып келді. Туған елге оралмаған – тек Қазақстан құрамасының бапкері Эрванд Ильинский. Ол әзірше жол үстінде, дәлірек айтқанда, Катманду қаласында. Бапкер Лхотце шыңының басында қайтыс болған альпинисіміз Сергей Самойловты уақытша жерлеу мәселесімен әлі Непал елінде жүр. Қалған альпинистеріміз шағын топқа бөлініп, бұған дейін ұшып келген.
Эверестен келген Қазақстан құрамасының капитаны Мақсұт Жұмаев әзірше Сергей Самойловтың қазасы жайлы ешқандай мәлімдеме жасай алмайтындығын қинала жеткізді. «Дәл қазір тіс жарып, ештеңе айта алмаймын. Құрама бапкері Эрванд Ильинский келген соң арнайы баспасөз мәжілісін өткізіп, сонда бәрін егжей-тегжейлі айтамыз. Солай келіскенбіз», – деді мұңайып, кеше хабарласқанымызда.
Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, Қазақстан құрамасының бұл жолғы жорықтары шектен тыс ауыр болған. Ауа райының қолайсыздығы әртүрлі қиындықтар туғызған. Қар қалың түсіп, күннің суықтығы – 45-50 градусқа дейін төмендеген. Қалың жауған қар үстімен аяқ алып жүрудің өзі қиынға соққан. Қар көшкіні бірнеше рет жолдарын басып қалып, өздеріне де қауіп төндірген. Команда сапындағы достарының екеуі өкпелері қабынып, ауырып қалған. Суық тиіп, ауырып қалу мен бет-ауызды немесе аяқ-қолды үсітіп алу жиілеген. Осылайша Лхотце шыңына шығатын команда сапы селдірей берген. Шыңның ұшар басына өрмелейтін ең жауапты сәтте сегіз адам орындайтын жұмысты үш-ақ альпинист атқарып, жүктеме ауырлаған.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан құрамасы 7800 метр биіктікке дейін бәрі бірге шығып, одан әрі екіге бөлінулері керек болған-ды. Яғни бір топ – Лхотцені бетке алып, екінші топ Эверестке өрмелеуі керек-ті. Өкінішке қарай, биіктігі 8848 метрлік Эверест шыңына шығуы тиіс екінші топ осы қиындықтарға төтеп бере алмаған. Олардың сапында да суық тиіп, ауырып қалған спортшылар көп болған. Тіпті Лхотцеге шығуы тиіс бірінші топтың альпинистері Эверестке өрмелеген екінші топтың спортшыларын төмендегі қостарға түсіруге (тасмалдауға) мәжбүр болған. Кейбіреуін тіпті госпитальға жеткізуге тура келген.
Бұл орайда құрама капитаны Мақсұт Жұмаев: «Әу баста екінші топтағы серіктеріміздің көмегіне жүгінеміз ғой деп ойлағанбыз. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Біз екінші топқа көмектесумен болдық. Сол себепті екінші топ жорықтарын бізден бұрын аяқтап, елге қайта бастады. Өкінішке қарай, біздің де жолымыз болмады. Діттеген жерімізге жете алмадық. Сапарымыз ауыр әрі қиын болды. Өте қиын болды», – деп қынжылды.
Енді туған елге аман-есен жеткен спортшыларымыздың бәрі бірінші кезекте дәрігерлік тексерістен өтпек. Емханаға барып қаралып, ағзаларын толықтай тексертпек. Содан кейінгі ойлары – күзде Эверестке қайта барып, Сергей Самойловтың денесін Алматыға әкеліп, туған жерге жерлеу. Қазір бақилық болған абзал достарының денесін шыңнан төмен түсіру мүмкін емес.
Осы жолғы орындалмаған мақсаттарын жүзеге асырып, биіктіктері 8000 метрден асатын әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындыру мақсатындағы жобаны аяғына дейін жеткізу – алдағы күндердің еншісіндегі іс, әрине. Денсаулық болса, қаражат табылса, Лхотце мен Эверест қашпас. Қазақстан құрамасының осы екі шыңды бағындыру үшін қайтадан қашан жорыққа шығатыны мүлде белгісіз. Өйткені бұл оңай шешіле салатын шаруа емес. Ол үшін демеуші керек.
Мақсұт Жұмаев денсаулығын қалыпқа келтіріп алған соң, Пәкістанға барып, биіктігі 8611 метр К-2 шыңын бағындыруға талпынып көруді теріс көрмейтіндігін жасырмады. «Жаз айлары – К-2 шыңына шығатын маусым. Мүмкіндік болса, осы шыңның ұшар басына шықпақ ойым бар», – деді мұзбалақ қазақ альпинисі кеше сөйлескенімізде.
Ал Эверест шыңының төсінде қайтыс болған Сергей Самойловтың туыстары, достары және қызмет орны (Алматы қалалық құтқару қызметі) марқұмды еске алып, бірнеше рет ас (түстік) берді. Тоғыз күндігін де атап өтті. Туыстары марқұмның қайтыс болғанын анасына айта алмай, екі күн жасырып жүріпті...
Қазақстан альпинистері Эверестен қайтып келді
Последние статьи автора