Қазақ жеріндегі алғашқы велобәйге
Ертең Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ірі халықаралық турнир өтеді. «Алматы туры» атауына ие болған бұл жарысқа әлемнің 16 елінен 20 команда қатысады. Жүлде қоры 39 900 евроны құрамақ.
Иә, қазақ жері соңғы кездері спорттан көптеген ірі халықаралық додаларды өз жерінде өткізуде. Конькимен жүгіруден және шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем кубоктарының кезеңдерін қабылдап жатырмыз. Волейболдан Гран-при додасының кезеңдерін өткізіп жүрміз. Дзюдо додаларын да еліміздің спортсүйер қауымы теледидардан емес, өз көздерімен тамашалап жүр. Бірер күннен кейін бокстан әлем біріншілігінің де куәсі боламыз. Әлбетте, еліміздің имиджі үшін бұл додалардың қай-қайсысының да маңызы зор. Дегенмен, асыра сілтегендігіміз емес, имидж тұрғысынан келер болсақ, велотурнирдің орны әрдайым ерекше. Оның үстіне «Алматы турының» соңғы бір сағатын «Евроспорт» телеарнасының өзі тікелей эфир арқылы көпшілікке ұсынатынын ескерсек, осы уақыт аралығында оңтүстік астанамыздың барлық әсем жерлері мен көркем ғимараттарын әлемге танытуға керемет мүмкіндік туады деген сөз. Осы орайда айта кетейік, әу баста «Алматы турын» өткізудің бес маршруты жасалған екен. Ақыры сараптай келе таңдау Әл-Фараби даңғылына түсіпті. Тағы да сол имидж жайлы айтар болсақ, таңдау бекер Әл-Фараби даңғылына түспесе керек. Біріншіден, бұл көше қаланың жоғарғы бөлігінде орналасқан. Айналасы алып та, заманауи ғимараттарға толы. Қазақстандағы ең биік бизнес орталық та осы даңғылдың бойында. Батыстан шығысқа бет алған кезде велошабандоздар әсем Көктөбемізді көре алады. Енді ойлай беріңіз, осы кереметтердің барлығын тікелей эфирден миллиондаған көрермендер көріп, қаламызға тамсана қарайтын болады. Сондай-ақ өздеріңіз де білесіздер, велотурнирдің телекөрсетілімі кезінде тек шабандоздардың жарысын ғана емес, сол жарыс өтіп жатқан қаланың төбеден түсіргендегі келбетін де көрсетіп жатады. Міне, егер оңтүстік астанамыздағы жарыста телекөрсетілім ойдағыдай деңгейде болса, миллиондаған көрермендер тек Көктөбе мен Әл-Фараби даңғылының бойындағы әсем ғимараттарды ғана емес, Алматының барлық ғажайыбын тамашалайтын болады.
Иә, ендеше, еліміздің қандай қарқынмен дамып жатқанын әлемге көрсету үшін осындай велотурнирлердің қаншалықты қажет екенін түсініп отырған боларсыздар. Ал қалаға жарнама жасау жөнінен спорт түрлерінің ішінде велосжарыстың алдына жан салмайтынын жақсы білеміз.
– Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік жағдайымен жақсы таныспыз. Спорттың басқа түрлерінде көптеген ірі додаларды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүр. Жарыстың маршрутымен танысып шықтым. Спринтерлерге де, командалық жарыстың шеберлеріне де ыңғайлы. Сондықтан «Алматы туры» ойдағыдай ұйымдастырылып, Қазақстан әлемге жаңа қырынан танылады деп сенемін. Ал болашақта турнир біркүндік емес, көпкүндік деңгейге жетіп, Про-тур жарысы мәртебесіне ие болады деп үміттенемін, – деді турнир алдында осы жайлы өз ойын білдірген UCI сарапшысы Джэк Ватсон. Сондай-ақ Халықаралық велосипедшілер одағынан қонаққа келген Ватсон мырза турнирдің жүлде қоры қомақты болғанына да көңілі толатынын атап өтті:
– «Алматы туры» бірінші рет ұйымдастырылып жатыр, бірақ соған қарамастан, мықты командалардың қатысуға ниет білдіргендерін көріп таңғалып отырмын. Бұл Қазақстанның халықаралық аренада қаншалықты беделді екенін көрсетсе керек. Әйтпесе 16 елдің үздіктерін шақыру оңай емес екенін білемін. Жүлде қорының да қомақты болғаны көңіл қуантады. Жеңімпазды 15 мың, екінші орын иегерін 10 мың, қола жүлдегерді 5 мың евро сыйақы күтіп тұрғанын білемін. Тіпті жиырмасыншы орынға да сыйақы бар. Ендеше, ертең естен кетпес жарыстың куәсі боламыз деп ойлаймын.
«Алматы туры» жайлы жалпы, жарыстың болашағы жайлы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин мен Қазақстан велоспорт федерациясының бас директоры Александр Антышевтің де пікірін білген едік. Алғашқысынан дүбірлі доданың келесі жылдардағы маршруты туралы сұрадық. Өйткені, несін жасырайық, жарыстың Әл-Фараби даңғылын алты рет айнала бергенше, бүкіл қаланы бір-ақ айналып шыққанын қалайтын тек бір ғана біз емес.
– Өздеріңіз білесіздер, қазір Алматы қаласында Шығыс айналма жолдары, Батыс айналма жолдары жасалып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта бұл идеяны жүзеге асыруға мүмкіндігіміз бар. Көрерміз, бәлкім, болашақта «Алматы турының» маршруты жаңаша жасалып, велошабандоздар оңтүстік астанамызды түгелдей айналып шығатын болар. Әзірге осы турнирді ұйымдастырып алайық. Барлығы да осындай жарыстардан басталады, – деді Юрий Викторович.
Ал велофедерациямыздың бас директоры Александр Леонидовичтен «Қазақ жерінде біркүндік емес, көпкүндік турнир ұйымдастыруға болмас па екен?» деп сұрадық. «Ондай да мүмкіндік бар. Батыс Қытай мен Шығыс Еуропаны жалғауы тиіс автобан жобасы 2017 жылы аяқталуы керек. Егер шындап қолға алынса, «Тур де Франс» сынды турнирлерді қазақ жерінде де өткізуге болады» – деді. Бұл сауалымыз да жауапсыз қалмады. Антышев мырза болашақта бұл жоба да жүзеге асуы мүмкін екендігін айтты. Оған жағдайымыз жетеді. Жол салынуда, табиғатымыз қонақтардың таңдайын қақтырады. Тек ұйымдастыру жағынан тәжірибе жинап алсақ болғаны. Ендеше, «Алматы туры» қазақ жеріндегі әлемдік веложарыстардың бастамасы болады деп сенеміз.