Облыстардың жазғы Олимпиададағы үлесі қандай?

Облыстардың жазғы Олимпиададағы үлесі қандай?

Осыдан төрт жыл бұрын Лондон Олимпиадасында жарқын жеңістерімен қуантқан Қазақстан спортшылары биыл Рио-де-Жанейро олимпиадасында бақ сынайды. Бүгінде спортшыларымыз Олимпиада ойындарының 47 жолдамасына ие болды. Жолдамалар маусым айының басына дейін сарапқа салынатынын ескерсек, спортшыларымыз жолдама саны жүзге жеткізіп қалуы ықтимал.

Жалпы Қазақстан спортшылары жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келеді. Содан бергі 5 бірдей Олимпиадада біздің спортшылар 52 медальді қоржындарына салыпты. Оның 16-сы алтын, 17-сі күміс, 19-ы қола медаль.
Біз бүгін оқырмандар назарына Олимпиада ойындарынан жеңіп алған 52 медальдің қай аймақтарға тиесілі екенін ұсынбақпыз.


Атланта-1996
3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль:
Алматы облысы – 2 алтын медаль, 1 қола медаль;
Қарағанды облысы – 1 алтын медаль;
Алматы қаласы – 2 күміс, 2 қола медаль;
Жамбыл облысы – 1 күміс, 1 қола медаль;
Ақмола облысы – 1 күміс медаль;
АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары тұңғыш рет қатысты. Әлемнің 200-ге тарта елінің спортшылары бақ сынаған жарыста еліміздің спортшылары 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте 24-орынға ие болды. Бұл Тәуелсіздігін жаңадан алған ел үшін үлкен табыс екені сөзсіз. Олимпиада чемпионы деген атаққа Юрий Мельниченко (грек-рим күресі), Василий Жиров (бокс), Александр Парыгин (бессайыс) сынды спортшыларымыз қол жеткізсе, күміс жүлдені Болат Жұмаділов (бокс), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика) және Сергей Беляев (нысана көздеу, 2 күміс) ұтып алды. Қола жүлдені қанағат тұтқан спортшылар арасында Мәулен Мамыров (еркін күрес), Ермахан Ибрайымов (бокс), Болат Ниязымбетов (бокс) және Владимир Вохмянин бар. Бұл спортшылардың есімдері Қазақстан спорт тарихында алтын әріппен жазылған.
Атланта олимпиадасында еліміздің қай аймағының спортшылары жүлде алды дегенге келсек, бұл ретте Алматы облысының аты озып тұр. Облыс өрендері елімізге 2 алтын, 1 қола медаль сыйлады. Одан кейін Алматы қаласының спортшыларын да айрықша атап өткен жөн. Алматылықтар ел қоржынын 2 күміс, 2 қола медальмен толтырды. Сондай-ақ, алғашқы Олимпиадада Қарағанды облысының тумасы, боксшы Василий Жиров та алтын медальмен ел мерейін үстем етті. Мұнымен қоса, Жиров ең үздік боксшыға берілетін «Баркер» кубогын да қанжығасына байлады. Ал, әлемнің бес дүркін чемпионы, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, марқұм Анатолий Храпатый Атлантаға Ақмола облысынан барып, күміс медальмен қайтты. Қарап отырсақ, Қазақстанның тұңғыш Олимпиадасында 5 аймақтың спортшылары медаль алған екен.
Сидней-2000
3 алтын, 4 күміс медаль
ОҚО – 1 алтын, 1 күміс медаль;
Алматы қаласы – 1 алтын медаль;
Ақтөбе облысы – 1 алтын медаль;
Жамбыл облысы – 2 күміс медаль;
СҚО – 1 күміс медаль;


Ермахан

Австралия төрінде өткен Олимпиада ойындары Қазақ спорты тарихында ең табысты Олимпиадалардың бірі саналады. Әрине, бұл жерде Лондондағыдай табысты бола қойған жоқпыз. Бірақ, Ермахан Ибрайымов, марқұм Бекзат Саттарханов сынды ұлтымызды ұландары тұңғыш рет Олимп шығына ту тігіп, қазақ халқын бүкіл әлемге паш етті. Бұлардың қатарына кілең «қара маржандардың» арасынан суырылып шыққан желаяқ Ольга Шишигинаның жеңісін қосыңыз.
Атланта олимпиадасы кезінде 2 бірдей Олимпиада чемпионын шығарған Алматы облысы бұл жолы медальсіз қалды. Есесіне, Оңтүстік Қазақстан облысы ерледі. Нақтырақ айтсақ, боксшылар Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдәбеков ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс медаль салды. Осы Ойындарда аймақтар бойынша озып шыққан да Оңтүстік Қазақстан облысы болды. 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде алдына жан салмаған Ольга Шишигина саф алтынын Алматыға алып келді. Ал, 1996 жылы Алматы қаласының атынан қатысқан боксшы Ермахан Ибрайымов бұл жолы Ақтөбенің атынан шығып, алтын медальдің иегері атанды. Жалпы, Ермахан Ибрайымовты Жамбыл облысының тумасы екенін білеміз. Содан да болар, көптеген деректерде Ермаханның Олимпиада ойындарына Жамбыл облысының атынан шыққаны айтылған. Бірақ, мүлде олай емес. Даңқты боксшы «Қазақ спорты» газетіне берген сұхбатында осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді. – Жамбыл облысының тумасы екенімді баршаңыз білетін шығар деп ойлаймын. Бірақ, Жамбыл облысында дүниеге келсем де, екі Олимпиадаға да туған жерімнің атынан қатыса алмадым. Мәселен, 1996 жылғы Атлантада Алматы қаласының атынан шықтым. Оның да себебі бар. Мен 1987 жылы Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернатына оқуға түстім. Кейіннен Алматының «Динамо» спорттық қоғамына кірдім. Осылайша, Олимпиада кезінде Алматы қаласының атынан сынға түсуге тура келді. Ал, Сидней олимпиадасы қарсаңында мені Ақтөбе облысының атынан сынға түсуге шақырды. Мен келісімімді бердім. Сиднейден оралған кезде Ақтөбе облысының әкімдігі маған бес бөлмелік үй берді. Темір тұлпардың кілтін табыстады. Бұдан да басқа марапаттарға ие болдым. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мені Олимпиадаға Жамбыл облысынан қатысты деп жазып жатады. Бәлкім ол да дұрыс шығар. Бірақ, нақты дерек үшін Алматы және Ақтөбе облысы деп жазылғаны дұрыс. Қалай болғанда да, екі аймақтың басшылары маған сол кезде қолдау білдіріп, сый-құрмет көрсетті ғой. Ертеңгі күні «Жамбыл облысының атынан шықтым» деп жатсам, кезінде маған көмектескен жандардың жақсылығын түсінбеген болып шығамын, — деді Е.Ибрайымов.
Афины-2004
1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль
Жамбыл облысы – 1 алтын медаль;
Алматы облысы – 2 күміс медаль;
Қарағанды облысы – 1 күміс, 2 қола медаль;
ОҚО – 1 күміс медаль;
Алматы қаласы – 1 қола медаль;


Бақтияр Артаева

Афиныда өткен Олимпиада ойындарында еліміздің бес аймағының спортшылары жүлде алды. Олардың ішінде Жамбыл облысының тумасы Бақтияр Артаев бар. Шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмеген Артаев Олимпиададағы жалғыз алтынды қоржынымызға салды. Қарағанды облысының спортшылары бұл жолы үш медаль әкелді. Сиднейде жүлдесіз қайтқан Алматы облысының спортшыларына Афиныдан екі күміс бұйырды. Сондай-ақ, жүлде алған аймақтардың арасында Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы бар. Ал, Атланта мен Сиднейде жүлде әперген Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының спортшылары бұл жолы үлес қоспады.
Бейжің-2008
2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль
Алматы қаласы – 1 алтын, 1 қола медаль;
Қызылорда облысы – 1 алтын медаль;
ОҚО – 1 күміс, 2 қола медаль;
Ақмола облысы – 1 күміс, 1 қола медаль;
Астана қаласы – 1 күміс медаль;
БҚО – 1 күміс медаль;
Алматы облысы – 1 қола медаль;
Атырау облысы – 1 қола медаль;
Маңғыстау облысы – 1 қола медаль;
Қазақстан спортшылары қатысқан алғашқы үш Олимпиадада жүлде алғандардың негізі бес облыстан болып еді. Бейжіңде бұл көрсеткіш едәуір өсіп, тоғызға жетті. Мәселен, 1996 жылғы Олимпададан бері құралақан қайтып жүрген Астана қаласы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының спортшылары Бейжіңде бір медальдан алды. Бұл әрине, аймақ спортының сәл де болса, өскенін байқатады. Дегенмен, қатарынан үш бірдей Олимпиадада жүлде алған Жамбыл облысының спортшылары Қытай астанасынан бос қайтты. Қарағанды облысынан да бірде-бір спортшы медальға ие бола алмады. Бұл сында медаль алу жағынан Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары басқалардан озық шықты. Олардың еншісінде 1 күміс, 2 қола медаль бар. Одан кейінгі сатыда Алматы қаласы мен Ақмола облысы тұр – 2 медаль. Айта кетерлігі, Ақмола облысының спортшылары араға екі Олимпиада салып, жүлде алған аймақтардың қатарына қайта қосылды.
Лондон-2012
Алматы облысы – 3 алтын медаль;
Қарағанды облысы – 1 алтын медаль;
СҚО – 1 алтын медаль;
Қызылорда облысы – 1 алтын медаль;
ШҚО – 1 алтын медаль;
Маңғыстау облысы – 1 күміс медаль;
Жамбыл облысы – 1 қола медаль;
Алматы қаласы – 1 қола медаль;
Астана қаласы – 1 қола медаль:
Қостанай облысы – 1 қола медаль;
БҚО – 1 қола медаль;


Илья Ильин

Қазақстанның спорт тарихында ең жемісті болған Лондон олимпиадасында аймақтардың көрсеткіші де өскенін байқауға болады. Бейжіңде Олимпиада жүлдесі еліміздің тоғыз аймағына таралса, бұл жолы медаль сыңғырын 11 аймақтың халқы естіді. Бұл ретте Шығыс Қазақстан, Қостанай сияқты облыстарды ерекше атап өтуге болады. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ольга Рыпакова 2008 жылы төртінші орыннан көрініп еді. Бұл жолы алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар, Қостанай облысына алғашқы Олимпиада медалін боксшы Иван Дычко тарту етті. Ең көп жүлде алған аймақтарға келсек, Алматы облысы 3 алтын медальмен өзгелерден оқ бойы озық шықты. Қалған 10 медаль еліміздің он аймағына жол тартты.
Түйін: Елбасымыз Лондон олимпиадасынан кейін спортшылармен кездескен бір жиында «әр облыс бір-бір Олимпиада чемпионын шығаруы керек» деп айтқан еді. Расымен де, қазіргі таңда аймақ спортын дамытпай, спортымыз өркендемейтіні белгілі. Өкінішке қарай, қазіргі күні кейбір облыстарда спорттың дамуы ақсап жатыр. Мәселен, Павлодар облысы еліміз Тәуелсіздік алғалы бері бірде-бір Олимпиада жүлдегерін тәрбиелеп шығармапты. Сонымен қатар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында да жағдай мәз емес. Солтүстік Қазақстанды Олимпиада ойындарында Александр Винокуровтың сүйрегені белгілі. Ал Атырау облысын 2008 жылы Арман Шылманов танытты. Дегенмен, екі спортшы да бүгінгі таңда үлкен спортпен қош айтысқан. Шылманов Бейжің олимпиадасынан кейін спорттан түбегейлі кетті. Лондон олимпиадасында Шылмановтың орнын басқан бір спортшы шықпады. Сондай-ақ, Александр Винокуров та бүгінде спорттық мансабына нүкте қойған. Енді оның орнын кім басады? Ойландыратын жағдай. Соңғы Олимпиада кезінде Оңтүстік Қазақстан облысынан бірде-бір Олимпиада жүлдегері шықпаған екен. Миллионнан астам халық тұратын өңір. Оны да қаперде ұстауға тиіспіз. Атланта мен Сидней олимпиадасында қос-қостан медаль ұстатқан Жамбыл облысының да нәтижесі соңғы кездері мәз емес. Сырттан легионер сатып алып, жарысқа қосу оңай. Бірақ, ол аймақ спортының дамуына өлшем бола алмайды. Сондықтан, әр облыс өздігінен жұмыс істеп, өз спортшыларын дайындауы тиіс.

Төлеубек ӘДІЛБЕКҰЛЫ, «Қазақ спорты»


www.alaman.kz/77849/olympic-kazakhstan/

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста