Қазақ телевизиясына, оның ішінде спорт комментаторлығына 33 жыл ғұмырын арнаған Рабат Жәнібеков ағамыз жақында өзінің 67 жасын атап өтті. Осыған орай, майталман ағамызбен сұхбаттасуды жөн көргенбіз. Сөйтсек, Рабат ағамыздың бүгінгі спорттық комментарий жөнінде айтары көп болып шықты. Туған күн иесін құттықтаған соң, сөз кезегін Рабат ағаның өзіне берген едік.
– Қазақ телевизиясына 1972 жылы келіп, сонда 2003 жылға дейін еңбек еттім. Кеңес Одағы кезінде талай білікті мамандармен араласып, кейін біраз шәкірт тәрбиелеп шығардым. Олардың қатарында «Хабар» телеарнасындағы спорт бөлімінің редакторы Амангелді Сейітхан, «КТК» телеарнасының спорт журналисі Төлеген Жұмабеков бар. «Рахат» телеарнасында қызмет атқаратын Ақын Ордабайұлы да – өз шәкіртім. Сондай-ақ жақында ғана Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлдеге ие болған Телжан Күдеров те менің тәрбиемнен өткен. Қазір қарап отырсам, бұлардың барлығы да спорт журналистикасында өз орнын тапқан білікті мамандарға айналыпты.
– Рабат аға, қазақ тіліндегі спорт комментарийінің негізін қалаушылардың бірі ретінде бүгінгі спорт комментаторлығына өз көзқарасыңызды білдірсеңіз...
Кім тұңғыш?
— Бұл – Сұлтанғали Қаратаев екеуміздің арамыздағы шешілмеген мәселе. Шыны керек, қазақ тілінде спорттық репортаж жүргізуді, түсініктеме беруді менен бұрын Сұлтанғали бастаған. Бірақ ұзақ тұрақтай алған жоқ. Белгілі себептерге байланысты бір жарым жылдан кейін басшылар оның орнына мені тағайындады. 1974 жылы радио мен телеарнаның спортын қосты. Сөйтіп, қазақ тілінде репортаждарды Өмірзақ Жолымбетов екеуміз жүргізіп отырдық.
– Өкінішке қарай, соңғы кездері Амангелді Сейітханға комментаторлықты аз беріп жүр. Әйтпесе Амангелді – өз ісінің нағыз шебері. Қай кезде қалай сөйлеу керек екенін біледі. Соңғы кездері «Қазақстан» ұлттық арнасының спорттық репортаждарын жүргізіп жүрген Есей Жеңісұлында да ширақтық бар. Сондай-ақ Ақын Ордабайұлы да репортаждарды жақсы жүргізе алар еді.
– Жалпы, сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақтілді спорт комментаторларына не жетіспейді?
– Бізге комментаторларды дайындайтын мектеп ашу керек. Ол жоғарғы оқу орнында арнайы пән ретінде өтсе, тіптен жақсы. Сөйтіп, спортқа зейіні бар жастардың басын қосып, оларды комментаторлыққа баулу керек.
– Рабат аға, сіздердің кездеріңізде спорттық репортаждарды жүргізу оңай болған шығар. Өйткені комментаторларды сынайтын сіз сияқты ағалар көп болған жоқ қой...
– Керісінше, қайта біздің кезімізде қазақша репортаждар жүргізу қиын болды. Кейбір спорттық терминдердің қазақша баламаларын таппай қиналатынбыз. Бүгінде қолданыста жүрген көптеген терминдерді сол кезде біз ойлап тапқанбыз.
– Сіздердің кездеріңіздегі комментаторлық пен қазіргі кездегі комментаторлықты салыстырып көрсеңіз...
– Жалпы, өз басым бір комментатордың бірнеше спорт түрінен репортаж жүргізгеніне қарсымын. Мәселен, футбол ойынын аяқдопты жақсы меңгерген комментатор жүргізуі керек, бокс спортын бокске қызығушылығы бар комментаторға беру керек деп ойлаймын. Біздің кезімізде бізді бокске де, футболға да, қысқы спорт түрлеріне де тықпалай беретін. Сондықтан кейбір жағдайларда аздап қиналып қалатынбыз. Бірақ бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан сияқты.
Жалдамалы спортшылар туралы
— Жалдамалы спортшылар алу деген жаныма қатты батып жүр. Анау Хрусталеваның елімізге әперген бір күмісіне бәріміз қуанып жүрміз. Бірақ ол бұдан кейінгі жарыстарда, «Азаптанып қайтем?! Бесінші орын алсам жетпей ме? Чемпиондықтың қажеті не?» деп ойлауы мүмкін. Ол ақшасын, пәтерін, өзіне керегінің барлығын алды. Енді ол Ванкуверде көрсеткен нәтижесін қайта көрсете алмайды. Мен оған сенімдімін. Бұл – бұрыннан бар тәжірибе. Сондықтан жалдамалы спортшыларға қарсымын.
– Ал бұрынғы спортшыларды комментаторлыққа дайындаса, қалай болар екен?
– Бұл тәжірибе көптеген елдерде бар. Мәселен, алысқа бармай-ақ көрші Ресейді алайықшы. Футбол мен теннис спортын жүргізетін Николай Озеров жас кезінде теннисші болған, футболмен де айналысқан. Сол сияқты футболды жүргізетін Владимир Маслаченко 1950 жылдары Кеңес Одағының керемет қақпашыларының бірі болған. Біз де сол тәжірибеге сүйеніп, бұрынғы спортшыларды комментаторлыққа шақырсақ, ұтылмаймыз. Көбісі «Спортшылардың тіл байлығы аз» деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен талай спортшылармен араласып жүрмін. Қазақ тіліне ағып тұрған талай саңлақтарды білемін. Тек аздап тәжірибе жинаса, спортшылардың комментаторлықты меңгеріп кете алатынына сенімдімін. Осыдан біраз жыл бұрын «Олимпиада ойындарының жүлдегері Болат Жұмаділов «Хабар» телеарнасына спорттық комментатор болып қызметке тұрады екен» деген жаңалықты естігенде, кәдімгідей қуанып қалғанмын. Бірақ, өкінішке қарай, Болат ақыры комментаторлыққа келмеді.
— Әңгімеңізге рақмет!