Ильиннің рекорды Әлем чемпионатында қайталана ма?
Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының үш мәрте жеңімпазы, бірнеше әлемдік рекордтың иесі атанған Илья Ильин Инчхонда өтіп жатқан Азия ойындарына қатыспағаны белгілі. Төрт жылда бір келетін құрлықтық додаға барудан бас тартқан толағайымыздың көздегені басқа нәрсе. Ол – Алматыда өтетін әлем чемпионаты. Қараша айының екінші аптасында жалауын көтеретін бұл жарысқа әлемнің ең мықты деген зілтеміршілері қатысады.
Дәл қазір бізді мазалайтыны – Илья Ильин Алматыда өтетін додада топ жара ала ма деген сұрақ. Бұған дейін үш бірдей әлемдік сайысқа қатысып, үшеуінде де жеңімпаз атанған жерлесіміз Лондон олимпиадасынан кейін ешбір халықаралық жарысқа қатысқан жоқ. Былтыр Польшада өткен дүниежүзілік жарыста Алмас Өтешов пен Владимир Седовқа бапкер ретінде барған ол қарсыластарын сырттай бақылап қайтқан болатын. Енді міне, сыралғы қарсыластарымен иық тірестірер күн де алыс емес.
Жақында Илья Ильин жаттығу барысында жұлқи және серпи көтеруде рекорд жаңартқанын әлеуметтік желілер арқылы жалпақ жұртқа жария етті. Жұлқи көтеруде 205 келіні төбесінде ойнатқан отандасымыз серпи көтеруде 242 келіні оңай бағындырды. Бұл дегеніміз, қоссайыс қорытындысы бойынша Ильин 447 келіні көтерді деген сөз. Егер алдағы әлем біріншілігінде Ильин осы жетістігін қайталар болса, онда ол сөзсіз бас жүлдеге ие болар еді. Бірақ, жаттығуда көтерген салмақтың жөні бөлек. Көптеген спортшылар жаттығу кезінде көрсеткен нәтижелерін жарыс барысында қайталай алмай жатады. Сондықтан, дәл қазір Ильинге төртінші мәрте әлем чемпионы деген атақты ұстату әлі ертерек сияқты. Оның үстіне, Ильин алдағы әлем чемпионатында өзінің үйреншікті салмағы 94 келіде емес, 105 келіде бақ сынамақ. Бұл салмақ әзірге Ильин үшін бейтаныс болғанымен, соңғы жылдары өтіп жүрген әлемдік немесе құрлықтық жарыстардың нәтижесіне қарап-ақ, қауіптің қай жақтан келетінін алдын ала болжай беруге болады. Мәселен, былтыр Польшада өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған өзбекстандық Руслан Нуридинов Ильиннің басты қарсыластарының бірі. Яғни, өзбек ауыр атлеті Алматыға өзінің атағын қорғау үшін келеді. Жалпы соңғы жылдары Нуридиновтің бабы жаман емес. Бұрын бұл спортшы Илья Ильинмен бірге 94 келі салмақта болды. Бірақ, өндіріп ештеңе бітірген жоқ. Сондықтан болар, Лондон олимпиадасында ол 105 келі салмаққа ауысып, бірден төртінші орынға табан тіреді. Ал былтыр Польшада бүкіл өзбек ұлтының атын шығарып, әлем чемпионы деген атақпен оралды. Ресей, Беларусь, Иран алыптарымен иық тірестірген өзбек жігіті жұлқи көтеруде 190 келіні бағындырса, серпи көтеруде 235 келіні ырқына көндірді. Егер Ильиннің соңғы халықаралық жарыстағы нәтижесін алсақ, отандасымыз Лондон олимпиадасында 418 келіні (185+233) көтеріп, Олимпиада чемпионы атанған-ды. Бірақ, ол кезде Ильин 94 келіде болатын. Ал, осыдан бірер ай Анатолий Храпатыйды еске түсіруге арналған турнирде ол 105 келіден жоғары салмақта жарыс жолына шығып, 424 (185+239) ұпаймен екінші орынды қанағат тұтты. Дегенмен, бұл жерде бір айта кетерлігі, Ильин екінші жаттығу барысында тек бір ғана мүмкіндігін пайдаланды. Енді есептей беріңіз, былтыр әлем чемпионы атанған Нуридинов қоссайыс қорытындысы бойынша 425 келі жинаса, Ильиннің көрсеткіші 424 келіге тең.
2013 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы. 105 келі
Руслан Нуридинов (Өзбекстан) – 425 келі (190+235);
Давид Беджанян (Ресей) – 405 келі (180+225);
Бартломей Бонг (Польша) – 404 келі (188+216).
И.Ильиннің А.Храпатый атындағы турнирде көрсеткен нәтижесі – 424 келі. Жұлқи – 185; Серпи – 239;
Илья Ильиннің жаттығуда көрсеткен нәтижесі – 447 келі. Жұлқи – 205; Серпи – 239;
105 келі салмақта тек өзбек жігіті ғана мықты десек, онда қателескен боламыз. Өйткені, бұл салмақта Нуридиновтен де мықты спортшылар жетіп артылады. Мәселен, жақында Ресей чемпионатында өнер көрсеткен ауыр атлеттердің арасында Давид Беджанян серпи көтеру бағдарламасы бойынша әлемдік рекордқа түзету енгізді. Ресейлік ауыр атлеттің көтерген салмағы – 241 келіге тең. Жалпы бұл салмақта әлемдік рекорд беларусь спортшысы Андрей Арямновқа тиесілі. Ол 2008 жылы Бейжің олимпиадасы кезінде 436 (200+236) келіні көтерді. Дәл осы кезде Арямнов жұлқи көтеру бағдарламасы бойынша да әлемдік рекордтың иесі атанды.
Әлем рекорды. 105 келі.
Жұлқи көтеру: Андрей Арямнов (Беларусь) – 200 келі;
Серпи көтеру: Давид Беджанян (Ресей) – 241 келі;
Қоссайыс: Андрей Арямнов (Беларусь) – 436 келі;
Әлем рекордына түзету енгізген Андрей Арямнов пен Давид Беджанян сынды ауыр атлеттер бүгінгі күні өз елдерінің намысын қорғап жүр. Демек, аты аталған жігіттердің өнерін Алматыда өтетін әлем чемпионатында тамашалап қалуымыз ғажап емес. Сондай-ақ, бұлардың қатарына Андрей Демановты (Ресей) да қосуға болады. А.Деманов биылғы Еуропа чемпионатында топ жарған спортшы. Айтпақшы, Лондон олимпиадасы қарсаңында жарақатына байланысты жарыс жолынан шығып қалған ресейлік тағы бір ауыр атлет Хаджымұрат Ақаевты да ұмытпауға тиіспіз. Ұзынқұлаққа сенсек, Ақаев Алматыда өтетін әлем чемпионатына келуі әбден мүмкін. Егер ресейлік спортшы жарақатынан құлан-таза айығып, Алматыға ат басын бұрар болса, онда Илья Ильинге Нуридинов те, Арямнов та емес, нақ осы Ақаев басты қарсылас атануы әбден мүмкін. Ақаевтың қазір қанша келіні аспанға атып жүргенін ешкім білмейді. Соңғы рет ол 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатына қатысып, 430 (198+232) келімен бас жүлдені жеңіп алған.
Соңғы үш әлем чемпионатының жеңімпаздары.
105 келі.
2013 жыл: Руслан Нуридинов (Өзбекстан) – 425 (190+235);
2011 жыл: Хаджымұрат Ақаев (Ресей) – 430 (198+232);
2010 жыл: Марцин Долега (Польша) – 415 (188+227).
Жалпы ауыр атлетиканың тарихында төрт немесе одан да көп әлем чемпионы атанған спортшылар санаулы ғана. Мәселен, КСРО-ның аты аңызға айналған ауыр атлеті Юрий Варданян өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары өз салмағының алды болып, әлемнің 7 дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ, атақты Халил Мутлуды да ең көп әлем чемпионы атанған спортшы ретінде атауға болады. Түріктің шынашақтай ғана баласы Олимпиада ойындарының 3 дүркін чемпионы атанып қана қоймай, әлемдік тәжді 6 мәрте иеленді. Әлем чемпионатында алты рет жеңімпаз атанғандардың қатарында КСРО дәуірінде өмір сүрген Василий Алексеев те бар. Ал, әлем чемпионатының бес дүркін чемпиондарына келсек, ең алдымен Анатолий Храпатый сынды отандасымызды айтуға болады. Жалпы А.Храпатыйдың Қазақстан ауыр атлетикасына сіңірген еңбегі орасан зор. Бұдан бөлек, бес дүркін чемпиондардың ішінде түріктің аты аңызға айналған ауыр атлеті Наим Сүлейменоғлының да есімі бар. Қырғыз халқының бағына туған Олимпиада чемпионы Қаныбек Османалиев әлемдік жарыста төрт мәрте жеңімпаз атанған спортшы. Егер Илья Ильин Алматыда өтетін әлем чемпионатында жеңіске жетіп жатса, онда ол аты аталған аңыз ағаларының жетістіктеріне бір қадам жақындай түседі.