Денис Тен: Ат басындай алтын берсе де, Қазақстанды басқа елге айырбастамаймын
Еліміздің белгілі мәнерлеп сырғанаушысы, жас та болса, спортта талай шыңдарды бағындырған Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда кісі қолынан қаза тапты. Маңдайымызға сыймай кеткен боздақтың жақындары мен бүкіл қазақстандықтарға қайғырып көңіл айтамыз. Назарларыңызға Денис Теннің бірнеше жыл бұрын "Алаш айнасы" газетіне берген сұқбатын ұсынамыз.
– Денис Юрьевич! Енді сізді осылай атаған дұрыс шығар. Әлем біріншілігінде қандай қиындықтар мен кедергілерге тап болдыңыз?
– Қалай айтсам екен? Бұл маусым жүйкемізді біраз тоздырды ғой. Бірақ отбасым мен бапкерім Фрэнк Кэрролға рақмет. Небір турнирлерге қатысып, сәтсіз өнер көрсеткеніме қарамастан, әрдайым маған қолдау білдірумен болды. «Балам, уайымдама! Сенің уақытың келеді әлі. Бұл турнирлерді қайтесің? Мұның барлығы – жай ғана жаттығулар. Әлем біріншілігіне дайындал!» деп бапкерім үнемі ақыл айтатын. Алайда ол да білмейтін шығар, мен Кэрролмен жаттығып болғаннан кейін де үйге қайтпай, өз бетімше сағаттап мұзайдыннан шықпай дайындалатынмын. Еңбегім еш кетпегеніне қуанамын. Жалпы, соңғы сәтсіздігімнен кейін өмірге деген көзқарасымды мүлдем өзгерттім. Жаттығудың да, демалыстың да графигін өзгертіп, басқаша тамақтанатын болдым.
– Жұрт сіздің өнеріңізді одан да жоғары бағалап жатыр. Тіпті америкалық әйгілі журналист «Төрешілер бұра тартты» деп айыптап, алтын медальды сізге беру керек деп халықтан қол жинап жүр. Осы туралы пікіріңізді білсек...
– Менің жұмысым – біреудің бастамасына баға беру емес, мұзайдында мәнерлеп сырғанау. Әлбетте, өнерімді бағалап, алтынға лайық санап жатса, мен үшін үлкен абырой. Ең бастысы – Қазақстанның көк байрағын әлем алдында аспанға шарықтаттым. Біздің елді де дүниежүзі мойындады.
– Бұл жерде әңгіме алтын медальдың екінші көшірмесін жасап, сізге де табыстау жайлы болып тұр ғой. Егер сізге де алтын медаль табыстаймыз десе, бас тартасыз ба?
– Ондай жағдайда қабылдаймын ғой. Алтын медальдан кім бас тартсын? Жалпы, меніңше, осы әлем чемпионатында алтын емес, күміспен күптелгенім дұрыс болған сияқты. Жұрт мұны жақсы қабылдап, жанкүйерлерім арта түскендей. Егер төрешілер алтын медальды мойныма ілгенде, кім білсін, бәрі мұны жай ғана кездейсоқтыққа балар еді.
– Еншіңізде әлем біріншілігінің күміс медалі бар. Яғни енді бұдан да биіктерге ұмтылатыныңыз сөзсіз. Егер келесі жылғы Сочи Олимпиадасында қолаға қол жеткізсеңіз, бұл сіз үшін жетістік бола ма, әлде дәмеңіз одан да зор ма?
– Олимпиада ойындары – төрт жылда бір келетін дода. Бұл ойындарға қатысудың өзі – үлкен мәртебе. Мұнда спортшылар мүлдем басқаша дайындалып, мұзайдынға басқаша қарқынмен шығады. Бап пен бағың қатар шабуы тиіс дода. Сондықтан Сочиде мен кез келген медальға риза болар едім.
– Денис, оқырмандар үшін қызық болар, жалпы, жеңімпаз жеңіс тұғырында тұрғанда не ойлайды екен?
– Сізге мына нәрсені айтайын. Бұрын әлемдік аренаға енді шығып жүрген кезімде Қазақстанды ешкім білмейтін. «Қазақстаннан келдім» десем, бәрі «ол қай жақта, көрсетші. Картада бар ма?» деп зығырданымды қайнататын. Олар, әлбетте, әдейі сұрамайтын. Шынтуайтында, ол кезде Қазақстанды көп ешкім біле бермеуші еді. Амал жоқ, картаны өзіммен үнемі ұстап жүретінмін. Сұраған адамға картаны ашып, алып даламызды көрсетіп, мұндағы байлықтарды мақтанышпен айтып беретінмін. Сол кезде болашақта Қазақстанды жұрттар сұрамай-ақ білетін болса ғой деп армандайтынмын. Тағы мына оқиға есімнен еш кетпейді. Жасөспірімдер арасында бірінші рет гран-при додасын ұтып алған кезім. Бір кезде марапаттау рәсімінде мәнерлеп сырғанаудан әлемге белгілі тұлғалардың бірі сөз сөйледі де, «Дүбірлі доданы ешкімге белгісіз елдің ұланы жеңіп алды» деп қойып қалды. Жылағым келіп кетті. Тістеніп тұрып, өз-өзіме кейін Қазақстан туралы ешкім бұлай айтпайтындай дәрежеге жеткіземін деп сөз бердім. Міне, Канадада өткен дүниежүзілік доданың жеңіс тұғырында соның барлығын еске түсіріп, көзіме жас алдым.
– Естуімізше, бұрындары сізге Ресей ұсыныс тастап, өздеріне шақырған екен. Олардан бөлек, тағы қандай елдер сізге құда түсіп жатты?
– Негізі, Ресей маған ресми түрде ұсыныс тастаған жоқ. Бірақ «жағдайыңды жасаймыз, бізге кел» деп шақырғандары рас. Қағанағымды қарық қылғысы келген басқа да көптеген ел болды. Бірақ біріне де ішім жылымады. Өйткені менің Отаным – Қазақстан! Мен осы елдің нағыз патриотымын! Ат басындай алтын берсе де, Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Сондықтан осы тектес сұрақтарға жауап берудің өзі мені масқаралағанмен тең сияқты.
– Ендеше, әңгіме ауанын басқа арнаға бұрсақ... Алматыға келе сала қала әкімі Ахметжан Есімовтің қабылдауында болыпсыз. Не туралы сөйлестіңіздер?
– Ахметжан Смағұлұлымен кездескенімнің өзі мәртебе ғой. Арқа-жарқа әңгімелестік. Жағдайымды сұрады. Келесі жылғы Сочи Олимпиадасына дайындығымды білді. 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы универсиада ойындарында өнер көрсеткенімді қалайтынын жасырмады. Қажет болса, қолынан келгенше көмектесетінін айтты. Риза болып қалдым. Сондай-ақ сыйақы деп бір конвертті қолыма ұстатты. Ішін ашып көрген жоқпын әлі.
– Универсиадаға дейін әлі төрт жыл бар. Сіз қазір студентсіз бе? Қайда оқисыз?
– Алматыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясында тәлім аламын. 3-курстамын.
– Универсиада кезінде оқуыңызды аяқтап қояды екенсіз ғой.
– Магистратураға түсемін. Аспирантура мен докторантура бар. Бір сөзбен айтқанда, универсиада ойындарына қатысу үшін бәрін жасаймын.
– Денис, енді бас бапкерің жайлы бірер сөз айтып өтсең... Фрэнк Кэроллмен келісімшартың қанша уақытқа белгіленген?
– Бізді ұстап тұрған – келісімшарт емес, өзара түсіністік пен сыйластық. Фрэнкпен бірге жұмыс жасап жатқаныма төрт жылдан асты. Үнемі қолдап келеді. Жасы 75-ке келсе де әлі тың. Өзінің жол дорбасын өзі сүйреп жүре береді. Талай чемпиондарды баптаған бапкер ғой. Құдай оған қуат берсін! Әлі ұзақ жыл бірге жаттығамыз деп үміттенемін.
Оксана Тен, Денистің анасы:
– Дениске мына жеңіс бірден келе қойды деп ойласаңыз, қателесесіз. Біз де талай қиындықты бастан кешіріп, талай кедергіге төтеп бердік. Ең бастысы, ата-ана баласына қолдау білдіріп, дұрыс бағытқа жөн сілтей білуі қажет. Талаптанған баланың бетінен қағуға болмайды. Болмашы қиындықтарға бола салымыз суға кетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Керісінше, демеп жіберсеңіз, балаңыздың қанаты қатайып, қолдаушыларының бар екенін сезінеді де, алға қарай ұмтылады. Ешқашан болам деген баланың бағын байламаңыздар!
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ