Бұл ең үздік баспасөз орталығы болды
Нұрлан НҰРҒАЗИН, VІІ қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің методология департаментінің директоры:
– Нұрлан Мұхаметқалиұлы, VІІ қысқы Азия ойындарына сарықұрлықтағы 27 елдің спортшылары қатысқанын білеміз, ал журналистер саны қанша болды?
– Жалпы, журналист ретінде тіркеуден өткендер саны (қазақстандығы бар, шетелдігі бар) – 2210. Оның ішінде қазақстандық журналистер саны 1100-дей болады. Қалғандары – шетелдіктер. Бірақ оның бәрін журналист деп есептеуге болмайды енді. Өйткені олардың араларында операторлар, техникалық қызметкерлер және басқалары бар. Астана мен Алматыда 1300 орынды 12 баспасөз орталығы үздіксіз жұмыс істеді: төртеуі – Астанада, сегізі – Алматыда. Осы екі қаладағы Бас баспасөз орталықтары, яғни екеуі VІІ қысқы Азия ойындары барысында тәулік бойы жұмыс істеп тұрды. Ал қалғандары жарыстар өтетін объектілерде таңертеңгі сағат 9-дан түнгі сағат 10-ға дейін журналистерге қызмет көрсетті. Астанадағы Бас баспасөз орталығы «Думан» қонақүйінде орналасса, Алматыдағы Бас баспасөз орталығы «Алматы Тауэрс» бизнес-орталығына қоныс тепті.
– Қанша елге насихатталды Азиада, қанша мемлекет қазақ жерінде осындай дүбірлі дода өтіп жатқандығынан хабардар болды?
– Нақты есебін жүргізген жоқпыз. Бірақ біздің білетініміз, VІІ қысқы Азия ойындары жарыстары мен додалары сырттағы 15 мемлекетке тікелей эфир арқылы таратылды. Сондай-ақ шетелдік серіктестеріміз болды. Мысалы, олардың арасындағы австриялық компания келісілген келісімшарт бойынша дүниежүзінің 400 компаниясы мен басылымына хабар таратып отырды. Азиаданы бүкіл дүниежүзі көрді деп айтуға болады. Мысалы, SBS (Си-Би-Си) біздің туризм және спорт министрімен де, Азия олимпиадалық кеңесінің президенті, шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабахпен де сұхбат жүргізді. Бұлардың хабары негізінен Латын Америкасын қамтиды. Сондай-ақ ВВС, «Северный интернейшл», «Евроньюс» (Euronews) Ақ Азиада туралы хабарларды шартарапқа таратты. Өздеріңіз білесіздер, «Евроньюс» әлемнің 180 мемлекетіне тарайды. Орыстарда өз елдеріне көрсетіп те, жазып та жеткізіп жатыр. Қытайдың мемлекеттік ССTV арнасы да көрсетті. Азия ойындарына қатысып жатқан елдердің бәрінің де өз отандарына хабар таратқаны айтпаса да түсінікті болар. Анықталмаған дерек бойынша, VІІ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатын 1 миллиард 200 миллиондай халық көрді.
– Жалпы командалық есепте бірінші орын алып, бөркімізді аспанға атып жүрміз. Бұл – спорттық жетістігіміз. Ал басқа жағынан өз елімізді, ұлттық үрдістерімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді паш ете алдық па?
– Мен бар жағынан да өз елімізді лайықты деңгейде насихаттай алдық деп ойлаймын. Біздің қазақтілді басылымдарымыздың, қазақ журналистерінің бір кемшілігі бар. Өзім де қазақ журналисімін ғой. Бірдеңе болса, «қазақ, қазақ» деп атой саламыз. Спорттағы жеңістеріміздің көбіне басқа ұлт өкілдері қол жеткізіп жатса да, қазақтың Көк байрағы көкке көтеріліп, қазақтың Әнұраны шырқалды ғой. Өзгені емес, қазақтың – Көк байрағы, қазақтың – Әнұраны. Екіншіден, біз Азия ойындары барысында мәдени Азиада өткіздік. Онда қазақтың өнерін, салтын, дәстүрін – бәрін көрсеттік. Қазақтың қонақжайлығын сомдадық. Тіпті мына өзіміздің Баспасөз орталығы жұмысының өзінде қазақтың дәстүрін насихаттауға тырыстық. Қазақтың ұлттық нышанынан бір естелік болсын деп, журналистерге таратқан тарту-таралғымыздың ішіне қоржын қостық. Негізі, ол қоржын емес, қоржын іспетті ноутбук салатын сөмке ғой. Оның ішіндегі қонақ кәдеміздің бәрі қазақтың ұлттық нақыштары үлгісінде болды. Маған Қытайдағы бір әріптесім хабарласып, «керемет, бәрі де тамаша» деп, таңданысын білдірді. Жалпы, мен біз осы Азия ойындары аясында салт-дәстүрімізді насихаттай алдық деп ойлаймын. Мысалы, біздің Баспасөз орталықтары тек қана қазақ және ағылшын тілдерінде жұмыс істеді. Өзіңіз де байқаған боларсыз, мұны. Біздің елде қаншама маңызды үлкен-үлкен шаралар өткізіліп келеді, солардың ішінде осы жолы қазақ тілінің мәртебесі жоғары болды. 20 жылғы Тәуелсіздігіміздің ішінде бұл – айрықша атап өтерлік жағдай. Бұған дейін бәрі үш тілде жүргізілетін: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. Бұл жолы — тек қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді барлық жұмыс. Осыған қарап, көптеген шетелдік біздің елде бәрі қазақ тілінде жүргізіледі екен, бір тілді мемлекет екен деп кетті.
– Нұрлан Мұхаметқалиұлы, асыра сілтемей, ашығын айтайық, біздегі баспасөз орталықтары адамды қызықтырып, таңғалдырады. Тіпті Ванкувер Олимпиадасының баспасөз орталықтары мұндай болмап еді. Әр үстелде – бір-бір ноутбук. Басқа да керек-жарақтар самсап тұр.
– Мен осы қызметке келгенімде, «бұл ең үздік баспасөз орталығы болады» деген едім. Өйткені менің халықаралық баспасөз орталықтарын құру жөнінде тәжірибем бар. Баяғыда Діндер съезінің баспасөз орталығын дайындаған едім. Сондықтан VІІ қысқы Азия ойындарының баспасөз орталықтарын көпшілік сүйсінетіндей деңгейге көтеруге тырыстым. Әрине, кемшіліктеріміз бар. Онсыз бола ма?! Негізі, біздің орталық, өзіңіз айтқандай, мақтауға тұрарлықтай болды. Қарапайым халық пен журналистердің кейбіреулері де түсінбей жатыр, біз Қазақстанда бірінші рет ақпараттық «Инфо» жүйесін қолдандық. Әр спортшы туралы, бапкерлер туралы толық деректерді ашып, пайдалануға мүмкіндік туды. Баспасөз орталықтарында отырып-ақ, барлық объектіде болып жатқан жарыстар мен додаларды тікелей тамашалауға жағдай болды. Барлық жарыстар мен додалар туралы ақпараттарды, техникалық көрсеткіштерді қолма-қол пайдалануға жағдай жасалды. Қай объектіде не болып жатқанын дер кезінде біліп отыру мүмкін болып, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің пікірлері ғаламторға буы бұрқыраған күйінде салынып отырды. Кестелер мен фотолар да дер кезінде ресми сайтқа енгізіліп отырды. Тарихи деректер мен анықтамалар да көп болды. Бұларға сараптамалық материалдарды қосыңыз. Серверге жиналған фотолардың саны шектен тыс көп болды. Жүздеген мың! Алматыдағы фотомұрағат көлемінің өзі 1 киробайттан асып түсті. Оның бәрі — болашаққа керек дүние ғой. Мирас болып қалар мұрағат. Қазіргі заманғы озық технологиялар мен техникаларды қолдандық. Содан болар, Қазан мен Сочиден адамдар келіп, бізден бәрін үйренгілері келетіндіктерін білдірді. Өзіңіз білесіз, Қазанда 2013 жылы жазғы Универсиада өтеді, ал Сочиде 2014 жылы қысқы Олимпиада ойындары алауын тұтатады. Олар бізден үйренуге, бізден үлгі алуға мүдделі. Қазақстанда бұған дейінгі халықаралық маңызды шараларда (Діндер съезі мен ЕҚЫҰ саммитінде) бір баспасөз орталығы болса, Азия ойындарында 12 орталық болды. Әрі бәрінің де жұмысы жүйелі түрде, жедел жүргізіліп отырды. Біз қонақ сыйлай білетін халықпыз ғой. Шетелдік қонақтар алдында ұятты болған жоқпыз. Жұмысымызда ешқандай ақау болған жоқ. Азия олимпиадалық кеңесінің президенті, шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах «мен біраз баспасөз орталықтарында болдым, солардың ішінде бұдан тәуірін көрген жоқпын» деп тамсанды. Бұл – бізге берілген лайықты баға.
– Баспасөз орталықтарындағы интернет пен қалааралық телефондар шығынын кім көтерді?
– Негізгі шығынды көтерген – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы. Бас демеушіміз. Мұндағы дүниенің бәрі демеушілердің есебінен жиналды. Ең аяғы қағаз-қаламға дейін. Демеушілердің құрамымен елдің көбі таныс болар. Олардың бәрі де – отандық компаниялар. Ал қалааралық байланыс пен интернет шығыны ақпараттық желіге демеуші болған «Қазақтелекомның» есебінен жүзеге асырылды.
– Баспасөз орталықтарында қызмет еткен өрімдей жастарды өзіңіз жинадыңыз ба?
– Бәрін өзім жинадым. Бәрі – өзіміздің жастарымыз. Сырттан қосылған ешкім жоқ. Тек жаңа компьютерлік бағдарламалардың ішіндегі білмейтінімізді шетелдіктерден үйрендік. Он шақты күн дәріс алып, үйренуге тура келді. Балалардың бәрі тіл біледі. Ағылшын тілінде сөйлейді. Жапон, қытай, кәріс тілдерінде сөйлейтіндері де бар. Бар тілде сайрап тұр. Жеті-сегіз бала Америкадан оқып келген компьютердің оқуын. Бәрі де – қазақтың балалары. Қазақша да, ағылшынша да сөйлейді. Ауылдан шыққан, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден оқып келген бәрі.
– Осы Азия ойындары барысында спорттың бар түрінен екі тілде репортаждар жүргізілді. Қазақ тіліндегі комментаторлардың бәрі бірдей көрермендер көңілінен шыға алған жоқ сияқты. Комментаторларды да түсінуге болады, олар кей сәтте спорттық терминдердің қазақша баламасын таба алмай қиналып жатады. Осыны ретке келтіруге бола ма? Өзіңіз айтқандай, он шақты күннің ішінде үйретіп, неге тәрбиелемейміз?
– Оның түк те қиындығы жоқ. Ол үшін спорт журналистері ішінен қабілеті бар 10-15 адамды іріктеп жинап алып, соларды үйрету керек. Тәрбиелеу керек. Ортақ спорттық терминдер қалыптастыру керек. Шетелдік, мәселен, ресейлік танымал комментаторларды шақыртып немесе әлгі таңдап алған комментаторларды сол жаққа жіберіп, олармен тәжірибе алмасуға жағдай жасау керек. Олардан дәріс алу артықтық етпейді.
– Ал, аға, Азия ойындары бітті. Енді біраз уақыт сабылып іздеп, жасақтаған командаңыз не болады? Оларға дайын тұрған жұмыс бар ма?
– Азия ойындарынан кейін біраз күн жұмыс істеудеміз. Әйтсе де енді балаларды не істесем екен, қайда орналастырсам екен деп бас ауыртып жүргенім рас. Өзім бірдеңе қылармын, өзіме жұмыс табылар, ендігі мәселе осы жастарды орналастыру болып тұр. Жан-жақпен тілдесіп, талабы таудай, білімді жастарды ұсынып жатырмыз.
– Ванкувер Олимпиадасынан кейін ұйымдастырушыларда қалған дүние-мүлік сатылымға шығарылды. Тек дәрі-дәрмектер қайырымдылық қорына тапсырылды. Сіздер осы баспасөз орталықтарындағы мүліктер мен оргтехникаларды не істемексіздер?
– Біз сатпаймыз. Қазір осы баспасөз орталықтарындағы мүліктер мен техникаларды Қазақстандағы спорт мектептеріне таратып беру туралы ұсыныс қаралуда. Біз осы үстел-орындықтарды, ноутбук-компьютерлерді, басқа да техникаларды еліміздегі әрбір спорт мектебіне берсек деген ойдамыз. Бұл техникалар әртүрлі деңгейдегі жарыстар мен додаларды өткізгенде таптырмайды.