Бокс атасын құрметтеуді поляктардан үйренсек...

Бокс атасын құрметтеуді поляктардан үйренсек...

Варшавада Польша боксының атасы Феликс Штаммның мемориалы өтіп, оған қазақтың былғары қолғап шеберлері де қатысты. Осымен отызыншы рет ұйымдастырылған дәстүрлі додада ел намысын тоғыз боксшы қорғаған. Алайда ақтық айқасқа солардың үшеуі ғана сүрінбей жетті.
Қазақ боксының іргетасын қалаған Шоқыр Бөлтекұлы дейміз. Құрметтейміз, жыл сайын Маңғыстауда дәстүрлі түрде турнирін өткізіп тұрамыз. Десек те, дәл поляктар секілді марқұм Шоқыр ағаның есімін асқақтата алмай келе жатқанымыз рас. Бұл тұрғыда біз пан ағайындардан сабақ алсақ, артық болмас еді.
Феликс Штаммды Польша боксының атасы дейді. Бекер емес. 75 жыл өмір сүрген Штамм ғұмырының 60 жылға жуығын Польша боксының көсегесін көгертуге арнаған. Алдымен боксшы ре­тінде шаршы алаңда қарсылас шақ кел­тірмепті. Кейін 1936 мен 1968 жыл­дар аралығында Польша құрамасын Олим­пиада ойындарына бапкер ретінде жеті рет бастап барған. Польша бокс феде­рациясында белді қызметтер атқарған. Ал дүниеден өткеннен кейін туған қаласы Познаньның бір көшесі Штаммның атымен аталып, ел астанасында халықаралық турнир өте бастайды.
Әлемнің әйгілі боксшыларының бар­лығы осы додада шаршы алаңның шаңын шығарған. Мәселен, 1987 жылы осы турнирде Леннокс Льюис топ жарған. Феликс Штамм мемориалының биылғы додасы да қарымды боксшылардан кенде болған жоқ. Британдық Эндрю Селби, бразилиялық Робсон Консейсао сынды саңлақтардың барлығы да қатысты. Иә, рас, Шоқыр Бөлтекұлының турниріне өзбек, әзірбайжан, қырғыз елдерінің мықты­лары да қатысып жатады. Бірақ, шыны керек, географиясы кең емес. Жыл сайын осы үш-төрт елмен шектеліп жатамыз. Ал Варшавадағы мемориалға биыл әлемнің отыз шақты елінен боксшы­лар келді. Ерлерден – 99, қыз­дардан – 41. Оның тоғызы – Қазақ елінен.
Қазақстан құрамасы Польша астана­сына алты жігіт, үш нәзікжанды бокс­шы­сын апарған. Ерлерден 52 келіде астаналық Азат Махметов, 60 келіде тараздық Ғани Жайлауов, 69 келіде астаналық Мейірім Нұрсұлтанов, 81 келіде қарағандылық Алмат Серімов, 91 келіде де қарағандылық Алексей Севостьянов және аса ауыр салмақ дәрежесінде ке­рекулік Олжас Боқаев өнер көрсетсе, қыздардан ел намысын Жайна Шекер­бекова (51 келі), Ақбота Дулатова (60 келі) және Марина Вольнова (75 келі) қорғады. Енді жерлестеріміздің Вар­ша­вадағы көрсеткіштеріне тоқталсақ:
52 келідегі Азат Махметов алғашқы айқасында түрік тарланы Инанли Эрдал­мен жұдырықтасып, 12:5 есебімен оңай жеңді. Алайда жартылай финалдан аса алған жоқ. Британдық боксшы Эндрю Сел­бимен кездескен жерлесіміз 6:11 есебімен жеңіліп, қола медальды қанағат қылды.
60 келідегі Ғани Жайлауовтың да жет­кен жері жартылай финал болды. Бірінші кезеңде шаршы алаң иесі Дамиан Вре­зинскиден басым түсті. Есеп – 10:7. Одан кейін түрік Ясин Йылмаз да Ғанидің қарқынына шыдамады. Тартысты өткен айқас 13:8 есебімен аяқталды. Алайда жартылай финалда Жайлауов брази­лиялық Робсон Консейсаодан жеңіліп қалды. Бұл жолы 8:13 есебімен ұтылып, қоламен шектелді.
69 келіде Мейірім Нұрсұлтановқа сенім артқанбыз. Бірінші айқасында поляк Роман Шиманскиді 15:8 есебімен жеңіп, ширек финалда молдовалық Василий Белоусты тізе бүктірді. Есеп – 17:13. Бірақ ол да жар­тылай финалда опық жеді. Француз саң­лағы Сиссохо Сулеймани тым шапшаң екен. Айқас тең дәрежеде өткенімен, қол­ды-аяққа тұрмайтын француз 14:12 есебімен жеңісті жұлып әкетті.
81 келіде Алмат Серімов өнер көр­сет­кен. Өкінішке қарай, қарағандылық сайып­­қыран бірінші кездесуінде-ақ же­ңіліп қалды. Түрік Аксин Буракпен ай­қасып, 8:11 есебімен ұтылды.
91 келіде Алексей Севостьяновқа арқа сүйедік. Жігіттерімізден жалғыз болып финалға шыққан да сол. Дегенмен, айта кету керек, Алексейдің жеребесі жеңіл түсіп, шаршы алаңға бірден жартылай финалда шықты. Бразилиялық Жоан Но­гуейрамен жұдырықтасып, еш қинал­мастан 12:4 есебімен жеңіске жетті. Кеше кешкісін Севостьянов финалда аустриялық Жай Опетаямен айқасты.
Аса ауыр салмақтағы Олжас Боқаевтың да жолы болмай, бірінші айқасында неміс боксшысы Флориан Шульцтен 8:17 есебімен жеңіліп қалды.
Ал қыздарымыздың екеуі – финалда. 51 келідегі Жайна Шекербекова алдымен испан аруы Гранас Мартаны 18:5 есебімен жеңді. Одан кейін моңғол қызы Миянгмар Нандингетсекті тізерлетті. Жартылай финалда шаршы алаң иесі Сандра Драбик­пен жұдырықтасып, өте тартысты өткен айқаста 15:14 есебімен басым түсті. Ал кеше кешкісін финалда канадалық Мэнди Бужолдтпен айқасты. Лондон Олимпиада­сының қола жүлдегері Марина Вольнова да финалға жетті. Ал Ақбота, өкінішке қарай, сәтті өнер көрсете алған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Штамм мемо­риалында былтыр Қазақстан құрама­сы бір алтынмен жалпыкомандалық есепте ал­тыншы орынға тұрақтаған болатын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста