Айбынды Алмас
Тепсе темір үзетін жігіт. Бой десе бойы бар, алпауыт күші бар. Дарыннан да кенде емес, бірақ халықаралық дүбірлі додаларда Алмас Өтешовтің жолы болмай келеді. Дегенмен бүгінде толағайымыздың нағыз бабына келген шағы. Олимпиадада ол тек жүлделі орындарға ғана емес, алтын медальға да таласатын болады.
Өтешов Алмас Дәулетиярұлы
Туған жылы: 18.05.1988 ж.т.
Туған жері: Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Еспенді ауылы
Салмақ дәрежесі: 94 келі.
Жеке бапкері: Вилорий Пак
Ең ірі жетістігі: Азия чемпионы. Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Алмастың ауыр атлетикамен айналысуы мәжбүрліктен басталды деуге болатын шығар. Алғашында алпамсадай бозбала Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында қазақ күресімен айналысқан. Төртінші сыныптан 9-сыныпқа дейін қазақ күресін серік етіп, 2002 жылы Қызылорда қаласына Жалаңтөс баһадүр атындағы спорт мектебіне ауысады. Алайда бұл мектепте қазақ күресі үйірмесі болмай шығады. Содан бапкерлердің жетегімен зілтемір залына кіріп, ауыр атлетикамен айналысып кетеді. Ауыр атлетикадағы алғашқы бапкерлері – Асқар Меңдияров пен Ғалым Сиқымов. Ал 2008 жылдан бері белгілі бапкер Вилорий Пактың қол астында жаттығуда.
– Алмасты немеремдей көремін. Өйткені менің ең сүйікті шәкірттерімнің бірі – Асқар Меңдияров болатын. Қазақтан тұңғыш болып ТМД спартакиадасының күміс жүлдегері атанған. Өз баламнан артық жақсы көретінмін. Алмасты ауылдан іздеп тауып, қалаға алып келген де осы Асқар еді. 2008 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатына апарып, сары құрлықтың жеңімпазы етіп шығарғанын да білесіздер. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне де жеткізді. Бүгінде Меңдияров Қызылордада спорт мектебінің директоры. Содан не керек, 2008 жылы Асқар маған келіп: «Аға, ешкімге сенбеймін. Дегенмен осы баланы сізге сеніп тапсырып тұрмын. Өзіңізге аманат. Атын шығарыңыз», – деп маған Өтешовті тапсырды Міне, өз баламдай болып кеткен ең сүйікті шәкіртімнің шәкірті Алмасты мен сол үшін немеремдей жақсы көремін, – деді Вилорий Пак ақтарылып.
Өтешов біраз уақыт 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Бірақ көп ұзамай-ақ, салмағын арттырып, 94 келіге өтті. Бір жағынан бұл қадамын жанкүйерлер батылдыққа баласа, екінші жағынан Ильин, Седов секілді саңлақтардың көлеңкесінде қалу қаупі басым екендігін айтып жатты. Расымен де, Ильиннің Олимпиада жеңімпазы атанып, аты дүркіреп тұрған шағы. Седов та сол додада төртінші орыннан көрініп, жүлделі орындарға бір саты ғана жетпей қалған болатын. Келер жылы Талдықорғанда Азия біріншілігі өтіп, онда Алмас Владимир Седовтан кейінгі екінші орынға орналасты. Дегенмен сол кездің өзінде-ақ мамандар Алмастың әлеуеті Седовтан кем емес екенін айтатын. Тіпті былтыр әлем чемпионаты алдындағы жауапты іріктеу додасында Седовтың өзін қапы қалдырып, 94 келіде Парижге бару құқығын жеңіп алды. Өкінішке қарай, Франция астанасында Алмастың бағы жанбады. Алғашқы жаттығуда 170 келіге тапсырыс берген еді, құрғыр зілтемір жерлесімізге бағынбай, Қазақстанды бір жолдамадан қақты. Әй, сол кезде Өтешовті жазғырмаған жанкүйер кемде-кем болған шығар. Шынымен де, егер Алмас сол кезде сәл де болса сәттірек өнер көрсеткенде Қазақстан ауыр атлеттерінің қоржынына тағы бір жолдама түсер еді.
Ал Алмас мойыған жоқ. Қателігін білді. Кінәсін жуып-шаюдың ең дұрыс жолы – Лондон Олимпиадасында топ жару екенін түсініп, жаттығу залында тынбай дайындалды.
– Бүгінде Алмастың бабы жаман емес. Жаттығу кезінде жұлқа көтеруде 190 келіні қиналмай көтеріп жүр. Ал серпе жаттығуында 227 келіні басынан асырды. 230 келіні көтеріп көріп еді, тіп-тік ұстап тұруға сәл ғана шамасы жетпеді. Дегенмен бұл да жаман көрсеткіш емес. 190+227=417 келі. Бірақ жаттығу кезіндегі көрсеткіштерін Олимпиада аренасында қайталай ала ма? Міне, мәселе сонда, – деді Өтешовтің күшіне бағасын берген жеке бапкері Вилорий Пак.
Олимпиададағы мүмкіндіктері:
Егер дайындық кезіндегі көрсеткіштерін қайталай алса, Алмас сөз жоқ, Олимпиада жеңімпазы атанады. Өйткені былтырғы әлем чемпионатындағы ең жоғары көрсеткіш – 407 келі Илья Ильинге тиесілі. Ал әлемдік рекорд – 412 келі грек толағайы Акакиос Каиасвилиске тиесілі.
Басты қарсыластары:
Артем Иванов (Украина), Андрей Иванов (Ресей), Саид Мохаммадпур Каркарач (Иран), Руслан Нуриддинов (Өзбекстан), Ким Мин-Джа (О.Корея).
Артықшылықтары:
Қара күш иесі, еңбекқор. Өзінің күшті екенін бір сезіп алса, тоқтауы қиын. Ең бастысы, жеке бапкеріне деген құрметі жоғары.
Кемшіліктері:
Отаншылдығы ма, әлде рухшыл, намысқойлығы ма, халықаралық аренада Алмастың алғашқы ұмтылысы сәтсіз шықса, келесі мүмкіндігіне өзін қайрауы қиын. Яғни психологиялық тұрғыда шыңдала түсуі қажет.
Вилорий Пак, ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Өтешовтің жеке бапкері:
– Арманым – осы қарадомалақты Олимпиада чемпионы жасау. Оған Өтешовтің шамасы жетеді. Тек өзіне деген сенімділігін күшейте алса болғаны. Зілтемір сахнасына шыққанда қалтырамай, жаттығу кезіндегі көрсеткішін қайталап берсе, біз үшін сол да жеткілікті.
Біздің олимпиадашылар
Последние статьи автора