Елімізде тұңғыш рет өтетін VII қысқы Азия ойындарының ашылуына он күн қалғанымен, алғашқы ойындар 28 қаңтар күні өтетіні белгілі. Осынау дүбірлі додада Қазақстанның алар орны қандай? Біз өз жерімізде өтетін «Сарықұрлық» додасында жалпыкомандалық есепте нешінші орынды иемденеміз? Әдетте біз Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі төртінші орыннан көрініп жүрміз. Бірақ бұл жолы кейбір мамандар «үздік үштікке енеміз» деп сеніммен айтса, оптимистер «Азияның үздігі боламыз» деп желпініп отыр. Мамандардың оптимистік танытуына не себеп? Міне, осы сұраққа жауап іздеп көрсек деп едік.
Жақында Ақ Азиадаға қатысы бар жоғары қызметтегі мамандардың бірімен сөйлесіп қалдым. Сол кезде әңгіме арасында одан Ақ Азиададағы мүмкіндігіміз жайлы сұраған болатынмын. Аты-жөнін көрсетпей-ақ қоюын талап еткен ол былай деп жауап берген еді.
– Азия ойындарында алдыңғы қатардан көрінуге жанталасып жатырмыз ғой. Үздік үштіктің қатарынан көрінудің небір амалын қарастырдық. Бірақ Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония елдері өте мықты қарсыластар. Дегенмен біздің бір мүмкіндігіміз бар. Алматы мен Астана қалаларында өтетін VII қысқы Азия ойындарымен қосамжарлана спорттың бірнеше түрінен әлем чемпионаттары өтеді. Ал Азиаданы екінші орынға қоятын қытай, кәріс және жапондар басты күшін сол әлем біріншіліктеріне салып, Қазақстанға екінші құрамдарын әкелуі ғажап емес. Бізге осы мүмкіндікті пайдалану керек.
Иә, бұл идеяның да жаны бар. Тым болмаса, осылай үздіктердің қатарынан көрінерміз. Ендеше елімізде өтетін Ақ Азиадамен қосамжарлана өтетін ірі додаларға көз жүгіртіп көрелік. Жалпы, VII қысқы Азия ойындарымен қосамжарлана екі ірі дода өткелі отыр. Оның бірі қысқы Универсиада болса, екіншісі – фристайлдан әлем чемпионаты. Сонымен...
Қаңтардың 27-сі мен ақпанның 6-сы аралығында Түркияның Эрзурум қаласында ХХV қысқы Универсиада өтеді. Спорттың 12 түрінен 70 медаль жиынтығы сарапқа салынатын бұл додада әлемнің 57 елінің спортшылары өнер көрсетеді. Соның ішінде жоғарыда аталған үш ел мен Қазақстан да бар. Әлбетте, басты күшті Ақ Азиадаға салып отырған қазақстандықтар Универсиадаға төменгі деңгейлі спортшыларын жіберетіні хақ. Ал басты қарсыластарымыз Универсиадаға мықты спортшыларын жібереді деп үміттенеміз. Эрзурумда ойнатылатын 12 спорт түрінің сегізі Ақ Азиада бағдарламасында да бар екенін айта кеткеніміз артық болмас.
Фристайлдан әлем чемпионаты 30 қаңтар мен 5 ақпанның аралығында АҚШ-тың Дир Велли қаласында өтпек. Айта кетейік, бүгінде «Сарықұрлықта» фристайл спортынан Қытай спортшылары мықты. Мәселен, соңғы қысқы Олимпиадада қытайлықтар фристайлдан бір күміс, екі қола медаль иеленіп, әлемде 6-орыннан көрінсе, Азияда да үздік танылды. Күміс иеленген Ли Нина (акробатика), болса, қолаға қол жеткізген қос саңлақ Го Синьсинь мен Лю Жунцин (екеуі де – акробат) еді. Сондай-ақ Жапонияда Эми Матусура, Шури Терада, Киоши Терада, Микия Танно, Исао Сонехара, Чинго Сасаки, Мико Ити, Арисо Мурата сынды саңлақтар бар. Бұлардың барлығы – әлем кубогы кезеңдерінде сәтті өнер көрсетіп жүрген сайыпқырандар. Міне, егер осылар Ақ Азиадаға емес, әлем чемпионатына қатысуды жөн деп тапса, фристайлдан сарапқа салынатын алты медаль жиынтығын да өз спортшыларымыз иемденуі мүмкін.
Сондай-ақ VII қысқы Азия ойындарымен қосамжарлана өтпесе де, бір күн ары, бір күн бері басталатын ірі додалар біршама. Мәселен, 28-30 қаңтар аралығында Ресей астанасы Мәскеуде конькимен жүгіруден әлем кубогының алтыншы кезеңі өтеді. Ақпанның 8-і мен 20-сы аралығында Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласында тау шаңғысынан әлем біріншілігі ұйымдастырылады. Сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында өтетін дүниежүзілік ірі додалар да аз емес. Қарсыластарымыз сол додаларда күштерін сарқуы немесе сол бәсекелерге күштерін сақтауы мүмкін. Яғни бізге де медальдардың біраз бөлігін өзімізде қалдыруға үміт бар деген сөз.
Иә, дауымыз жоқ, мұның барлығы аз да болса көмек, демеу болар еді. Десек те, өзгенің әлсіздігіне емес, өзіміздің күшімізге сенгеніміз жөн болар-ау. Үшінші орын болсын, төртінші орын болсын, әділеттілікпен қол жеткізгеніміз абзал емес пе?!
Азияның алыптары Азиадаға қосалқы құрамын әкелуі мүмкін
Последние статьи автора