Ертеде асықты қастерлейтіндігіміз соншалық, оны бояу деген болатын. Иә, иә, асықты неше түрлі түске бояп, әлек болатын.
Ауылда ақ жаулықты әжелер алаша тоқып, сырмақ сыратын. Алаша тоқудың өзі бір мейрам еді ғой. Ауылдағы барлық әжелер алаша тоқитын үйге жиналатын. Алдын ала жіптерін бояп, дайындалатын. Сол кезде ауыл балалары асықтарын қойындарына қысып, әлгі әжелердің аяқтарына оратылып, маңайынан шықпайтын. «Асығымды бояп беріңізші» деп жалбарынатын.
Алаша мен сырмақтың бояуына боялған асықтар қандай болады десеңші! Бояуын қалай дайындайтындығына қарамаппыз, бірақ алаша мен сырмақтың бояуы көпке дейін кетпейтін. Мүлде кетпейтін ғой. Кейбіреулері жылтырап, көздің жауын алатын. Ал ақ жаулықты әжелердің бірі боялған асықтарды үлкен ожауға салып, текеметтің үстіне шашып тастағанда, сенен бақытты адам болушы ма еді, тәйірі. Бырдай болып шашылған асықтарыңды итжейделестеріңнен қорып, суығанша байыз таппайсың ғой.
Ұлым туған соң мен де асық жинадым. Асықты қолына ұстатып, ойнатумен болдым. Енді асықты бояп, оны одан әрмен қызықтырмақ болдым. Ауылдағыдай алаша мен сырмақтың бояуы жоқ. Сондықтан жылтырайтындығына қызығып, асықтарды қыздардың тырнақ бояйтын лактарымен бояуға көштім. Жылтырап, әп-әдемі болып шыға келді. Ол жағынан мін жоқ. Бірақ, бірақ... лак тез кетіп қалады екен. Ал ес білмейтін жас сәби асықты аузына салатынды шығарды. Лактың құрамында не жоқ дейсіз. Яғни бұл өте қауіпті екен. Сондықтан асықты лакпен бояуды доғарып, боялған асықтарды көзден таса қылуға көштік.
Артынан сұрастырсам, асықты тырнақ бояйтын лакпен бояған жалғыз мен емес екенмін...