Қазақ спорты ауыр қазаға ұшырап, көрнекті спорт қайраткерінің бірінен айырылды. 63 жасында Асқарбек Иманқұлов өмірден өтті.
Асқарбек Сқақұлын спорт саласындағы үлкені бар, кішісі бар адамдардың бәрі сыйлайтын. Басшы да, бапкер де, маман да, спортшы да, журналист те құрмет тұтатын. Замандастары «Асхантай» деуші еді. Үлкенге де, кішіге де ізет көрсетіп жүретін қарапайым жан еді.
Дүйсенбі күні жиналыста болып, сол баяғы қауырт жұмысымен шапқылап жүрген. Ал сейсенбі күні түс ауа қайтыс болғаны жайлы ақпарат тарады. Естуімізше, жүрегі тоқтап қалған...
Білмеймін, басқа салада қалай, ал спортта өз ісіне адал жандардың көбісі дәл осы жүректен кетеді. Әсіресе ұлтжанды, елін сүйген арыстардың жүректері спорт саласының ауыртпалығына шыдай алмайтындай.
Асқарбек аға 1951 жылы 2 сәуір күні Алматы облысындағы Талғар ауданының Қызыл ту ауылында дүниеге келген. Боз кілем көрігін қыздырып, еркін күрестен 1969 жылы КСРО спорт шебері атанған. Бес дүркін ел чемпионы болған. КСРО халықтарының V спартакиадасында ел намысын қорғап, көпшілікті тәнті еткен. 1970-71 жылдары жастар арасында КСРО біріншілігінің жеңімпазы болған. Кеңес Одағы заманында халықаралық аренаға шығу қиын болғанның өзінде Венгриядағы «Олимпиада үміткерлері» турнирінде (1970 жылы) және Кубадағы халықаралық турнирде жеңімпаз атанған. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Еліміздегі біраз спорттық мекемелерді басқарды. Соңғы жылдары спортқа дарынды балаларға арналған «Шаңырақ» республикалық интернатының директоры болып қызмет етіп жүрген еді.
2010 жылы қараша айында таэквондодан «Алаш айнасы» газетінің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткізгенбіз. Сонда Асқарбек аға жұмысы қауырт болса да, сонау «Шаңырақтан» Оқушылар сарайына келіп, аталмыш турнирдің ашылу салтанатына қатысып, батасын берген еді. Қазақтың «Асхантайы» сондай кішіпейіл адам еді...
Бүгін Алматыда еліміздің спорт саласы Асқарбек Сқақұлымен қоштасып, жерлеу рәсімін өткізеді. Жаныңыз жаннатта болсын, Асқарбек аға. Рухыңыз бақилық болып, есіміңіз қазақ спорты тарихында мәңгілік сақталсын.
«Алаштықтар»