Алдағы сенбі, қыркүйектің 22-сі күні, Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велокешенінде қазақша күрестен «Қазақстан барысы» турнирінің ақтық бәсекелері өтеді. Осы жолы жеңімпаз атанған балуанға қазақтың ежелгі салт-дәстүрі бойынша «Алтын тайтұяқ» беріледі. Оған қоса чемпион 150 мың АҚШ долларына ие болып, су жаңа Hundai Sonata автокөлігін мінеді. Ал турнирге келетін жанкүйерлердің біреуі Hundai Elantra көлігін ұтып алуы әбден мүмкін.
Бүгінде күрес десе ішер асын жерге қоятын қазақ баласы баршылық. Оны өткен жылы ғана басталған «Қазақстан барысы» турнирі көрсетті. Астанадағы Ұлттық теннис орталығында ұйымдастырылған алғашқы бәсекелер кезінде 4 мың адамға есептелген залдың ішінде ине шаншар жер болмады. Халықтың біразы далада қалды. Сол себепті биыл «Қазақстан барысы» турнирінің ақтық сындарын 10 мың адамға арналған «Сарыарқа» республикалық велокешенінде өткізу ұйғарылды.
Биыл «Қазақстан барысы» белбеуін сарапқа салатын балуандардың саны екі есеге, яғни, 64-тен 34-ке дейін қысқарып отыр. Оның да өзіндік себебі бар.«Шынын айту керек, былтыр кейбір іріктеу кезеңдері жай қағаз жүзінде ғана өткен. Биыл біз әр облыстан бұрынғыдай төрт емес, екі мықты деген балуанды іріктеп алдық. Сол себепті аудан және облыс деңгейінде тартысты бәсекелер болды. Осы жолы ең білекті, ең мықты балуандар финалға жетті. Біз олардың санын азайтқанмен, сапасын көтердік деп ойлаймын», – дейді «Қазақстан барысы» қорының жетекшісі, «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Шораев.
Осы жолғы турнирде өткен жылдың жүлдегерлері өз белбеулерін қорғап көрмек. Ережеге сәйкес, олар ешбір іріктеусіз финалға қатыса береді.
Ұлан РЫСҚҰЛ, «Қазақстан барысы – 2011» турнирінің жеңімпазы:
– Енді әрбір балуан «Қазақстан барысы» турнирінің белбеуін тағуды көздейді ғой. Мен осы арманыма жеткеніме қуанамын. Биыл да бозкілемге шығып, өз атағымды қорғап көремін. Өкініштісі сол, бұл жолы қол жарақатымен шығуға мәжбүр болып отырмын. Бірақ шықпасам, басқалар мені қорқып қалды деп ойлайды. Осы турнирде де бірінші орынға таласа аламын.
Былтыр Ұланға жол берген Бейбіт Ыстыбаев та биылғы турнирге қатысып, есе қайтаруға дайын болып отыр.
Бейбіт ЫСТЫБАЕВ, «Қазақстан барысы – 2011» турнирінің күміс жүлдегері:
– Былтыр Астанада өткен турнирде мен екінші орынға ие болдым. Жеңімпазға жол бергеніме күйініп, қатты уайымдадым. Бірақ жіберген қателіктерімді тағы бір мәрте пысықтап, бұл турнирге тап-тұйнақтай дайындалдым. Осы жолы мен жеңуге міндеттімін.
Биыл жеңімпаз атанған балуанға «Қазақстан барысының» белбеуі мен 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақымен бірге қазақтың ежелгі салт-дәстүрі бойынша «Алтын тайтұяқ» беріледі. Оны Қазақстанның Ұлттық банкі арнайы турнир үшін құйып берген. Сондай-ақ 1-орынға демеушілердің арнайы сыйлығы – Hundai Sonata автокөлігі табысталады. Турнирді тамашалауға келген жанкүйерлер де құр қол қайтпайды. Олардың билеттері бойынша Hundai Elantra көлігі ойнатылады.