Әлемді секс, футболды ақша билейді!

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Осыдан бірер күн бұрын сіздердің газеттеріңізден әлем чемпионаты туралы мақала оқыдым. «Камерун құрамасының сұрмергені Самуэль Это'О өз елінің спорт министрлігі беретін сыйақыны азсынып, оған күлді» депсіздер. Е, күлмегенде! Күлмек түгілі, «Бразилияға бармаймыз» деп бүкіл Камерун құрамасы жексенбі күні ұшаққа отырмай, шу шығарып, лаңды салды.

Эпиграф
Қараптан қарап отырып, адамның аузын қыздырасыздар ғой, осы. Кешіріңіздер, футболды жете түсінбейтіндіктен бе, әлде әдейі істейсіздер ме...
Қойшы, бірнеше күн теріме сыймай, бұлқан-талқан болдым да, ақыры сіздерге жауап жазуға бел будым. Бір жағынан, әлем чемпионатының боладысына естері кетіп, еліріп жүрген замандастарыма ой салармын деп те ойладым. Егер осы жазғандарымды «Алаш айнасы» газетінің сайтына шығарсаңыздар, ырза болар едім...
Досымның мәтелі
Әлқисса, сөзімді әріден бастайын. Менің орақ ауыз, тілі мірдің оғындай бір досым бар. Сол «әлемді секс, футболды ақша билейді» деген «мәтелін» жиі айтады. Өзінің шығарғаны.
Білмеймін, секс әлемді билей ма, жоқ әлде саясатқа әсерін тигізе ме, онда менің шаруам жоқ. Тіпті «кімді кімнің бұты билейді, кімді ненің құты билейді» оған да сөз жарыстырайын деп отырған жоқпын.
Бірақ... бірақ бала кезімізде кітапты көп оқыдық. Сол кездері «жүз мыңдаған жаудың айбынды әскерінен де сескенбейтін, өзінің қалың қолын сұсты көзімен-ақ аяқтарына тік қоятын, жүрегінің түгі бар батырлар да өздері ғашық болып қалған қаршадай қыздың алдында асып-сасып, қызарақтап, көзіне тіке қарай алмай, сөзден тұтылып, әбігерге түскен» деген сөздерді жиі оқитынбыз.
Қазір заман басқа, сұсты қолбасшылар көлеңкеде қалған. Ел назарында негізінен – мемлекет басшылары мен саясаткерлер. Бәлкім, олар да бұрынғының батырлары сияқты тал шыбықтай мың бұралған сұлулардың алдында қара терге түсетін шығар...
Әйтсе де, менің айтайын дегенім бұл емес. Айттым ғой жаңа, саясат пен секске төреші болар жайым жоқ. Менің жазайын дегенім, менің мойындайтыным – футболды ақша билейді! Ол анық.
Сиықсыз сыйақы
«Даудың басы Дайрабайдың көк» сиыры демекші, бәрі де «Алаш айнасы» газетінің «Самуэль Это'О 83 мың доллар сыйақыны азсынып, күлді» деген мақаласынан басталып отыр. Әрине, ол күледі. Күлгенде қалай-ау. Тіпті бір жерін ашып тұрып күлетін шығар. Оның бір күндік жалақысына жетпейтін сыйақысымақты олайда-бұлай есептеп, Қарақұрлықтағы Это'О тұрмақ, айдаладағы мені де күлкі қысып отыр.
Өйткені оның «Анжи» клубындағы бір жылдық жалақысы 20 миллион евродан асып түсетін. Тіпті кейбір басылымдар «ол Махачкала клубында жылына 28,8 миллион евро ақша табады» деп жазған да. Осы деректерге сенсек, Самуэль Это'О Ресейде жүріп, күніне (!) өз елінің спорт министрлігі уәде берген сыйақыдан әлдеқайда асып түсетін ақша тапқан. Ал олар оның сол бір күндік жалақысына да жетпейтін қаржыны екі айға жуық уақытта төлемейміз дейді (олар бір айдай әлем чемпионатына дайындалып, жаттығу жиындарын өткізіп жүр ғой)...
Енді Ресей басылымдарында жарияланған бір дерекке тоқтала кеткім келеді. Мысалы, Англия құрамасы әлем чемпионы болса, онда олардың әр футболшысына 350 мың фунт стерлинг төленеді екен. Ал осы ағылшындардың бесаспап шабуылшысы Уэйн Руни «Манчестер Юнайтед» клубында аптасына 300 мың фунт алады!
Сонда есептей беріңіз, Руниге екі айға жуық уақытта 350 мың фунт тапқаны ұтымды ма? Жоқ әлде, өз клубында осындай уақыттың ішінде 2,5 миллионды жан қалтасына басқаны пайдалы ма?
Лионель Месси мен Криштиану Роналду туралы мүлде тіс жарып, ештеңе айтпай-ақ қояйын. Әйтсе де, базбіреулердің «Месси өз клубында басқа да, Аргентина құрамасы сапында мүлде өзгеше... айырмашылығы жер мен көктей» деп жазатындарға таң қалатындығымды сөз арасына қыстыра кеткім келеді. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, неге солай? Неге?..
Жұлдыздарға ең жаман «жұт» – жарақат
Менің ойымша, биылғы әлем чемпионатында да әйгілі футбол жұлдыздары мундиальдың ең үздік ойыншысы болмайды. 2010 жылғы әлем чемпионатындағыдай Диего Форлан секілді супержұлдыздардың тасасында қалған ойыншылар бар күш-жігерлерін салып, топ-клубтардың көзіне түсуге тырысулары керек. Ал азулы клубтарда ойнайтын футбол жұлдыздары үшін ең басты мәселе, жарақат алып қалмау деп ойлаймын.
Өз басым ешқандай футбол жұлдызын сөкпеймін. Теңбіл доптың жарық жұлдыздары үшін жауап беріп, сырттарынын тон пішпей-ақ қояйын. Бірақ олардың орындарында мен болсам, тізгінімді тартыңқырар едім. Тура солай. Өйткені бармай қалуға тағы болмайды. «Халық жауы» атанбасаң да, өз еліңдегі жанкүйерлерге жаман атты боласың. Қызу қанды бұзықтардың Колумбия жанкүйерлері сияқты бір емес, 12 оқпен атып кетулері де мүмкін ғой.
Өздеріңіз айтыңыздаршы, биыл Сочи Олимпиадасында ресейлік Евгений Плющенко мұзайдында өнер көрсетуден бас тартқанда, не болды? Сондықтан баруға тура келеді. Бірақ жарақат алып қалмау жағын ойлар едім. Егер мен өз клубымда аптасына 300-500 мың евро тауып отырсам. Ал әлем чемпионатында маған 300 мың доллар сыйақы төлейміз деп уәде берсе. Ақиқатын өздеріңіз-ақ айтыңыздаршы, арамтер-алаөкпе болып не жыным бар?!
Кімдер жанын салады?
Сіздер менің пікірім «әлем чемпионатында ешкім де барын салып, жан-тәнімен ойнамайды» дегенге саяды деп, ойлап қалмаңыздар. Шыбын жандарын шүберекке түйіп, шүмектетіп тер төгетіндер де көп. Өте көп. Топ-клубтардың сапында ойнауды арман тұтатын орта деңгейден жоғары футболшылар мен жас таланттар аянбай шапқылайтын болады.
Тағы бір мысал, АҚШ құрамасының 21-ге енді толатын қорғаушысы, «Сиэтл Сандерс» клубының ойыншысы Деандре Йедлин әлем чемпионатында ойнағаны үшін 76 мың доллар сыйақы алады екен. Бұл – оның бір жылдық жалақысынан екі есе көп. Әрине, ол жанын салады.
«Жеңгетай» дайын болса, жеңімпаз «дайын»...
Естеріңізде ме, 2004 жылы Грекия құрамасы Еуропа чемпионатында жеңіске жетіп еді ғой. Сол сияқты биылғы әлем чемпионатында да ортаңқол құрамалар чемпион болып жатса, өз басым таң қалмаймын.
Содан соң (бұл да менің жеке пікірім), биылғы әлем чемпионатында төрешілер Бразилия құрамасын «қолтығынан демеп», білдіртпей жебеп, болысатын шығар. Өйткені Бразилия халқы өздерінде әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарын өткізуге қарсы. Ереуілге шығып, наразылықтарын білдіруде. Егер Бразилия құрамасы жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанса, толқыған, ашынған халық сабаларына түсіп, қуанышқа кенеліп, азын-аулақ уақыт болсын, бәрін де ұмытатын шығар...
Адамзатты арбаған – аяқдоп па, ақша ма?!
Негізгі айтайын дегенім, осы. Бірақ бұл «футболды ақша билейді» деген пікірімнің бір тармағы ғана. Дәлел ретінде келтіре берсек, дәйек көп. Ерназар қария «сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, футболдың бүкіл тақырыбы бір төбе де, аяқдоп ойындарына бәс тігу (ставка қою) – ол да өз алдына бір төбе, дүние.
Сондай-ақ сол Ерназар қарияға қыздарын берген бәйбіше «сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» дегендей, барлық кубоктық додалар бір төбе де, Чемпиондар лигасы – бір төбе. Футболдан түсінігіңіз болса, осылардың бәрін өзіңіз де саралап, менің пікірімді құптарсыз.
Айтпақшы, жақында Чемпиондар лигасының финалында «Реал» мен «Атлетико» додаға түсті ғой. Сонда, осы біздің Алматыдағы бір қазақ «Атлетикоға» 25 мыңдай ақша тігіпті. Теңге емес, доллар! Мен де басында теңге екен деп қалғанмын.
Сода-ан, матчтың 36-минутынан бастап, «ертең барып 75 мың долларды санап тұрып аламын» деп алақанын ысқылып, диванның үстінде секіріп отырған ағамыз... 93 минутта Серхио Рамос есепті теңестіренде, ...жалп ете қалыпты. Тәубә, тірі әйтеуір.
Қазір біз оның жанына барып, «Реал» мен Испания құрамасының бар болғыр, әлгі қорғаушысының атын атай алмаймыз. Абырой болғанда, Серхио Рамос алыста, біздің ағайдың қолына түспейді.
Жағдай солай, соңғы секундтарда уысынан сынаптай сусыған 75 мың долларды әлі ұмыта алмай, солып-семіп, аһ ұрып жүр... Жә, мен осымен қоя қояйын. Өйткені бұл жазғанымды әлгі ағам оқыса, қаны басына қайта шапшиды. Ал, жеңгем мені түтіп жейді...
Нүкте
Мен болдым, ағайын. Айып етпеңіздер, нүктемді досымның сүйікті «мәтелімен» қойғым келеді. Өйткені осы бір сөз тіркестері маған да қатты ұнайды: «Әлемді секс, футболды ақша билейді»...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста