Әлемдегі ең атақты спортшы дүниеден озды
Үш дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы атағына түркиялық ауыр атлет Наим Сүлейменоғлы 50 жасында дүниеден озды. Бауыр циррозы дертіне шалдыққан әлемдегі ең атақты ауыр атлетті дәрігерлер ажалдан аман алып қала алмады.
Наим Сүлейменоғлына 11 қараша күні Аташехир қаласында ота жасалған еді. Алайда дертінің беті бері қарамаған спортшы жарық дүниемен қош айтысты.
Ауыр атлет Болгарияда дүниеге келген. Алғашында осы елдің атынан жарыстарға қатысқан. 16 жасында әлем чемпионатына қатысып, күміс алған. Жеңіл салмақта (56 келіге дейін) жұлқа көтеруде әлем рекордын орнатқан. Кейіннен Болгария құрамасы сапында тағы екі әлем чемпионатына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.
1986 жылы Наим Отанына оралады. Түркияның азаматтығын алып, Шаламанов деген тегін Сүлейменоғлы деп өзгертеді. Түркия атынан жарысқа қатысу үшін арнайы рұқсат қажет болды. Болгария Түркия ауыр атлетика федерациясынан 1 миллион доллар талап етті. Мұны түріктер төлеп, спортшы халықаралық жарыстарға қатыса бастады.
Наим Сүлейменоғлы 1988 жылы 21 жасында Сеул Олимпиадасында чемпион атанды. Одан кейін 1992 жылы Барселонада, 1996 жылы Атлантада да оған тең келер ешкім болмады. Ауыр атлетиканың алыбы 5 рет әлем чемпионы, 2 рет Еуропа чемпионы атанды. Өз салмағынан (60 келі) үш есе артық салмақты көтерген Сүлейменоғлы спорттық ғұмырында 46 әлемдік рекорд жаңартқан.