Қазақ боксының аймақтардағы қазіргі деңгейін анықтау мақсатымен өтіп жатқан Қазақстан бокс федерациясының кубогы жолындағы шаршы алаң бәсекелері ел ордасы Астанаға да келіп жетті.
Еліміздің екі қаласы мен 14 облысы төрт аймаққа бөлініп сынға түсіп жатқандығы белгілі. Кубок жолындағы бәсеке «Батыс» аймақтан бастау алғандығынан да хабардарсыздар. Енді жекпе-жектер «Шығыс» дивизионына ауысты. Шығыс аймағындағы топқа кіретін Астана қаласы мен Павлодар облысы 10 салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектер қорытындысы бойынша командалық есепте өзара мықтыны анықтады. Доданы өткізудің ережесі бойынша, команда сапында екі легионердің өнер көрсетуіне мүмкіндік бар. Бірақ Астана мен Павлодар командалары сырттан боксшы әкелмей-ақ, өз аймақтарында бокспен шұғылданып жүрген жігіттерді команда сапына тартыпты. Жекпе-жек кешінің алдында «астаналықтардың құрамы керекуліктерге қарағанда мықтырақ екен» деп мамандар өз ойларын ортаға салып та үлгерді. Өйткені елордалықтар команда сапын ел чемпиондарымен және тәжірибелі боксшыларымен күшейткен еді. Бірақ қонақтар лайықты қарсылық таныта білді. Шаршы алаң жекпе-жектері АІВА (Халықаралық әуесқой бокс федерациясының) жаңа ережесіне сай өтіп жатқандығын тағы да бір рет естеріңізге сала кетейік. Сонымен, жекпе-жектерге аз-кем тоқталып өтсек.
Алдымен 49 және 52 келіде елордалық боксшылар Ілияс Сүлейменов пен Азат Махметов жеңіске жетті. Ілияс павлодарлық Жандос Дюсековпен қолғап түйістірген. Екеуі бұған дейін шаршы алаңда кездеспегенімен, бір-бірінің айла-тәсілдерін жақсы біледі екен. Дегенмен де биылғы ел чемпионатының финалында тәжірибелі боксшы, ұлттық құраманың белді мүшесі Біржан Жақыповты ұтып, ел чемпионы атанған Сүлейменов кездесу басынан-ақ керекулік қарсыласын соққының астынан ала бастады. Бірақ төрешілер Сүлейменовтің Дюсековке дәл тиген жеті соқысын ғана есепке алды. Нәтижесінде бұл текетіресте астаналық боксшы 7:2 есебімен жеңіске жетіп, өз командасын алға шығарды. Ілиясқа кездесу жайлы айтып беруін өтінгенімізде: «Мен бұған дейін Жандоспен шаршы алаңда кездескен жоқпын. Бірақ Қазақстан чемпионатының алдындағы жаттығу жиындарында спарринг кездесу өткізгенбіз. Ширақ қимылдайтын жақсы боксшы, бірақ бұл күні менің бағым басым болды», – деп жауап берді.
Ал 52 келідегі шаршы алаң иесі Азат Махметов павлодарлық Сұңғат Мұхажановты 9:3 есебімен ұтып, астаналықтар 2:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін жиналғандар үшінші жекпе-жекті де елордалықтардың пайдасына шешіп қойған. Өйткені шаршы алаңға былтыр Миландағы әлем чемпионатына қатысушы, Азия біріншілігінің жүлдегері, тәжірибелі боксшылардың бірі Қанат Әбутәліпов көтерілген болатын. 56 келі салмақ дәрежесі бойынша павлодарлық Асылбек Оспановпен қолғап түйістірген Қанат 8:10 есебімен жеңіліп, жергілікті жанкүйерді жерге қаратты. Сенім артқан Қанат қарсыласын шаршы алаңға менсінбей шыққан болуы керек. Оңбай таяқ жеді. Төрешілер тіпті керекулік боксшының бір-екі соққысын есепке де алмады. 60 келіде шаршы алаң иесі Думан Әлімов қарсыласы Фархат Дүйсенбаевты сұлатып салып, таза жеңіске қол жеткізді.
64 келі салмақта астаналық Алматбек Ағыбаевқа Азамат Смағұлов қарсылас атанып, бірқалыпты жағдайда өткен кездесуде екі ұпай айырмашылығымен (есеп – 3:5) Смағұлов жеңіске жетті. 69 келі салмақта Бақытжан Қожабеков павлодарлық қарсыласы Сергей Скакунды 8:3 есебімен ұтса, 75 келіде Кереку намысын қорғаған Данат Иманбеков астаналық Қайрат Ерсұлтановты 5:7 есебімен ұтты. Бұдан кейін Астана командасы сапынан 81 келідегі Азамат Белгібаев қана жеңіске жетті. Ал Павлодар командасы сапынан 91 және аса ауыр салмақта Сергей Гончаров пен Дмитрий Готфридтер өз жекпе-жектерінде басымдықтарын байқатты. Қорытынды есеп – 6:3, Астана командасы жеңіске жетті. Енді олардың келесі қарсыласы 7 тамызда Өскеменде жергілікті боксшылармен Алматы облысының арасындағы жұдырықтасулардан кейін анықталатын болады.
Әбутәліповтің әлі қалмаған ба?
Последние статьи автора