Ресми Рим 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарын өзінде өткізу үшін барын салып жатыр. Осы мақсатқа жетуді көздейтін бірегей жоба көпшілікке таныстырылып та қойды деп хабарлайды 24.kz.
Әлемдегі ең танымал спорт додасын өткізуге Париж, Лос-Анджелес, Будапешт те білек сыбанып кірісті.
«Бірақ оларға қарағанда гладиаторлар қаласының мүмкіндігі зор», - дейді жергілікті ұйымдастырушылар. Себебі Рим өзінің ежелгі алаңдарын кеңінен пайдалануға ниетті.
Жоба авторларының есебі бойынша Олимпиада ойындарын өткізуге қыруар қаржы шашылмайды. Римнің әлемдегі ең ірі спорт шарасын ұйымдастыруға жұмсайтын ақшасы 6 миллиард еуроға да жетпейді.
Рим Олимпиада эмблемасына әлемге кеңінен танымал символын белгілеген. Бұдан басқа, сайыстар тарихи орындарда өтпек. Олардың қатарында Чирко Массимо, Үлкен Рим циркі бар. Бұл жерлерде біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда арбамен жарысу, аң аулау мен атлеттер додасы өткізілген. Сонымен бірге, көне қаланың көшелері де жарыс алаңына айналмақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қажетті ғимараттардың 70%-ы дайын. Тек Олимпиада қалашағын, медиаорталық пен тағы бірнеше жаңа арена салынуы керек.
Рим 1960 жылы Олимпиада өткізіп, миллиондаған туристерді өзіне тартқаны бар. Одан кейін мұндай мүмкіндікті тағы екі рет жеңіп алды. Бірақ 1908 жылы Везувий жанартауының атқылағасын, ал 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты Олимпиада ойындарын өткізе алмады. Енді 2024 жылғы Олимпиада қожайынын анықтау қалып тұр. Оған дауыс беру шарасы 2017 жылдың қыркүйегіне белгіленген.
Дереккөз: 24.kz