Жусан иісі немесе адасқан жылқының иесін іздеген қазақ
«Түйені түгімен жұтқан» деген теңеуді жолда қалдырып, тіпті амалын тапса ауадан да ақша жасауға дайындар көбейіп тұрған заманда «жылқы жоғалтқан кім бар?» деп жар салған азаматтан күллі адамзат болып айналсақ та жарасатындай. «Ау, ондай адам қалды ма бүгінде?» дерсіз, бәлкім. Ақша емес, адалдықты ту еткен Алаштың арда азаматы таяуда талай жұртты таңғалдырды, тазалығымен тамсандырды.
«Мына жылқылардың осы аймақта жүргеніне екі айдың жүзі болды. Екі ай бұрын соққан қатты бораннан кейін үйірінен адасып қалған болса керек. Алғашқыда қоңды еді. Қазір қатты титықтап, әлсірей бастаған. Қалың қарға батып шыға алмай қалған кездері болды. Жылқы суыққа төзімді келеді, бірақ аштыққа шыдамайды. Биыл ауа райының қолайсыздығынан қардың асты мұз болып қатып жатыр. Жылқы өз бетімен тұяғын серпіп, қар астындағы шөпті жей алмайды. Сондықтан өзім күнде сүйіп тамашалайтын «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы жылқылардың иесін іздеуді жөн деп таптым», – дейді Қайрат Байқожа есімді азамат «Қазақстан» ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасының редакциясына қоңырау шалып.
«Астана-Көкшетау тас жолында, қаладан 20 шақырым қашықтықта жайылып жүрген жылқының иелері біз едік», – деп, аталған ақпаратты құлағы шалған қаншама адам редакцияға хабарласып үлгерген, бірақ біразы жылқының ені мен түр-түсін нақ басып айта алмай шатасса, ал редакцияға арнайы іздеп келгендері сюжетті қайталап көрген соң, «бұл біздің жылқы емес екен» деп кері қайтса керек.
Жалпы, біздің айтпағымыз, жылқы туралы емес, оның жоғы түгенделе жатар. Баяғыда бір батыр елін тастап, жат жұртқа кетіп қалса керек. Артынан барған талай елшінің сөзін елең қылмай, көзін шел баса бастаған әлгі батырға бір тапқыр жусанды иіскеткенде, әлгінің көзінен тамшы жас үзіліп түсіп, туған еліне қайтқан еді ғой. Яғни жусанның қасиеті, кіндік кескен топырақты еске түсіргендігі болып тұр ғой. Сол секілді жаһанданудың жетегіне ереміз деп жат жұртқа еліктеп, болмысымыз да бөтен кейіпке еніп бара жатқан тұста кенет осындай бір үннің естілгені, қалғып кеткен қазақылығымызды селк еткізіп оятқандай. Кәдімгі қаймағы бұзылмаған қазақы қалып... Жылқының жоғы... Дәлірек айтсақ, жоқ іздеген емес, үйірінен адасқан жылқының иесін іздеп...
Айтпақшы, адасқан қос жануардың бірі, боз бие құлындауға жақын сияқты. Бұйырса, екі жылқы иесіне үшеу боп қайтқалы тұр. Жылқының иелері де Құдайына қараған жандар екен, малы басқа емес, адал адамның үйіне барып үйірілген. Енді тек барымташылардан сақтасын дейік, ал жылқы жоғалтқан жан болса, «Таңшолпан» бағдарламасының редакциясына хабарлассын.
Тел: 8(7172)553815