Жетімдер үйі жоқ ел болсақ...
Жасыратын несі бар, бүгінгі қазақ «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық» дәрежесінен, «жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөзден алыстап кеткен сыңайлы... Себебі интернат-мектептердегі табаны тесілген тас жетім – тұлымды ұл мен бұрымды қыздар жөніндегі деректер мен мәліметтерге көңіл аударсаңыз, жоғарыда айтылған жүрек қылын шертер ұлы сөздерге бас имей отырғандығымызды көресіз. Өкінішке қарай, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған тұл жетімектерді айтпағанда, өзегін жарып шыққан өз баласын қорғансыз қалдыратын, жиі ұрып-соғатын ата-аналардың кесірінен қоғамда тірі жетімдердің қатары көбеймесе, азаймай отыр. Ең сорақысы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жегіқұрты осы қорғансыздардың еңбегін пайдалану, жетімдердің несібесін жымқыру ауанына да ауысып, араны ашылып бара жатқанға ұқсайды. Бұлай демей көріңіз, соңғы жеті жылдың көлемінде пәтер кезегіне тізілген 14 мыңнан астам жетімнің небәрі 800-ге жуығының ғана қолына пәтер кілті тиген. Пайызға шаққандағы көрсеткіш – 5 пайыз. Осыдан кейін жетімдерімізді жебеп отырмыз дегенімізге кім сенеді?
Жетімін жылатпаған жұрттың дүниетанымында ата-анасынан көз жазып қалған тұл жетімді тағдырдың тәлкегіне тентіретпей, ағайын арасында жылатпай өсіріп, қоғам назарынан тыс қалдырмауға тырысты. Қазір сол қалыптасқан дәстүрлі үрдіс пен қазақ арасындағы нәзік жіп үзілгендей. «Бір қызым бір қызымнан сорақы» демекші, түсінігімізге мүлдем жат тірі жетімдер, қазіргінің тілімен айтқанда, «әлеуметтік жетімдер» деген топ пайда болған. Дәлірек айтқанда, ата-аналары көздері тірі бола тұра, түрлі әлеуметтік себептерге байланысты бас тартқан жәудір көздер. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқығын қорғау комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2011-2012 жылғы оқу жылына арнайы жүргізілген санақ бойынша елде 36 800 мың жетімек тіркелген. Оның ішінде 21 600-і қамқоршылар үйлерінде тәлім алып жатса, 2300 бала патронаттық тәрбиеде көрінеді. Ал 13 мың бала интернат-мектептерде күнелтуде, 1600 бала денсаулық сақтау мекемелерінің қарауында (бұлар 1-4 жас аралығындағы сәбилер – авт.). Сондай-ақ, 800-ге жуық мүгедек бала ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына берілген. Ресми деректер бойынша, мемлекет бюджетінен әр жетімектің бір жылдық қамы үшін 1 млн теңгенің көлемінде қаржы бөлінеді екен. Алайда ешқандай қомақты қаражат баланың отбасынан алған тәлім-тәрбиесін де, өзге құндылықтарды да өтей алмайтынын мамандар жарыса айтады. Сондықтан күн өткен сайын күрделеніп, күрмелене түскен әлеуметтік жетім сынды әлеуметтік мәселенің алдын алып, томардай түйінін тарқатар жауапкершілігін ең алдымен әлеуметтің өзіне жүктеген жөн бе?! Мамандардың пікірінше, елдегі интернат-мектептердегі, әсіресе 18-23 жас аралығындағы жасөспірімдер үйінің жұмыс тәртібі көпшіліктің көңілін көншітпейді. Себебі қағаз жүзінде жұмыс істеуге әдеттенген балалар үйінде балаларға күш көрсету, зорлық-зомбылық жасау, тамақтану барысында санитарлық талаптардың сақталмайтындығы жөнінде фактілер жиі тіркелген. Сол себепті тығырықтан шығаратын жол біреу деседі, ол – елде бала асырап алу, қамқорлыққа алу, патронаттық тәрбие жүйесін дамыту арқылы жетімдердің отбасында тәрбие алып, өсуіне жағдай туғызу.
Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:
– Жетім балалардың тағдырына жауапты шенеуніктер мен мекемелер жетімдердің мәселесін қашан шешеді екен деп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Жыл сайын балалар үйінен тұрмыс-тіршілікке бейімделмеген жүздеген жастар өсіп шығып жатыр. Бұған бейжай қарауға болмайды. Қазақстанда бүлдіршінге қамқор қолын соза алатын қаншама азаматтар бар, әр баланың отбасында тәрбиеленуіне жағдай тудыру керек. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін әр баланың отбасы жағдайында өсуіне мүмкіндіктер тудыратын жүйе қалыптаспай келеді. Бұл – елдегі әлеуметтік қорғау саласындағы жүйенің шалалығы. Бала мен отбасыға бағытталған әлеуметтік қызмет көрсету саласының дамымағандығын көрсетеді. Елде балалар құқығын қорғауда бірыңғай саяси жүйенің қалыптасып, жетімдер мәселесі мемлекет деңгейінде, жалпыұлттық стратегия деңгейінде шешілуі тиіс. Жетімдердің құқығын қорғау жауапкершілігіне келгенде мекемелер арасында бірізділік жоқ, олар қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Сондықтан жетімдердің тағдырын бастан-аяқ жауапкершілігіне алатын бір-ақ ведомство болуы керек. Ол – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Тағы бір соны мәлімет, Қазақстанда жетім балаларды қамқорлығына алушылар мен патронат тәрбиешілер қатары артпай отыр. Мұның бір ғана себебі бар – қамқоршылар мен патронаттық тәрбие беру саласына бөлінетін қаржының мардымсыздығы. Мұның қасында интернат тәрбиешісі ай сайын 70 мың теңге көлемінде жалақы алса, ал бір бала үшін қамқоршылар 17 мың теңге, патронат тәрбиелеушілер 27 мың теңге алады екен. Жетім балаларды асырап алу мәселесіне келсек, көбінесе қолжетімді ақпараттың болмауы асырап алушылардың қолын тастай байлайды. Себебі – шынайы ақпарат беруге интернат мекемелерінің қызметшілері де мүдделілік танытпайды екен.
Аружан САИН, «Қайырымдылық» еріктілер қоғамының бас директоры:
– 2012 жылы «Қайырымдылық» еріктілер қоғамы Балалар құқығын қорғау комитетімен біріге отырып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың мәліметтері жинақталған онлайн-банк ашқан болатынбыз. Себебі елдегі жетім балаларды есепке алу ісінде жариялылық пен ашықтық болуы керек. Ресей бұл жүйені 2001 жылы қолға алды. Бала асырап алуға, қамқорлық жасауға ниет білдірген адамдар қолжетімді ақпаратты онлайн-банктен алады. Қазақстанда үгіт-насихат жұмыстарының жеткіліксіздігінен жомарт азаматтар тиісті деңгейде жетім балаларға қамқорлық көрсете алмай келеді. Мәселен, біз бір жылдың көлемінде онлайн-банк базасына 2200 анкета жинап үлгердік. Есесіне, 57 жетім бала осы портал арқылы өздеріне отбасы тапты. Өкінішке қарай, анкеталарға қол жеткізу қиямет-қайым. Осы тығырықтан шығу үшін ауқымды деңгейде интернет-банк ашсақ деген ойымыз бар. Қазақстанда 13 мың бала болса, базаға сол 13 мың баланың барлығының мәліметі жинақталуы керек.
Жетімдер үшін ең өзекті мәселенің бірегейі – баспаналы болу. Дәл қазіргі таңда кезекке тұрған 8000-ға жуық жетім баспанадан дәмелі. Алайда бюрократиялық себептердің салдарынан 2000-нан астам жетім баспана кезегіне тіркеле алмаған. Жетімдердің баспаналы болуы өз алдына бөлек әңгіме, қазір кейбір жетімдердің иелігінде бар үйлерді сақтап қалудың өзі мұңға айналып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жеті жылда республика бойынша 14 мың баланың 832-сі ғана өздеріне тиесілі пәтердің кілтіне ие болған.