Жетімдер қалай жетіліп жатыр?
Жер басып жүрген жұмыр басты пендеге деген өмірдің сынағы жетіп-артылады. Тағдырыңнан қашып құтылу мүмкін емес те. Сондықтан әркім өзінше әрекет етіп, қиындықтан шығатын жол іздеп жатады. Өмір болған соң, күндерінің ылғи қуанышты сәттерден тұрмайтыны рас. Жаратушысы маңдайына жетімдікті жазған тағдыр иелерінің көлеңкелі күндерді бұғанасы бекімесе де, қабырғасы қайыспай көтеріп жүргеніне жаның ашиды. Ата-анасынан түрлі себептермен ажырап қалған бейкүнә бүлдіршіндер балалықтың бал дәмін сәби кезінен сезініп өспесе де, өмір сүруге талпынуға тырысады.
Қолымызға қалам алуымызға түрткі болған аты-жөнін көрсетпеуді өтінген патронат ата-ананың әңгімесі еді. Отбасына бейімдемек болып, «Алға» балалар үйінен алған баласымен үш жылдан бері тіл табыса алмай келеді екен олар. Айтуларынша, бұған дейін интернаттық режимде тәрбиеленген баланың мінезі өте ауыр, аяушылық сезімі жоқ, тез ренжігіш көрінеді. Тамақ пісіру, үй жинау секілді шаруаларды тапсырса, «мен сендерге құл емеспін, маған ата-ана боламын деп алдыңдар ма, енді өз міндеттеріңді атқарыңдар» деп дүрсілдейді екен. Тек үйде ғана емес, жоғарғы сыныпта оқитын бұл оқушының үстінен балалар түгіл, мектеп директорының өзі де бірнеше рет ата-анасына шағымданыпты. Ал бірге оқитын сыныптастары өз аттарына айтылған қарғысты естігеннен кейін бойларын аулақ ұстауды жөн көрген. Бір өкініштісі, бойында жек көрушілік, кек қайтару сияқты жаман әдеттері басым бойжеткенді қазіргі ата-анасы болашақта қандай отбасын құрып, өмірі қалай өрілер екен деп уайымдайды. Себебі оң-солын танып қалған жоғарғы сынып оқушысының тым болмағанда ақшаны ажырата білмегенінің өзі оларды алаңдатып отыр. «Бірде қолына 500 теңге беріп, дүкенге жұмсадым. Қажетті бұйымы 200 теңге тұрады екен. Ол болса сауда жасап отырған адамға 500 теңгені беріпті де, қалған ақшасын алмастан үйге қайтып келіпті. Мәселе менің 300 теңгеге желініп қалғанымда емес, баланың соны есептей алмағанында ғой», – деп шыр-пыр болды патронат ана.
Айтса, айтқандай, балалар үйінде тәрбиеленушілерге ақша ұстайтындай қажеттілік жоқ. Тамақ дайын, киім жуулы. Бөлме жинаулы. Бұл істердің бәрімен жауапты адамдар айналысады. Сондықтан да тәрбиеленушілердің көбі ақшаның суретін теледидардан ғана көргендер деуге болады.
Жанна ДҮЙСЕНБИНА, Ақтөбе облыстық жасөспірімдер директоры:
– Біздің балаларымызды мүлдем артта қалған дей алмаймын. Олар балалар үйінде тұрғанда ақша ұстап көрмеді екен деп, бәрін бірдей өмірге қабілетсіз деуге болмайды. Бір үйдің балаларында кездеспейтін бауырмалдық, қамқорлық осы балалардан табылады. Бірін-бірі кішкентайынан біліп, қиын күндерді бірге өткізген тағдырлас болғандықтан да болар, олар ешқашан бірін-бірі далада қалдырмайды. Осы жердегі тәрбиеленушілердің біреуі бір компанияға бүгін жұмысқа орналассыншы, бір айдан кейін сол жерде осылардың бесеуі жұмыс істеп жүреді.
Текте де бір сыр бар-ау...
Балалардың тағдыры әртүрлі. Ата-анасыз қалу себептері де бір-біріне ұқсамайды. Араларында өмірге өкпелілері де, бақытсыздығын біреуден көретіндері де бар. Бірақ оны балалар үйінде алған тәрбиенің салдарымен байланыстыруға болмайды. «Алманың алма ағашынан алысқа түспейтіні» заңдылық болса, баланың тегіне, жатырына тартпауы мүмкін емес. Баланың тұлғалық ерекшелігінің 80 пайызға жуығы ата-анасының гені арқылы қалыптасатынын ұмытпауымыз керек.
Мәдина ИСЛАМҒАЛИЕВА, болашақ психолог:
– Балалар үйінде болғанда бәріміздің жағдайымыз бір болғаннан кейін көп нәрсеге мән бермейді екенсің. Оқуға түскен жылдары ата-анасы бар балалармен бір топта оқу мен үшін қатты қиын болды. Қандай жағдай болсын, олар үйлеріне қоңырау шалып, әкесімен не шешесімен ақылдасып жатады. Сондай кезде өзің туралы ойлауға, сенің ешкімің жоқ екенін есіңе алуға мәжбүр боласың. Мен ол балаларды кінәламаймын. Олардың ойында бұл туралы басқа ой жоқ екенін білемін. Бірақ әркімнің ауыратын жері өзінің ғана жанына батады ғой.
Ата-ананың бала үшін жалғыз жақын адам екені бесенеден белгілі. Мұндай бақыт маңдайына бұйырмаған балалардың өз күшіне сенгеннен өзге таңдаулары жоқ. Әдетте олар үйде өскен балаларға қарағанда үй шаруасына икемсіздеу болса да, өмір сүруге пысық, қиындыққа төзімді келеді. Әсіресе бүгінгідей техниканың дамыған заманында осы жағынан сауаттырақ екендері көрініп-ақ тұр. Қазір 77 жеткіншек тұрып жатқан облыстық жасөспірімдер үйінің әр бөлмесі балаларды тұрмысқа бейімдеуге бағытталып, жасақталыпты. Тамақ пісіріп жеуге, түр-тұлғаларын қалыпқа келтіруге, ем қабылдауға арналған бірнеше кабинет пен кітапхана, компьютер және мерекелік шара өткізетін залдары тап-тұйнақтай жинаулы тұр. Аталмыш мекемеде жұмыс істейтін 30-ға жуық маман өз тәрбиеленушілеріне бар білгендерін үйретіп, олармен туысындай жақын қарым-қатынас орнатқан дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Бровко. Тіпті өткен жылы осы жерден қанаттарын қағып, отбасын құрған ұл-қыздарын қонаққа шақырып, немерелерімен танысу кешін ұйымдастырған көрінеді. Тұлымдары желбіреген бүлдіршіндеріне өздері сезіне алмаған ата-ана мейірімін төгіп отырған тәрбиеленушілерін көз алдына елестетіп, бір толқып алды басшы.
Мекеменің өз психологы, заңгері, адвокаттары бар. Керек кезінде бұл мамандардың бәрі де тегін көмек көрсетеді дейді жастар үйінің директоры. Ата-анасынан қалған жылжымайтын мүлікке қатысты біраз даулы іс сотта қаралғанда балалардың пайдасына шешіп беруге ол кісілер үлкен үлес қосқан көрінеді.
Біреу тойып, біреу тоңып секірген қым-қуыт қоғамда онсыз да тағдыры маңдайынан сипай қоймаған жетім балаларды сотқа сүйреп, жылатып жүргендер ақыреттің азабы туралы ойламайтындар болар. Әйтпесе жетімнің ақысын жегеннен немесе оған тиесілі баспанасына ортақтасып, реті келсе, тартып алғаннан бұл өмірде қандай бақыт күтіп тұр дейсіз соларды?!