Жер сілкінсе де «сілкінбейтін» елге айналып барамыз
Жер-ана мінез көрсетіп, 28 қаңтар күні түнгі сағат 22:38 шамасында Алматыдан 227 шақырым қашықтықта күші 6,3 магнитуда болатын жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпулер қуаты Алматы қаласында 4,5 балға жетіп, жұртты біраз әбігерге салып кетті. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы мәліметіне сүйенсек, зілзаладан кейін магнитудасы 4-ке жететін 11 афтершок тіркелген. Ол аздай, кеше еліміздегі «Сейсмология институты» күшті зілзаладан кейінгі дүмпулер апта, тіпті бір ай бойы жалғасуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар ресми дерек көздері жер сілкінісінің эпицентрінде, яғни Алматы облысына қарасты Райымбек ауданында қайтыс болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқтығын жариялады. Шүкір, делік! Десек те, бұл зілзала біздің төтенше жағдайларға қарасты құзыретті орындардың бейқамдығын байқатқандай болды.
Бейқамдық – 1
Мысалы, біріншіден, «Сейсмология институты» ЖШС-нің seismology.kz сайты 16-22 қаңтар аралығындағы сейсмологиялық қадағалаулардың материалдарын қарастырып және талқылай келе Алматы болжамдық полигонының аумағында 2013 жылғы 24-30 қаңтар аралығында MSK-64 сейсмикалық шкаласы бойынша I≥7 балл қарқынды жер сілкіністері болмайды деп қорытындылаған болатын. Бірақ бұл болжам жоққа шығып, жер дүмпуінің магнитудасы 7-ге жетпесе де, 6,6 балл деңгейінде жер сілкінді. Яғни біз сенім артқан «Сейсмология институты» нақты болжам жасай алған жоқ. 16 қаңтар күні Алматыдан 331 шақырым қашықтықта, яғни Алматы облысы Ұйғыр ауданының Кетмен ауылында жер сілкінгені белгілі.
Біздің ойымызша, осы деректің өзі олардың жауапкершілігін арттырып, дұрыс болжам жасауға септесуі керек еді. Сонымен қатар жер сілкінісі туралы алғашқы ақпаратты халықаралық Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы таратқанын да айта кетуіміз керек. Содан кейін ғана Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция комитеті арнайы мәлімет таратып, өз ақпараттарын ортаға салды.
Бейқамдық – 2
Екіншіден, жер сілкінісі кезінде тұрғындарды хабарландыратын сирена (дабыл) қосылмады. Бұл – халықтың қауіпсіздігі үшін дер кезінде хабар берілмеді деген сөз. Бірақ артынша ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Алматыдағы жер сілкінісі кезінде неліктен дабыл қосылмағаны жөнінде мәлімдеме жасап: «Бұдан бір жыл бұрынғы 1-мамырдағы жағдай қайталанбады, халық үрейленген жоқ. Сондықтан сиренаны қосқан жоқпыз» деп ақталды.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейқамдық – 3
Бұған дейін төтенше жағдай министрі Владимир Божко жер сілкінісі туралы ақпараттарды тұрғындарға SMS арқылы жеткізетіні туралы айтқан еді. Бірақ нақты тәжірибеде бұл сақтандыру шарасы нәтижесіз болып шықты. Бұл жолы зілзала жайлы тұрғындарға SMS хабарландыру арқылы құлаққағыс жасай алмады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бұл мәселе төңірегінде қиындықтар туындағанын мәлімдеп, SMS хабарлама үшін жеке оператор ақы талап еткендігін де жеткізді. Халық бұл жерде кімді кінәларын білмей қалды. Нәтижесінде, мемлекет аумағында жұмыс жасай отырып, халыққа қол ұшын созбаған байланыс компанияларының ісі де, не олармен дұрыс келісімге келе алмаған құзыретті органдардың жұмысы да көңіл көншітпейтіні белгілі болды. Десек те, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға болысымен, жедел топ құрып, Алматыда баспасөз мәслихатын өткізгенін, жедел түрде теле-радиокомпанияларға ақпарат жіберіліп, титр арқылы жүгіртпе жолдарын орналастырғанын айта кеткен жөн. Бірақ ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде бұл аздық етеді. Мұндай табиғи апат жағдайында мемлекеттік ақпарат құралдары ары кетсе 5 минут уақыт бөліп, халықты ақпараттандыруы керек еді.
Бейқамдық – 4
Біздегі ақпарат құралдары жер сілкінісі кезінде халық та бейқамдыққа салынғанын жазып жатыр. Бұл зілзала Алматы тұрғындардың санасына зіл сала алмаған сынды. Алматы халқының көп бөлігі жер сілкінісі кезінде ұйқы құшағында жатса, енді біреулері далаға шығып, қауіпсіздік шараларын орындауға да ерінген.
Мәселе мынада…
Біз бұл бейқамдықтарды неге ерекшелеп айтып отырмыз? Біздің сейсмолог мамандар апатты алдын ала болжай алмаса, жауапты құзыретті орындар дер кезінде халықты түрлі жолдар арқылы құлақтандыра алмаса, әншейінде жер сілкінісі десе, үрейленетін бұқара да сылбыр қимылдаса, мұның арты жақсылыққа апармақ емес. Құдай сақтасын, Алматыдағы 1887, 1989, 1911 жылдарда орын алған зілзала бола қалған жағдайда не болар еді?. Тарихқа үңілсек, 1889 жылғы зілзала апатынан 236 адамның өмірі қыршыннан қиылыпты, ал 1911 жылы 22 желтоқсанында 9 балдық жер сілкінісі 44 жанның жанын о дүниеге алып кете барған. Мамандар сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын Алматы қаласында 9 балдық жер дүмпуі болса, орны толмас шығынға ұшырайтынымызды айтады. Мұны интернет парақшаларында жапон ғалымы Сэгава Сюке де жоққа шығармай, 9 балдық зілзала бола қалған жағдайда қаламызда 25 000 ғимарат құлап, 100 000-нан астам адам шығыны болуы мүмкін екенін айтыпты. Құдай сақтасын, осы деректің 1/4 бөлігі орын алса, біздің сейсмологтар, біздің төтенше жағдай қызметі не дер еді?
Сіз не дейсіз?
Асқар МАЙЛЫБАЕВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің директоры:
– Біз өзіміз мұндай болатынын білген жоқпыз. Бізге бұл туралы алдын ала ақпарат түскен жоқ. Сейсмология институтының мамандары «алдағы уақытта қатты жер дүмпуі болмайды» деп мәлімдеген болатын. «Тек әлсіз жер сілкіністері тіркеледі, бірақ қуатты дүмпу болмайды» делінді. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті SMS арқылы халықты ақпараттандырғысы келген. Дегенмен 4 балл деген соншалықты қауіптенетіндей жағдай емес. Егер 6 балдан жоғары болса, онда Сейсмология институты алдын ала ақпарат таратады. Ал одан төмен болса, онда елді дүрліктірмеу қажет. Алматыда төтенше жағдай құрбандарына арнап 300 мыңға жуық адамға бауырластар зираты салынғандығы жалған ақпарат емес, ол – шындық. Өйткені біздің министрлік барлық жағдайға дайын болуы тиіс. Егер Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, адамдарды жерлеудің өзі үлкен проблемаға айналады. Оның үстіне, Алматының айналасындағы жерлердің көбі сатылып кеткен, жекеменшікке айналған. Ал мұндай кезде жеке біреудің жеріне мәйіттерді көме алмаймыз. Сондықтан біз кез келген жағдайға алдын ала дайындаламыз. Сондықтан біз әкімдікке тапсырма беріп, арнайы жер бөлдіріп, оны ешқандай жекеменшікке өткізбеуді қарастырғанбыз. Бауырластар зираты дегенге көпшілік үрейленіп жатады, бірақ тосын жағдай болса, адамдарды жерлеудің өзі үлкен мәселеге айналады. Сондықтан бұдан шошудың керегі жоқ, түсіністікпен қарағанымыз абзал.
Таңатқан АБАҚАНОВ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Сейсмология институтының директоры:
– Қаңтардың 28-і күні сағат 22.38-де Алматы облысы аумағында Кеген, Нарынқол елді мекендері аралығында мейлінше күшті жер сілкінісі болды. Магнитудасы 6,6-ға тең. Зілзала ошағында сілкініс күші 7 балл болған. Алматы қаласы аумағында жер сілкінісі 4 балға жуық күшпен жіті сезілді. Алғашқы дүмпуден кейін афтершоктар басталды, бұл дүмпулердің сейілетінін көрсетеді. Олардың ең қуаттысының магнитудасы 5,1 болды. Эпицентр аймағында афтершоктар әлі бірнеше тәулік бойы байқалады. Қазіргі мезгілде ондаған дүмпу тіркелді. Алматы қаласы мен облысы тұрғындарын үрей мен арандатушылыққа берілмей, ресми ақпараттарды басшылыққа алуға шақырамыз.
Мәдени НҰРДӘУЛЕТОВ, Алматы облысының Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:
– Жер сілкінісі болған соң, бес минут ішінде аудан әкімі бүкіл штабты жинап, жедел жиын өткізді. Нақты тапсырмалар беріп, түнімен ауылдық округ әкімдеріне телефон шалдық. Ауыл әкімдері әлеуметтік объектілерді: мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаторияны түгел аралап, ешқандай қираған ғимараттардың жоқ екендігін анықтады. Таңертең аудан әкімі тағы да шұғыл жиналыс өткізіп, оған облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары бір топ қызметкерлерімен қатысып, жер сілкінісі болған аймақтардағы елді мекендерді: Қарасаз, Шалкөде, Тұзкөл, Талас, Қайнар, Текес, Сарбастау ауылдарын аралап шықтық. Ешқандай қираған үйлер, зардап шеккен адамдар тіркелген жоқ. Қазір комиссия үш бағытқа бөлініп, тағы да елді мекендерді аралап отырмыз. Бүлінген, қираған, жарамсыз болып қалған ғимараттар, үйлер жоқ. Енді жер сілкінгеннен кейін кейбір мектептердің қабырғаларына сызат түскен. Бірақ оның бәрі ғимаратты пайдаланусыз қалдыруға, адам өміріне қауіпті деп айтуға келмейді. Негізі дауыл, тасқын, қар қалың жауатын кезде төтенше жағдайлар департаменті, «Казгидромет» орталығы бізге алдын ала болжам жасап, айтып отырады. «Мына күндері ауыл адамдарын сыртқа жіберуге болмайды» деп ескертеді. Дегенмен жер сілкінісіне алдын ала ешкім болжам жасай алмайды. Қалай десек те, қазір ауданда жағдай қалыпты, ешқандай адам зардап шеккен жоқ, үй, ғимараттар құлап, жарамсыз деп танылмаған. Жергілікті халықпен де сөйлестік, барлығы толық бақылауда деп айтсам да болады.
Апаттың арифметикасын білеміз бе?
Алматы қаласының тұрғындары, қала берді бүкіл қазақстандықтар зілзаладан сақтану жолдарының арифметикасын аса меңгере қоймаған. Қазір кез келген азаматтан «жер сілкінісі кезінде не істеу керек?» деп сұрасаңыз, есіктің жақтауы мен үйдің бұрышына тұра қалу керектігін айтқанымен, одан ары дендете жауап бере алмайды. Десек те, зілзала кезінде газ, су және жарықты сөндіру, алдын ала таңдалған орында (іргелі ішкі қабырғалардың арасы, іргелі ішкі қабырғалардың бұрыштары, колонна жанындағы және каркас астындағы орындары) тығылу, терезеге жақындамау, лифтіні пайдаланбау, көшеде келе жатқанда ғимараттардан алысырақ ашық жерге бару, үзілген сымдардан абай болу, ғимараттарға кірмеу, көлікте келе жатса, мүмкіндігінше тез арада ашық жерде тоқтау, дүмпулер аяқталғанша көліктен шықпай отыру, автобус жүргізушісі есікті ашып қою қажеттілігін біле бермейді. Бұқара зілзаладан кейін зардап шеккендерге көмектесу, радиоқабылдағышты қосып, жергілікті биліктің, азаматтық қорғаныс штабының нұсқауларын орындау қажеттілігін де есте сақтай бермейді. Сонымен қатар ел Алматы қаласы бойынша жер сілкінісі кезінде тұрғындардың шоғырлануына арналып бекітілген орындардың тізімі жайлы да хабарсыз. Бұл туралы мәліметті ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтындағы «Аман қалу әрекеті» атты бөлімнен алуға болады. Әрине, ауызбен айтуға оңай. Десек те, жалпы халықты үрейлендірмеу қажеттілігіне мән бере отырып, сақтық шараларын жиі өткізу керек. Ол үшін…
Сейсможаттығу өткізіп тұру қажет
Әрине, бұдан шығатын қорытынды елімізде әрдайым да «жер сілкінісіне дайындық мәселесін тексеруге арналған сейсможаттығу өткізіп тұру қажет. Ол үшін жиі-жиі әскери дала қостарын (оның ішінде дала емханасы, аурухана, асхана т.б. орындар бар) жасап, төтенше жағдайлар мамандары, өрт сөндірушілер, ақ халатты абзал жандар мен полицейлерден жасақталған топ құрып, халықтың апатқа дайындығын пысықтап тұрғанымыз жөн. Нәтижесінде, бұқара да тосыннан келген түрлі апатқа сақадай-сай әзір болар еді.
Маман пікірі
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
–Мен мұндай жер сілкінісінің болатынын алдын ала айтқанмын. Алдағы мамыр-маусым айларында да Алматыда 6 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Мен мұны халықаралық ұйымға сілтеме жасап айтып отырмын. Жалпы, жер сілкінісінің нақты болатын уақытын дәл тауып ешкім айта алмайды. Тіпті дамыған Жапонияның өзі нақты болжам жасай алмады. Бірақ жер сілкінісінің қаупі бар. Ол жылдан-жылға көбейе береді. Себебі климат жылынып келеді, ауа райы өзгеруде. Қайта 4-5-6 балл болып тұрғаны жақсы деп есептеймін. Ал егер 11 балға дейін болса, онда нағыз қауіп сонда болады, биік ғимараттардың барлығы жермен-жексен болады. Кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Өкінішке қарай, қазір мұндай төтенше жағдайдың алдын алуға, тиянақты дайындалуға, адамдарды аман алып қалуға әкімдіктің де, төтенше жағдайлар департаментінің де шамасы жоқ. Тек халық өз ынтасымен ғана жанын сақтап қала алады. Әр адам өзіне сақтықпен қарауы керек. Жойқын зілзаладан бас сауғалау үшін әр үйде бункер салынуы керек. Ол мықты темірден жасалынуы тиіс. Егер қауіп болса, ішіне сыйып кететіндей етіп жасалынғаны дұрыс. Оның ішінде су, құжаттар, тағамдар, ақша болуы қажет. Халықтың ең қымбат заттары сонда сақталынғаны жөн. Бұл ретте төтеншеліктер мұндай кезде қиындықтан қалай шығу керектігін, қандай қарекет жасау қажеттігін халыққа түсіндіруі тиіс. Үгіт-насихат жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырғаны дұрыс.
Дамыған шетелдерде жер сілкінісі туралы азаматтардың ұялы телефонына алдын ала смс хабарлар келеді екен. «Қазір 15 минуттан соң пәленбай балдық жер сілкінісі болады, далаға қауіпсіз жерге шығуларыңызды сұраймыз» деген секілді. Ондай хабар бір емес, бірнеше рет келеді. 10 минут қалғанда, 5 минут қалғанда да солай ескертулер жасалып отырады. Бұл – халықты алдын ала ақпараттандыру. Ал бізде бұл қалай жүзеге асуда? Бізде өкініштісі сол, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз хатшысының сөзіне сенсек, олар да жер сілкінісі туралы ақпаратты смс арқылы таратқысы келген көрінеді. Бірақ олар Activ, Kcell, Beeline секілді байланыс желілерімен ақшасына келісе алмапты. Демек, смс тарату қызметі төтенше жағдай кезінде халықты ақпараттандыру үшін қаражат талап еткен. Бұл сұмдық емей, немене?! Сонда олар халықтың қырылып қалуын қалай ма? Түсініксіз. Әрі-беріден соң, бұлай болса, өздеріне де қауіп төнбей ме? Сондықтан, қалай десек те, төтенше жағдай кезінде БАҚ, байланыс желілері бірлесіп, халықты ақпараттандырудың жолдарын қарастыруы тиіс. Жауапкершілік болмай, қауіптің алдын алу қиын.
• Түйін •
Әрине, Алматы облысына қарасты Райымбек ауданында тіркелген зілзала біздің санамызға зіл батпан ойды арқалатып кетті. Біз апатқа дайынбыз ба? Кемі 9 балдық жер сілкінісі бола қалса, тағдырымыз не болмақ? Бейресми деректерде айтылатын Алматының 2 млн тұрғыны тұяқ серіппей қырылып қалмай ма? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Бір қызығы, жер сілкінісінен үрейленген бұқара дүрлігіп жатыр. Ал сейсмология саласының тізгінін ұстаған «Сейсмология институты» ЖШС-нің seismology.kz сайтында Райымбек ауданындағы зілзала жайында әлі де ешқандай ақпарат жарияланбапты. Қош, әйтеуір апаттан аман болайықшы!