Жасыл түйіршіктегі жас ғұмыр...
«Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады». Мәтелге айналып кеткен осынау қазақы нақылдың астарына қарап, оны (насыбайды) болмашы дүниеге балағанымызбен, шын мәнінде одан келер қауіптің қаншалықты екендігіне мән бермейтініміз рас. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, онсыз да темекінің түтініне, арақтың уытына, есірткінің түр-түріне тірідей тұтқындалған жас ғұмырдың енді жасыл түйіршіктен іргесін аулақ салмаса, санасына мәңгүрттіктің дәні егілетіні мәлім болып отыр.
Базардың кез келген бұрышында темекінің түр-түрін саудалап тұратындардың үстелінен табылатын саусақ ұзындығындай қалташаны сатып ала салысымен, артынша онысын тілінің астына сүңгітіп, жаймен аяңдап бара жататындарды сіз де көріп жүрген боларсыз. Тілінің астына салған түйіршіктер сәлден кейін сілекей арқылы ми қабатына әсер етіп, өздері айтатындай, «кайфқа» енгізсе, олар үшін әнеки, бұ дүниенің «ұжмағы» сол. Айтпақшы, қала базарларында әртүрлі құты-бөтелкелерге салынып, 100-теңгеден 300 теңгеге дейін саудаланатын бұл шіркінге құны арзан болғандықтан шығар, сұраныс та жоғары. Ал бұл әулекіқұмарлыққа тәуелді болғандар артынша темекі мен арақты да теріс көрмей, «есею жылдарында» біртіндеп есірткіге де үйірсектей бастайды. Әрине, ол жайында әңгіме басқа.
Сөз басындағы насыбайдың жайына қайта оралайық.
Денсаулыққа зор кесел,
Үйрете көрме ауызды,
Насыбай менен шылымға,
– деген екен қазақтың әйгілі жырауы Шораяқтың Омары. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ой-сана түзу, денсаулық дұрыс кезде айтылған өсиет бұл. Әрі ол дәуірдегі насыбайдың қандай болғандығын Википедия анықтамасы айтып бере алады:
«Насыбай – темекі ұнтағына күл, қалампыр қосып жасалатын ащы, күшті иісті зат. Насыбайды құмарлық үшін атады. Саптыаяққа (үккіш) темекі жапырағын әбден ұнтақтап, арша немесе сексеуіл, қайың, тобылғы, қылша күлін қосып, оған су сеуіп әзірлейді. Оның бұйра насыбай деген түрі де болады. Бұйра насыбайды ұнтақтап, су сепкен соң тесік қалбырдан өткізеді. Оны көбінесе астыңғы ерінге, кейде тілдің астына салады. Оны атпай, тек иіскеу үшін пайдаланатындар да бар. Дәстүрлі қазақ қоғамында насыбай әшекейленіп жасалынған мүйіз шақшаға, құтыға салынған. Насыбайдың денсаулыққа зияны көп».
Мұрны жыбырлап, насыбайдан келер хош иіске мастанатындардың құмарта жасайтын ісі – осы.
Насыбай өз әлінше ол да тәтті,
Алдыңда қарап тұрса ақша маңдай...
– деген екен Ақан сері. Әрине, насихаттап тұрғанымыз жоқ, бірақ кері мағынадағы әсері қаншалықты екендігі көрініп тұр.
Содан бергі бір ғасырдан астам уақытты артқа тастаған насыбайдың қазіргі түрі қандай? ШҚО салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы мамандары ешқандай өндіріс орны шығармайтын, екінің бірі үйінде әзірлей салатын бұл пәленің құрамында төбе шашыңды тік тұрғызатын сұмдықтар көп-ақ екен. Сөндірілген әктің, әртүрлі өсімдіктің күлі, түйе тезегінің, тіпті тауықтың саңғырығының және майдың қосындысына дейін еніп кеткен. Ал осындай лас дүниеден дайындалатын насыбайға әуестенген адамның денсаулығы қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ ұрпақ амандығы үшін төрт қауіптің барын ескертпеске болмайды: тіл, ерін, көмей обырының 80 пайызы насыбайдан болады екен. Насыбай ататын адамның иммунитеті вирусты гепатиттің алдында әлсіз екені өз алдына, әртүрлі ішек ауруларын тез жұқтырады. Тістің эмалы бұзылып, асқазанға жара түсіреді екен. Адамның никотинге, есірткіге тәуелділігі артып, есте сақтау қабілеті нашарлайды.
Көріп отырсыз, насыбай атып әдеттенген адамның біртіндеп темекіге терезе, есірткіге есік ашып, есін де жоғалта бастайтынын. Ең жүрек ауыртарлығы сол – кезінде ата-әжелеріміз қолына ұнтақ салып, иісіне елтігенде үрке қарайтын ұрпақ оң-солын танымай жатып-ақ қазір насыбай атуды үйреніп алды. Алғашында не нәрсені де қызық көретін періште көңілдің жетегімен дәмін татып жүргендерден «түсінігі бар» адамның кейпіне еніп, ептеп сыр тартсаң, буын-буындарының босап, әлдебір ғажайып шаққа енгендей болатынын айтатындары бар.
Гүлжауһар ХАЛЕЛҚЫЗЫ, Жарқын орта мектебінің директоры:
– Мектеп оқушыларын жат қылықтардан аулақ болуға шақыруды ұстаздардың барлығы да күнделікті айтып жүргенімен, көп нәрсеге баланың қоғамдық ортасы әсер ететіндігі шындық. Темекінің 18 жастан асқандарға ғана босатылатыны сияқты міндеттемені насыбайға енгізе алмай отырғанымыз өкінішті-ақ. Өйткені бұл бұрыш айналған жерден арзанға табылатын, лицензиясыз ашық сатыла беретін нәрсе болды. Ал оны балаларға сатуға болмайтындығын, оның соңы ұрпақты кеселге итермелейтінін түсініп жатқан алыпсатар жоқ. Жалпы, осыны құзырлы орындар шынайы түрде қолға алып, кәмелет жасына толмағандарға сатылмауын қатаң қадағаласа, ұрпақты кеселден сақтаудың бір жолы сол болар еді.
Сорақысы сол – елімізде жас ұрпақтың жадын нашарлатып, болашағын бұлдыратуға ашық түрде жол беріліп отыр. Өйткені насыбайға лицензия алу міндеттелмейді, оның сапасына жауап бере алатын сертификат та талап етілмейді. Тағы бір таңғалдырарлығы сол – тауарлық сипаты болмаса да, сауда айналымында жүре береді. Қауіптілігі темекі мен арақтан күшті бола тұра, құнының одан арзандығы да шошытпасқа қоймайды.
Шұға ТӨКЕНҚЫЗЫ, Семей қалалық наркодиспансерінің нарколог дәрігері:
– Рас, бұрын, бала кезімізде үлкендердің насыбай ататынын оқта-текте болса да көріп жүретінбіз. Бірақ ол кездегі насыбай құрамы мүлде басқа болыпты. Ал қазір оның кең етек жайып бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Себебі оған балалар үйірсектене бастады. Әрі оны әркім әзірлей беретіндіктен, оның құрамында химиялық әсері бар (мәселен, әк) қоспалар енетіні де мәлім болып отыр. Ал ондай қоспалардың кері әсері көп-ақ екені белгілі болып отыр. Мәселен, насыбай атқанда темекі, араққа құмар адамдар секілді үнемі ақша іздеп тұрғыш болып келеді екен. Ал оның арты түрлі қылмыстарға әкеп соқтырады.
Қысқасы, күнделікті көз алдымызда, бала қолына базарға бармай-ақ іліге беретін күнәлі қылмысты саналы түрде жүргізіп жатырмыз. Базарда әртүрлі құтыларға салынып, түр-түрімен иық тіресіп тұратын насыбайды саудалайтындардың айтуынша, бұл тауар Семейге оңтүстіктен жеткізілетін көрінеді. Тағы бір сорақысы сол, сыртына «Абай-нос» деп жазылған ұзынша қалташаларға салынған қара бұйра насыбай атауына да көз үйреніп барады. Ал оның неліктен «Абай-нос» деп аталатынын ешкім білмейді, ал ұғынған жанға бұл ұлылықты қорлау болып табылатынына да ой жүгіртіп жатқан жан кемде-кем.