Таяуда Жамбыл облысының Сарысу ауданында құрылыс индустриясының екі кәсіпорны — «Жаңатас» металлургия мен құрылыс материалдары комбинаттары іске қосылған болатын. Оған Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексенбин мырзаның өзі қатысып, жаңа қос зауыттың тұсауын кескен еді. Енді көп уақыт өтпей жатып, зауыттың жұмыс барысы туралы жергілікті тұрғындардан редакциямызға арыз келіп түсті.
Біз бұл жерде ештеме алып-қоспай-ақ, бәрін оқиғаға қатысты адамдардың өз аузымен баяндайық. Сонымен...
Қалмырза ЖАНДАРБЕКОВ, Сарысу ауданының тұрғыны:
– Біз, Жаңатас қаласының тұрғындары қаланың дәл ортасынан салынған: Цемент, Арматур, Кірпіш, Битум асфальт зауыттарының жұмыс істеуіне қарсымыз. Өйткені ол зауыттардан шығатын зиянды қалдықтарды ауаға жібермей ұстап қалатын фильтрлер сапалы емес. Зиянды қалдықтардың 30-40 пайызы ауаға шығып жатыр. Оны эколог мамандар да растап отыр. Сонда әр зауыттан 30-40 пайыз қалдық шықса, бақандай төрт зауыттан қанша зиянды заттар ұшады? Тіпті инвестор, Бейсен Көкебаевтың өзі: «Бұл фильтрлер 100 пайыз сапалы деп елді алдап, халықтың қарғысына қалғым келмейді.
Мүмкін оны ауыстыратын шығармыз. Бірақ Израйльдің фильтрлері бір миллион доллар тұрады. Ал оны алуға шама жоқ», – деп мойындап отыр. Сонда қарапайым халық қайтпек? Оның үстіне қалаға фосфор мен уран өнімінен келіп жатқан зияндылықтардың өзі жетіп артылады. Таукент уранын тасымалдау кезінде біздің қаланың стансасында сағаттап «радиация» шашып тұрады. Енді халықтың келешегі не болмақ? Оның үстіне аталған кәсіпорынның толық біткені туралы мемлекеттік акті жоқ, ал зауыттар жұмыс істеп, қала халқын тұншықтырып жатыр.
Нұрғали БАЙҚАТҰЛЫ, тұрғын:
– Қазір цемент зауыты жұмыс істеп тұр. Цемент зауытынан шығатын түтін өте зиян. Ал цементті шығару үшін күніне бес вагон көмір жағылады екен. Оның иісі бүкіл қаланы алып кетеді. Онымен қоса металлургия кәсіпорны 30 мың тонна металл арматуралары мен 10 мың тонна катанкалар шығарады деп жоспарлануда. Ол жоғарғы вольтті тоқпен жүзеге асады. Анод, катод деген үлкен пешті аккумулятор сияқты тоқпен арматураларды балқытады. Оның жанында үйлер болмауы керек, қауіпті. Осыны ескерген облыстық эколог мамандар оларға ескертпелер берді. Оның ешқайсысы да ескерілмеген, бірі де сақталмаған. Тіпті аудандық бас дәрігеріміз әкімшілікте бірлесіп өткізген жиналыста: «Біздің ауруханада тыныс аурулары көбейіп кетті. Бізге облыстық бюджеттен әр аурудың саласына қаржы бөлінеді, содан асып кетіп бара жатырмыз», – деді. Енді бүгін біз, қалалық тұрғындар барлығымыз бірігіп, сотқа шағымдансақ па деген ойда отырмыз.
Болат МӘДІКЕНОВ, Сарысу ауданының әкімі:
– Цемент зауыты болған соң, міндетті түрде шаң мен түтін шығады. Оның экологияға қаншалықты әсерін экологтар мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мамандары тексеріп, кейбір ұсақ-түйек нәрселеріне ескертпелерін берді. Мысалы, түтін шығатын кернейін жоғарылату, у-шуларды азайту деген сияқты мәселелер. Біздің қаланың өзі де таудың ортасында орналасқандықтан, жел соқпай қалса, түтін, шаң қалада қалып қояды. Сол кезде қиындау, әйтпесе алып бара жатқан ештеңе жоқ. Қайта қанша жылдан бері өндіріс орындары ашылмай қаңырап қалған қалаға қан жүгіріп отыр. 70 адамға жұмыс орны табылды. Онда қытайлық жұмысшылардың санын азайтып отырмыз. Қазір 50 пайызы жергілікті тұрғындар болса, 50 пайызы қытайлықтар. Біз қыркүйек айынан бастап, жергілікті тұрғындарды зауытқа керекті мамандықтарға байланысты оқыта бастаймыз. Олар үш-төрт айлық оқуға барады. Зауыттың сертификаты да, лицензиясы да, куәлігі де, тіпті маркасына дейін бар, барлығы белгіленіп қойған. Демек, заңды тұрғыда жұмыс жасап жатыр. Қазір цемент, негізінен, түнгі кезеңде, электр энергиясының төмен болатын шағында жүргізілуде. Міне, түтіндейтін мезгіл де осы уақытта орын алуда. Көптен бері ондай түтін көрмей қалған халқымыз шулап жатқаны рас. Бірақ біз қарап отырған жоқпыз, көрсетілген олқылықтарды жою жөнінде инвесторға талап қойдық. Бұйырса, бір-екі айда барынша тәртіпке келтіретін боламыз.
Орман СЕЙІЛХАНҰЛЫ, Жамбыл облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары:
– Жаңатас қаласының тұрғындарынан Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің веб-сайтына арыз түскен. Біз осы бойынша тексеру жүргізгенде, зауыттың өнім шығаруға экологиялық рұқсат қағазы болған жоқ. Тек қорытындысы ғана бар екен. Тиісті рұқсаты болмағандықтан, біз оған әкімшілік айыппұл салдық. Сонымен қатар ешқандай рұқсатсыз жұмыс істегені үшін сотқа арыз-талап бердік. Өйткені біздің зауытты тоқтататын құзырымыз жоқ. Ал арыз сотқа жетем дегенше, отырыс болмай жатып, осы аралықта олар рұқсат қағазды алып алған.
Негізі, біз барып, қос зауытты тексергенде, олар жұмыс істемей тұрған. «Зауыт тек түнде ғана жұмыс істейді», – дейді тұрғындар. Ал біздің онда екі-үш күн жүріп, түнде тексеруге мүмкіндігіміз жоқ. Тек барамыз да, бір күн ішінде арызға байланысты жәйттерді тексереміз. Біз күндіз барғанда ол зауыттар тоқтап тұрған.
Негізі, зауытты салуға қорытынды қағазды (заключение) аудандық СЭС береді. Ол қорытындыны бізге алып келсе, біз ешқайда бара алмаймыз, экологиялық сараптамаға қорытынды қағаз беруге мәжбүрміз. Басты шешуші ол – СЭС. Ал біз фильтрлері бар ма, жоқ па соны қараймыз. Егер ауаны ластайтын зиянды заттарға қарсы технология қолданылмаса, онда әкімшілік айыппұл саламыз. Бұл экологиялық кодексте анық көрсетілген. Біз осы бойынша қос зауыттан айыпақы өндірдік.
Мелс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Негізі, Цемент, Арматур, Кірпіш, Битум асфальт зауыттарын қаланың ортасына салған дұрыс емес. Ол қала шетінде орналасуы керек. Себебі шаңы мен түтіні халыққа өте зиян. Көмірді қалай жағып жатқаны, оны қалай тазалайтындығы жөнінде мен білмеймін. Меніңше, ол зауыттарда ауаға зиянды заттарды шығармай тұратындай бұйымдар жоқ. Екіншіден, ондағы жұртшылықтың сөзіне сенсек, «зауыттың толық біткені туралы мемлекеттік акті жоқ, ал зауыттар жұмыс істеп, олар осылайша қала халқын тұншықтырып жатыр», – деп дабыл қағуда. Мемлекеттік орган тараптарының келісімінсіз ол зауыттың қалай іске қосылғанын түсінбеймін. Мұның бәрі заңға қайшы.
Айта кетейік, біз бұл мәселе төңірегінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандарына хабарласқан едік, алайда аудандық СЭС-тің эпидемиолог дәрігері Әбілхайыр Жүгібайұлы: «Кейіндеу хабарласыңызшы, мен барлық мәліметтерді дайындап, сіздің сұрақтарыңызға толық жауап беремін» деді де, артынша: «Мен бұл іспен айналыспайтын едім. Ол бөлімде істейтіндер қазір жоқ. Ертең хабарлас. Әйтеуір күнде «звандап» тұр. Мүмкін бір күні келіп қалатын шығар. Ал бастық «отпускаға» кеткен» деп, сырғыта жауап беріп, артын түлкібұлаңдыққа салып жіберді. Өз саласы бойынша журналистердің қарапайым сұрақтарына жауап бере алмайтын ағамыздың бұл ісін не деуге болады? Мұны эпидемиолог-дәрігер ағамыздың өзінің ары мен адамгершілігіне қалдырдық.
Біз бұл жерде ештеме алып-қосқан жоқпыз. Тек болған істің бояуын қалыңдатпай көрсетуді ғана мақсат тұттық. Әрине, жаңа жұмыс орнының ашылғаны – қуанышты-ақ жағдай. Дегенмен 100 адамға жұмыс таптық деп, Жаңатастағы 23 мың халықтың денсаулығын улауға бола ма? Тіпті (Құдай сақтасын) сол 100 адамның жанұясындағы бір бала ауырса, алған 35 мың айлықпен оны толық емдеу мүмкін бе? Оның үстіне Үкіметіміздің кәсіпорындарға қойған «жергілікті жұмыс күшін пайдалану керек» деген талабы да мұнда толық орындалып отырған жоқ. Ал бұған кезінде өзі қатысып, тұсауын кескен облыс әкімі Бөрібай ЖЕКСЕМБИН мырза не деп жауап берер екен?..