Мемлекеттің басты байлығы – адам. Азаматтардың денсаулығын жақсарту – елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуының кепілдігі. Осы қағидаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең 2011 – 2013 жылдарға, екінші кезең 2014 – 2015 жылдарға жоспарланған.
Бағдарламаның мақсаты – елiмiздiң орнықты әлеуметтiк-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшiн Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту.
Мiндеттерi –азаматтардың денсаулығын сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылды күшейту, бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiн дамыту және жетiлдiру, медициналық және фармацевтикалық бiлiмдi жетiлдiру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметтi дамыту.
Нысаналы индикаторлар. Халықтың күтiлiп отырған өмiр сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейiн, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейiн ұлғаюы; ана өлiм-жiтiмiнiң 100 мың тiрi туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейiн төмендеуi; нәресте өлiм-жiтiмiнiң 1000 тiрi туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейiн төмендеуi; жалпы өлiм-жiтiмнiң 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8,14-ке дейiн, 2015 жылға қарай 7,62-ге дейiн төмендеуi; туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 98,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейiн төмендеуi; 15-49 жас аралығындағы тобында АИТВ инфекциясының таралушылығын 0,2 - 0,6 шегiнде ұстау.
Азаматтардың денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының басым міндеттерінің бірі қазақстандықтардың жеке және қоғамдық денсаулығын жақсарту бойынша елеулі түрде алға жылжу болып табылады. Бағдарламада денсаулықты сақтау бойынша сектораралық өзара іс-қимылға айрықша назар аударылады, өйткені бірінші кезекте мемлекеттік ведомстволарды, бизнес-құрылымдарды, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі қоғамдық ұйымдарды қосқанда, қоғамның барлық секторлары күшінің айқын келісімділігі қажет етіледі. Өйткені денсаулық сақтау мәселелері тек денсаулық сақтау жүйесіне ғана қатысты емес. Қоғамдық денсаулықты қорғауды іске асыруда бизнес құрылымдарды белсенді тарту жергілікті денсаулық сақтау бағдарламаларын қаржыландырудың қосымша бюджеттен тыс көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бастапқы денсаулық сақтауға берілетін екпін
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының елеулі ерекшелігі – оның негізгі басымдықтарының бірі – денсаулық сақтау саласының басым әлеуметтік бағыттылығы. Бұл кезең-кезеңмен медициналық қызметтің сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау саласының жоғары технологиялық жүйесін дамытуға әсер етеді. Осыған байланысты әр медициналық ұйымның және басқарушылық құрылымдардың жұмысының сапасына ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, әлеуметтік проблемаларды шешуде бастапқы медициналық-санитариялық көмектің (БМСК) рөлі айтарлықтай артып келеді, өйткені ол денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы болап табылады.
Бүгінгі таңда БМСК өз қызметін бірқатар объективті себептермен толық атқара алмай келеді. Тиісінше жедел жәрдемнің, мамандандырылған амбулаториялық және стационарлық көмектің қымбат тұратын қызметтерін тұтыну артуда. Осыған байланысты «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүйеге әлеуметтік қызметкер институтын енгізуді көздейді және бұл бөлімше жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырып, БМСК-ні бастапқы медициналық көмек көрсетудің әлемдік стандарттарына жақындата түседі.
Скринингілік зерттеулер
Бүгінгі таңда Қазақстанда жүрек-қан тамыр аурулары, онкологиялық аурулар, жарақаттар, өкпенің созылмалы обструктивті аурулары Қазақстан халқының өлім-жітімі құрылымында алдыңғы орындарды алады. Олардың пайда болу қаупі факторларын жою арқылы аурулардың алдын алуға болады.
Осыған байланысты «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде скринингілік зерттеулер жүргізу көзделген. Ағылшын тілінен аударғанда «Скрининг – screening» «іріктеу, фильтрация» деген ұғымды білдіреді.
2011 жылы мыналар жалғасын тауып, енгізілетін болады:
1. Холестеринді, қан глюкозасын анықтау арқылы артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін ерте анықтауға;
2. Жаңа туған балалардың туа біткен және тұқым қуалайтын есту мүшелері ауруларын анықтауға;
3. РАР-тест пайдалану арқылы әйелдердің жатыр мойны обырын ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізіледі.
4. Мыналарда:
1) 2011 жылдан бастап балалардың (қан ауруымен ауыратын, гемодиализдегі, қатерлі ісіктермен ауыратын, ота жасалған және қан және оның компоненттері құйылған);
2) 2012 жылдан бастап ересектерді (медицина қызметкерлері: ота жасайтын дәрігерлер мен хирургиялық бейіндегі, ем-шара кабинетінің мейірбикелері, жедел жәрдем қызметкерлері, қан орталықтарының, паталогоанатомиялық қызметтің, сот-медициналық сарапшылар, сондай-ақ қан ауруымен ауыратын науқастарды) В және С гепатитіне нысаналы қауіп топтарының скринингі;
5. Глаукоманы ерте анықтауға скрининг.
Скринингілік зерттеулерді енгізу халықтың нысаналы топтары арасында аурулардың симптомсыз нысандары мен қауіп факторларын белсенді ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Скринингтер қайда және қалай өткізіледі?
Қала тұрғындары медициналық тексеруден қаланың кез келген емханалары, дәрігерлік амбулаториялары, жекеменшік нысанына қарамастан, ведомстволық медициналық-санитариялық бөлімдерде және емханаларда өте алады. Ал ауыл тұрғындары медициналық пункттерде, фельдшер-акушериялық пункттерде, дәрігерлік амбулаторияларда, аудандық емханаларда, сондай-ақ қалалық және аудандық емханалар деңгейінде профилактикалық медицина бөлімшелерінде өте алады.
Сринингтік тексеруді медицина қызметкерлері жүргізеді. Ол үшін қызмет көрсетілетін аумақтық учаскелер бөлігінде скринингтік тексеріп-қарауға жататын тұрғындар арасынан тізім жасалады. Бұдан әрі осы азаматтар санатына қажетті тексеру көлемін, уақытын және кестесін көрсете отырып профилактикалық тексеруден өту қажеттілігі туралы хабардар етеді. Дерт анықталған жағдайда науқастар мамандандырылған медициналық ұйымдарға зерттеуден толық өтуге жіберіледі. Одан басқа жұқтыруды тудыратын қауіп-қатерлер тобына жататын және созылмалы нысандағы аурулармен тұлғалар үшін денсаулық сақтау мектебі ұйымдастырылады.
Ана мен бала денсаулығын сақтау - негізгі басымды бағыт
Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдылығы – ана мен бала денсаулығын сақтау.
Қазіргі кезде «Саламатты Қазақстан» шеңберінде босандыру және балалар ұйымдарының материалдық-техникалық базасы едәуір жасқарды. Жаңа перзентхана, перинаталды орталықтар және балалар ауруханалары салынды. Медициналық жабдықтармен жарақтандырылды, алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілді.
Оған қоса, мемлекет жүкті әйелдерге, бес жасқа дейінгі балаларға қажетті дәрілік заттарды тегін береді. Жағдайды түбегейлі жақсарту мақсатында ана мен бала өлім-жітімін төмендету үшін жедел жәрдем шараларын қабылдау бойынша республикалық және өңірлік штабтар құрылды.
Соңғы жылдары Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы пайдалануға берілді, олардың базасында халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары технологияларды қолданумен әйелдер мен балаларды емдеу жүргізілуде. Қолданылған шаралар нәтижесінде 2004 жылмен салыстырғанда, ана өлім-жітімі 1,6 есеге төмендеді. 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі және өлі туғандардың өлшемдерін есепке алумен тіркеледі. Өткен жылы нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 2008 жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық
Көрсетілген бағыт шеңберінде инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіби аурулардың профилактикасы және бақылауды күшейту жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Кеден одағы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) талаптарына сәйкес халықаралық стандарттарға өту жоспарлануда. Одан басқа, В және С вирусты гепатиттерімен ауыратын науқастардың, сондай-ақ республика халқының кәсіби сырқаттанушылығы тіркелімі құрылатын болады. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің маңызды бағыттары болып оның инновациялық бағыттылығын дамыту айқындалды. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінің ғылыми орталықтары базасында медициналық иммундық-биологиялық препараттардың қазіргі заманғы өндірісін құру жоспарлануда.
Туберкулез бен АИТВ жұқпасының таралушылығын төмендету үшін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында медициналық көмек көрсетуді жетілдіру және осы мәселелер бойынша пенитенциарлық жүйе контингентінің ақпараттандырылуын арттыру, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін медициналық жабдықтармен жарақтандыру жоспарланды. Одан басқа, жергілікті атқарушы органдар тарапынан туберкулезбен ауыратын науқастарды әлеуметтік қолдауға ресурстар, сондай-ақ қамау орындарынан босатылған адамдарды емдеу жөніндегі шараларды күшейту қажет.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, елдегі халықтың инфекциялық сырқаттанушылығы бойынша жағдай тұрақты. Оба, тырысқақ, дифтерия, туляремия, паратиф, столбняк секілді аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Вакцинация халықтың инфекциялық сырқаттанушылғын төмендету бойынша ең тиімді және экономикалық қолайлы профилактикалық іс-шаралардың бірі екендігін тәжірибе көрсетіп отыр.
Іс жүзінде жыл сайын жаңа вакциналарды енгізу есебінен екпелер тізімінің саны кеңейіп, егілген халықтың саны ұлғаюда. Тек соңғы жылдары мемлекеттік бюджет есебінен Қазақстан үшін барынша өзекті болып табылатын инфекциялық ауруға қарсы вакцинация жүргізілді және қазіргі уақытта иммундық профилактика 19 инфекцияға қарсы жүргізілуде, бұл жұқтыру деңгейін айтарлықтай төмендетуге әкелді.
Қазіргі уақытта вакцинациялаудың арқасында қызамықпен сырқаттанушылық 208,9 есе, эпидемиялық паротитпен – 36,8%-ға, көк жөтелмен – 6 жағдайға, «В» гепатитімен 19,5%-ға төмендетуге қол жеткізілді. Аса қауіпті аурулардың, инфекциялық аурулардың 21 нозологиясы бойынша және инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаудың екі нысаны бойынша сырқаттанушылықтың тұрақты төмендеуі байқалуда. Адамдарды гемофиля инфекциясына қарсы вакцинациялау да екі жасқа дейінгі балалар арасында менингококтық инфекциямен сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің тұрақты төмендеуі соның дәлелі болып табылады және оның тиімділігін көрсетті.
Одан басқа республикада инфекциялық сырқаттанушылықты одан әрі төмендету үшін балаларды пневмококктық инфекцияға қарсы кезең-кезеңімен вакцинациялау енгізілді, ол 2015 жылы толық енгізілетін болады. Сондай-ақ елге полиомелиттің әкелінуіне жол бермеу мақсатында өткен жылы аса қауіпті инфекцияға қарсы қосымша иммундаудың үш кезеңі өткізілді, бұл халық арасында жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Одан басқа, балабақшаларда, мектептерде, емдеу-алдын алу ұйымдарында санитариялық ережелерді жақсарту бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. 13 мың шақырымнан астам су құбырлары желісі қайта салынып, жөнделді. Халқының саны 5 мыңнан асатын 3,5 мың елді мекеннің сумен жабдықталуы жақсарды, ал суды тасымалдап ішетін ауыл халқының саны бірнеше есе қысқарды. Қазіргі таңда республикада 15-тен астам кәсіпорында су құбырлары желісі үшін полиэтилен құбырларды шығару жолға қойылған. Оларды ауыстыру халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Отандық биотехнологияларды одан әрі дамыту мен вакциналар және оларға ұқсас препараттарды өндіру және балаларды пневмококктық инфекциядан кезең-кезеңімен вакцинациялауды жалғастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарда бар.
БҰДЖ - еркін таңдау, жоғары сапа
2010 жылдан бастап елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) енгізілді. Жаңа жүйе науқас адамға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын береді. Стационарлық көмекке арналған дәл осы шығыстарға соңғы уақытта науқастардың көбі емделіп шықты.
Бірыңғай ұлттық жүйе төсектерге тәуелділікті ысырды. Басты тұлға – төсек жұмысының көрсеткіштері емес, науқас болды.
Дәрігерді және медициналық мекемені таңдау құқығын өткен жылдың қорытындысы бойынша стационарларда емделген 500 мыңнан астам адам пайдаланды және оның елеулі бөлігін ауыл тұрғындары құрады. Стационарларда ақы төлеу төсектік қорды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 2 874 төсек саны қысқартылды, 3 790-ы қайта бейінделді.
БҰДЖ енгізгеннен кейін науқастар медицина саласындағы қазіргі заманғы жетістіктерді және жоғары технологиялардың нақты нәтижелерін сезді. Қазіргі таңда облыс орталықтарында нейрохирургия, кардиохирургия, отоларингология, травматология, онкология және экстракорпоральді ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсетілуде. Жаңа халықаралық технологиялар басты ғылыми-зерттеу институттары (ҒЗИ) және республикалық клиникаларда сынақтан өтті, қазір ойдағыдай өңірлерде қолданылуда.
Сапасыз медициналық көмекке тез назар аудару мақсатында барлық медициналық ұйымдарда «қызу желі» қызметтері құрылған, бұл телефондар бойынша кез келген адам өзіне қажетті ақпаратты алу үшін хабарласа алады және шағымын білдіре алады.
Жолы қиын және алыс орналасқан өңірлерде тұратын еліміздің тұрғындары үшін сапалы медициналық қызметтерді алу бертінге дейін оңай болған жоқ. Бүгінгі таңда осындай тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында жырақта орналасқан елді мекендердегі науқастар үшін жоғары мамандандырылған дәрігерлердің қашықтықтан кеңес беруіне мүмкіндік жасайды. Қазірдің өзінде шамамен 150 орталық жылына осындай 10 мың консультация береді. 2010 жылдан бастап қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жарақтандырылған және дәрігерлер бригадасы бар жылжымалы медициналық кешендерді сатып алу басталды.
2010 жылы екі мамандандырылған емдеу-диагностикалық «Денсаулық» пойыздары жаңа әлеуметтік жобасы бастау алды. Осы жоба шеңберінде еліміздің ең алыс орналасқан елді мекендеріндегі 10 мыңдай адам тексеріліп, қаралды және ем қабылдады.
Мемлекет осы бағыттың дамуына айтарлықтай ресурстар салуда. Ағымдағы жылы тағы бір пойыз іске қосылады. 50 қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жарақтандырылған және дәрігерлер бригадасымен жиынтықталған жылжымалы медициналық кешендер сатып алынатын болады.
Халыққа, соның ішінде ауылды жерлерде тұратындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жоғарыда көрсетілген шаралардан басқа, 350 медициналық нысан құрылысы бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.
Төтенше жағдайлар кезінде жедел медициналық көмек көрсетудің тиімді жүйесін ұйымдастыру үшін республикалық мәні бар тас жолдарда трассалық медициналық құтқарушы пункттер құру жоспарланған.
Қолжетімді дәрі-дәрмек
Медициналық қызметтер саласының әркімге де қатысы бар. Себебі өз денсаулығын және жақындары мен туғандарыңның денсаулығынан қымбат не болушы еді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) жобасының шеңберінде жақын уақытта азаматтардың жекелеген санаттарына аурулардың белгілі бір түрлері бойынша тегін немесе жеңілдікпен дәрі-дәрмектер ұсынылатын болады және бұл адамдарға елеулі көмек болады. Негізінде, отандық өндірістегі препараттар болатынын атап өту қажет. Бұл дәрі-дәрмектермен елдің жартысынан астам халқы қамтамасыз етілуі тиіс. Жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер қызметін пайдалану үшін азаматтар учаскелік дәрігерлерге хабарласуы керек. Егер дәрігер қойған диагноз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі аурулардың тізбесіне енген болса, науқастарға жеңілдікпен берілетін баға бойынша дәрі-дәрмектерді алу рецепті берілетін болады: 50% жеңілдікпен немесе тегін. Сонымен бірге «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету әдісінде өзгерістер болады. Жаңа енгізулер науқастарға дәріхананы және қажетті дәрілік препараттарды таңдау мүмкіндігін береді.
Сондай-ақ реформалар тегін және жеңілдікпен берілетін рецептер бойынша дәрілік заттарды беретін дәріханалар санын көбейтуді де қозғайды. Қазіргі уақытта оларды тікелей іске асырудың тәсілдерін әзірлеумен айналысатын жұмысшы топ құрылған. Бұл үшін тегін және жеңілдікпен беретін дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар тізбесіне тиісті талдау жүргізілуде. Пилоттық жобалар Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталды.
Ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мәселесі өзекті болып отыр. Халықты уақтылы дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін Денаулық сақтау министрлігі «СК Фармация» ЖШС бірлесіп, 2011 жылдан бастап жартыжылдық қажеттілікті сақтай отырып, барлық өңірлерде логистикалық инфрақұрылымды ұйымдастыруды бастады.
Қорыта айтқанда, бағдарламаның халық денсаулығын жақсарту мақсатында жасалып отырғанынна шүбә жоқ. Елбасы тапсырмасымен Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар бағдарламаның баянды болуын толықтай қамтамасыз етеді деп сенеміз.