Жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде еліміздің әр аймағынан келген талапты жастардың білім деңгейін сарапқа салған VI Республикалық студенттік пәндік олимпиада болып өтті.
Олимпиданың алдына қойып отырған басты мақсаты – студенттердің кәсіптік шеберлігін көтеру, қабілет-қарымдарының өлшем деңгейін анықтау, ғылым саласына бейімділерді іздестіру, оқытушылардың студенттермен қарым-қатынасының, шығармашылық байланысының талапқа сәйкестігін анықтау болып табылады. Зерделілер сайысына ҚазҰАУ студенттерімен қоса республикамыздағы 13жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық білім мен ғылымды меңгерген талапты ұл-қыздар қатысты. Атап айтсақ:
• Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
• Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті;
• С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті;
• С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті;
• М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті;
• М.Козыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті;
• Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті;
• Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық - техникалық университеті;
• Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиринг университеті;
• Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті;
• Атырау мұнай және газ институты;
• Алматы энергетикалық және байланыс университеті;
• А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті.
Шараның алғашқы күнгі ашылу салтанатында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры, профессор Қанат Маратұлы Тіреуов олимпиадаға қатынасып отырған студенттерді шын жүрегінен құттықтап, жастарға зор табыстар тіледі. Ол өз сөзінде 85 жылдық тарихы бар университетте атқарылып келе жатқан елеулі жұмыстар мен жетістіктерге тоқтала келе, еліміздегі аграрлық сала мамандарын даярлайтын алдыңғықатарлы оқу орнының алдағы уақытта зерттеу университетіне трансформациялануына дайындық жүргізіп отырғандығын айрықша атап өтті.
Салтанатты рәсімнен соң студенттерге пәндік олимпиаданың өткізу тәртібі таныстырылып, оларға университет мұражайы көрсетілді. Сонымен қатар жастарға «Айтұмар» баспасынан шыққан оқулықтар мен оқу құралдарының арнайы көрмесі ұсынылды. Бұдан кейін олимпиадаға қатынасушы командаларының таныстырылым-тұсаукесері өтіп, әр мамандыққа қатысты пәндер негізінде бақылау тапсырмалары беріліп, студенттер тиісті сала бағыты бойынша түрлі секцияларда сынақтан өтті.
Екі күнге созылған пәндік олимпиада барысында қатаң сынақтармен қоса жастар университеттегі «Таза ел» мұражайы мен «Қазақстан жолы» оқу-тәрбие орталығына саяхат жасады. Шара соңында командалық және жекелеген сынақ бойынша Қазылар алқасының қортындысы да шықты. Олимпиада жеңімпаздарына салтанатты жағдайда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚазҰАУ-дың арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.