Қазақ руханияты мен әдебиеті тағы бір өкілінен айырылды. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Жарылқасын Аманұлы 75 жасқа қараған шағында дүние салды. Өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамай, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласқан қаламгер кейінгі жылдары тарихи тақырыпта бірқатар шығармалар жазды.
Жарылқасын Аманұлы 1938 жылы 5 наурызда Жамбыл облысы Талас ауданында туған. Ауыл мектебін бітірген соң, Алматы сауда техникумына оқуға түсіп, одан кейін Мәскеудің сауда институтында білім алған. Бұдан соң, ұзақ жылдар бойы республикамыздың сауда саласында, аудандық комсомол комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Әдебиеттен алыстау салада жүрсе де ақынның шығармалары республикалық басылымдарда жарияланып, кітаптары шығып тұрды. Алайда тумысынан әдебиет пен өнерге жақын боп өскен жан ақыры қазақ руханиятына қызмет ету үшін, еркін шығармашылық жұмыстармен айналысып, әдебиетке түбегейлі бетбұрыс жасайды.
1991–1994 жж. «Ислам шапағаты» газетінің Бас редакторы, 1994–1995 жж. «Қаржықаражат» журналы Бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарады. Ақынның өлеңдері 1969 жылы «Жас керуен» жинағына еніп, оқырмандар мен әдебиет сыншылары тарапынан лайықты бағасын алған. Жарылқасын Аманұлы әр жылдары жарық көрген «Көкпар», «Жастық жалын», «Ынтызар жүрек», «Нұрлы әлем», «Құрыш қолдар», «Алатау аясында», «Шақырады кең дала», «Асуым, алғы күндерім», «Өмірімнің өрнегі», «Қоңыраулы керуен», «Ақ бата» – жыр жинақтарының авторы. Бұған қоса ақын «Жылыстап кеткен жылдарым» «Ақын да мен, сал да мен, сері де мен» атты ән-күйлер топтамасын және «Қарасай баһадүр» атты тарихи деректерге негізделген прозалық кітаптар шығарды.
Қашан да қай ортада болмасын зиялы болмысымен ерекшеленіп жүретін Жарылқасын ағамыз өзі киетін киімін де өз қалауындағы сән үлгісімен тіктіріп киетінін біреу білсе, біреу білмес. Елі мен жеріне адал ақын өзі туған өлкенің құрметіне бөленіп, кезінде «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағын алды. Сондай-ақ бірқатар республикалық, халықаралық мүшәйраларда жүлдеден қағылған емес. Төл әдебиетімізге барынша еңбек сіңірген Жарылқасын ақын, соңғы жылдары еліміздің қоғамдық-саяси өміріне етене араласып «Ұлы дала» қоғамдық бірлестігінің құрылуына мұрындық болған азаматтардың біріне саналды. Сол қозғалысқа алғашында өзі жетекшілік етіп, кейін жалпы жұмыстарына белсене атсалысып жүрді. Бүгінде бұл қозғалыс еліміздегі рухани жобалардың қолдаушысына айналып, тарихи-мәдени тамырымызды танып-білуге айрықша үлес қосуда. Мақсат-мұраты зор Республикалық «Бәйдібек баба» қоғамдық қорының президенті ретінде де көптеген игі істердің жүзеге асырылуына септігін тигізді.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Ақынның ендігі ғұмыры шығармаларында жалғассын!
«Алаш айнасы»