Түрме қоғамды емес, қоғам түрмені тәрбиелеуі тиіс
Сьюзанне ФИВ, Норвегияның Әділет министрлігінің бас сарапшысы, Жазаларды орындау қызметінің өкілі:
Бүгінде Қазақстанда түрме реформасы мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Осы орайда Орталық Азиядағы «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының бастамасымен өтіп жатқан іс-шаралардың маңызы зор. Астанада өткен осындай жиындардың біріне қатысқан Норвегияның Әділет министрлігінің бас сарапшысы, Жазаларды орындау қызметінің өкілі Сьюзанне Фив «Алаш айнасы» газетіне сұхбат беріп, түрме реформасын жүргізуге қатысты кәсіби кеңестерімен бөлісті.
– Сьюзанне ханым, сіз Қазақстанға келердің алдында біздегі түрме реформасымен танысып, өз еліңізде қолға алынып жатқан шаралармен салыстырып көрген шығарсыз?..
– Шынымды айтсам, мен Қазақстанның түрме реформасы туралы көп біле бермеймін. Бірақ қамауда отырған адамдардың саны (100 мың халыққа шаққанда) жағынан Қазақстанның әлем бойынша 31-орында тұрғанын жақсы білемін. Мәселен, Қазақстан жерінде 100 мың халықтың ішінде 318 сотталған адам бар. Ал Норвегияда бұл көрсеткіш 75 адамды құрап отыр. Негізі, менің осы жерге келудегі негізгі мақсатым – Норвегияның тәжірибесін көрсетіп, түрмеден шыққан адамдарды қоғам ішінде бейімдеудің шетелдік жүйесін жан-жақты таныстыру.
– Олай болса, әңгімеңізді осы тәжірибе төңірегінде өрбітіп отырсаңыз? Біздің мамандар да біраз мәлімет алып қалады деп ойлаймыз.
– Норвегиядағы түрме реформасының негізгі жетістіктеріне келер болсақ, бүгінде бізде қамаудан шыққандардың түрмеге қайта түсу көрсеткіші едәуір төмендеді. Дания, Финляндия, Швеция сияқты елдермен салыстырғанда, Норвегияда сотталғандар бостандыққа шыққаннан кейін қылмысқа көп бара бермейді. Бұл оларды қоғам ішінде бейімдеу жүйесінің тиімділігін көрсетсе керек.
– Сонда бұл жүйенің тиімділігі неде? Оның басты ерекшеліктеріне тоқталсаңыз?
– Біріншіден, біз кінәлі азаматтарға қатысты қамаудан бұрын айыппұл мен қоғамдық жұмыстарға міндеттеу жазасын жиі қолданамыз. Статистика бойынша сотталғандардың 50 пайызы бас бостандығынан айырылса, қалғаны шартты түрде жазаланады. Түрмеге ары кетсе, бес жылға отырғызады. Ондай жағдайлардың өзі сирек болады.
– Сонда айыппұл мен қоғамдық жұмыстар арқылы қылмысқа барған адамды өзгертуге бола ма?
– Әрине, ол үшін сотталғандарды оңалту, былайша айтқанда, оларды қайта тәрбиелеу жұмысы мықты болуы шарт. Мен жаңағы әңгімемді жалғастырайын, бізде денсаулық саласын азаматтық және пенитенциарлық деп екіге бөлмейді. Ол жалпыға бірдей. Білім беру жүйесі де солай, мектеп я колледжде сабақ беретін мұғалім түрмеге барып, дәріс оқи береді. Демек, қамауда отырғандар қарапайым адамдармен араласып, моральдік тұрғыда тозбайды. Жұмыспен қамту бойынша түрмеден шыққан азамат өзінің бұрынғы қызметіне орналаса алады. Алайда ол үшін біраз еңбектену керек. Бізде сотталған азаматты қайта оңалту жұмысы бірінші күннен басталады. Жалпы, Норвегияда сотталған азаматты қоғамға бейімдеу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен, түрмеге түскен адам қатаң режимдегі колонияда ұсталса, тәртібі дұрысталған кезде, оны жалпы колонияға ауыстырады. Ал ең соңында ол арнайы оңалту орталықтары арқылы өтеді. Сөйтіп, қоғам өміріне әбден бейімделіп шығады.
– Атышулы Андерс Брейвиктің ісіне тоқталсақ. Ол Норвегияның Осло қаласында жарылыс ұйымдастырып, сегіз адамды өлтірген. Одан кейін Утейя аралындағы жастар лагерінде жазықсыз 69 баланы атып тастады. Жергілікті сот оны 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ондай «хайуанның» түрмеден кейін адам болып шығуы екіталай ғой?
– Шыны керек, осы оқиғаға байланысты Норвегия халқы екіұдай пікірде жүр. Бірақ оның ісі ерекше жағдайда қаралып, оған қатысты айрықша сот шешімі шығарылды. Олай дегеніміз, Брейвик түрмеде 21 жыл отырса да, оның қамау мерзімі ұзартылуы әбден мүмкін. Меніңше, ондай адамды бостандыққа шығармайды.
– Енді халықтың түрмеге деген көзқарасына келсек, бізде әлі күнге дейін түрме қоғамға кері әсер етіп, оның ықпалы жергілікті жерде қатты сезіліп тұрады…
– Мен кеңестік жүйеден қалып қойған «түрме заңдары» туралы естігенмін. Бірақ ол жайында көп біле бермеймін. Қазақстанда түрменің жергілікті қоғамға әсері бар шығар. Бізде Ослодағы қатаң режимдегі колония қаланың қақ ортасында тұр. Адамдар оның жанынан емін-еркін өтіп жүре береді. Оңалту орталықтары болса, ашық тұрғын үй үлгісінде салынған.
– Сонда сотталғандар қарапайым халыққа ешбір қауіп төндірмей ме?! Олардың жергілікті жерге ықпалы жоқ дейсіз ғой?
– Жоқ. Бізде халықтың түрмеге деген көзқарасы мүлдем басқаша. Ол жерде жұмыс істеп, еңбектенуге үйретеді. Оны бәрі біледі. Елдің мәдениеті сондай. Сондықтан қамау абақтыларының қаланың қақ ортасында болуы – үйреншікті нәрсе. Бізде түрме қоғамды емес, қоғам түрмені тәрбиелейді.
– Бүгінде шетелде сотталған азаматтарды өз еліне қайтару мәселесі қиынға соғады. Осы салада Норвегия қалай жұмыс істеп жатыр?
– Алдымен, Норвегияда сотталғандардың 32 пайызы өзге елдің азаматтары екендігін атап өткім келеді. Ондай адамдарды оңалту саласында біраз қиындықтар бар. Себебі олардың басым бөлігі ағылшын, неміс, француз тілдерін білмейді. Ал біз үшін аудармашыларды жалға алып, тиісті тәрбие жұмыстарын жүргізу тым қымбатқа түседі. Дегенмен біз оларды барынша оқытып, оңалтуға тырысамыз. Экстрадиция мәселесіне келер болсақ, бүгінде Норвегия бірқатар мемлекеттермен келісімге келді. Олардың ішінде Литва, Швеция және Дания бар. Егер қамауға алынған адам осы елдердің азаматы болса, онда ол өз жерінде жазасын өтейді. Басқа жағдайда сотталғандар Норвегия түрмесіне отырғызылады. Осы орайда атап өтер тағы бір жайт, өз елінде қылмыскерге қатысты зорлық-зомбылық я болмаса, өлім жазасы қолданылатын болса, біз сотталған адамды ешқайда жібермейміз. Соңғы кезде Норвегияда сотталған шетелдіктердің саны артып келеді. Олардың ішінде 120 мемлекеттің азаматы бар.
– Ондай азаматтардың қатарында қазақстандықтар жоқ деп ойлаймыз...
– Меніңше, жоқ сияқты (күлді).