Тозығы жеткен пойыз түбімізге жетіп жүрмей ме?
Көз тиді ме, тіл өтті ме, кім білген, әйтеуір кейінгі уақытта пойыздардың «сүрінуі» сүреңсіз статистиканы құрап жүр. Аяқ астынан орын алатын шойын жолдағы апаттардың салдарынан пойыздардың қаңтарылып қалуы жиілеп кетті. Гәбі неде екенін әзірге ешкім ашық айтпайды. Біресе – білеу, біресе – тіреу я доңғалағы сынып, омақаса асып жататын жүк пойыздары неге сүріншек? Тұсауы түзу кесілмеген бе? Әлде бұл саланың да тұрлауы кетіп тұрғаны ма?
Жау жоқ жерден жау іздеп, аттан сап, атқа қонғандық емес бұл. Статистикаға үңілгенде үндемей қалуға болмайтынын айтады цифрлар. Мәселен, бір ғана шілдеде төрт бірдей оқиға орын алған екен. Дәлірек айтсақ, Алматыда екі жолаушылар пойызы соқтығысып, 50-ге жуық адам жарақат алды. Жамбыл облысында электровоз бен тепловоз соқтығысты. Ал одан бұрын да бірнеше жүк пойыздарының жұлыны үзіле жаздады. Нақтырақ айтқанда, наурызда Семей-Шар бағытында жүк әкетіп бара жатқан пойыздың он вагоны рельстен шығып кетті. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Жамбыл облысында 65 вагоны бар жүк пойызының он төрт вагоны жолдан шығып кетті.
Мамырда Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма-Селезновка стансысының арасында жүк көлігінің жеті вагоны жолдан шығып кеткен. Оның үшеуіне цемент тиелген. Апат салдарынан Защита-Зырян теміржолында он сағаттай қозғалыс тоқтап қалды.
Қызылорда облысында да жүк пойызы апатқа ұшырады. Сұйытылған газ бен құбыр тиелген алты бірдей вагон Диірментөбе стансысының маңында шойылжолдан тайып, аударылған. Абырой болғанда, газға толы цистерналарға зақым келмепті. Дегенмен 300 метрдей рельстің талқаны шыққан. Салдарынан жолаушылар пойыздары кестеден 12 сағатқа кешікті.
Бұл – осындай оқыс оқиғалардың бір парасы ғана. Ал күні кеше тамыздың 20-сында Қарағандыда жүк пойызының 20 вагоны тағы жолдан шығып кетті. «Шу–Қарағанды–Сұрыптау» стансысы бағытындағы №2947 жүк пойызының 20 вагоны жолдан шығып кетті. Бензин құйылған бір вагонның өртенуінен тоғыз жолаушы пойызы уақытынан кешіктірілді. Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, зардап шеккендер болған жоқ. Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, вагондардың жолдан шығып кету фактісіне байланысты Қарағанды көлік прокуратурасы ҚР ҚК-нің 4-бөлімі 295-бабымен қылмыстық іс қозғағаны және аян.
Қарағанды аймағында, бүтін елде пойыздардың мұндай жағдайға тап болуы алғаш емес. Басқасын айтпағанда, былтырғы желтоқсанда тағы да Қарағанды жол бөлімшесінің Астана–Қарағанды учаскесінің Ақтасты–Шоқай жол бөлігіндегі 635-шақырымда металлургиялық шикізат тиелген №1626 пойыздың 13 жүк вагоны жолдан шығып кеткен болатын. Вагондардың жолдан шығуына жүк вагонының қаптал жақтауының сынуы себеп болған. Бұл жақтауға соны дайындаушы зауыттың берген кепілдігі бар. Барлық шығын дайындаушы зауыт пен осы вагондарды жөндеумен айналысқан компанияға ұсынылатын болады. Вагондар «ҚазТемірТранс» АҚ-қа тиесілі, Қазақстанда жасалған. Ал деталь Қытайдан әкелінген. Онда жолаушы пойыздарының тоқтап тұруы 1 сағаттан 17 сағат 45 минутқа дейінгі уақытты құрапты.
Көліктің ішіндегі ең көнбісі мен көтерімділігімен көптің сеніміне енген отарбаларды да осылайша оқыс жайттар айналдырып жүр. Нақты себебі неде екені беймәлім. Бірақ салдары соқырға таяқ ұстатқандай. Отарбаға қажетті қосалқы жұмыстар мен күрделі жөндеулерді өзімізде емес, сырт ел арқылы жөндеуіміздің ақыры жақсылық болсын тек. Жүк пойызының сынған, не істен шыққан бөлшегі Қытайда немесе Ресейде жасалған. Олардың берген кепіл мерзімі әлі бар деп жүк пойыздары жолдан шыққанда өзімізді-өзіміз жұбату пойыздардың қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Әзірге жүк пойыздарының ғана «жолы болмай» келеді. Жолаушы тиеген қалың пойыздардың халі нешік? Ол вагондардың да салдырап-гүрсілдеп, азып тұрғаны да шындық. Сосын тозығы жеткен олардың жолаушы тасымалында қауіпсіздікті қамтамасыз етеріне қалайша күмәнданбайсыз?..
Мейрам ТАУТЕНОВ, ҚР Бас көлік прокуратурасы басқармасының бастығы:
– Теміржол саласындағы жолаушы тасымалымен айналысатын вагондардың 60 пайызының тозығы жеткен. «Пригородные перевозки» АҚ-тың вагон паркінің орташа тозығы 92 пайызды құрайды. (Бұл – техникалық жағынан келгенде қойылар сын. Жолаушы тасымалындағы гигиеналық талаптардың сақталмайтындығы, жолсеріктердің жүгенсіздігі – өз алдына «жыр-дастан»).
Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Біздің елімізде де пойыздардың тоқтап қалуы, рельстен шығып кетуі тәрізді оқиғалар ара-тұра орын алып қалады. Сондықтан бұл жерде енжарлыққа бой бермеу керек деп есептеймін. Осы бастан теміржол саласындағы қозғалыс қауіпсіздігін қатаң бақылауға алғанымыз жөн. Ол үшін, әрине, локомотивтердің сапасын, теміржол бағдаршамдарының әлеуетін, жалпы, осы саладағы сапа менеджментін арттырған абзал.