Ертеректе аналарымыз керме жiпке асылып босанған екен. Бiр кездерi жаппай креслода босану кең тарады. Кейiнгi кезде төсекте босану тиiмдi екен деп жүргенде, ендi елiмiзде кесарево тiлiгi арқылы өмiрге бала әкелу қанат жайып барады. Бiрiнiң құрсақтағы баласының салмағы үлкен, ендi бiрiнiң аяқ-қолы iсiк... әйтеуiр сылтау көп.
Айналып келгенде қазақ әйелдерiнiң өздерi босануға денсаулықтары көтермейдi-мiс. Зерттеушiлердiң пiкiрiнше, әйелдердiң өмiрiне төнетiн қауiп табиғи босанғаннан гөрi кесареводан 2-4 есе көп көрiнедi.
Қазiр өркениеттi елдер әйелдердiң бала туу мүмкiндiгiн шектейтiн әдiстерге үзiлдi-кесiлдi тыйым салып жатыр. Мысалы жасанды түсiкке тыйым салып, баланы әйелдiң құрсағын жарып алу әдiсiн басқа ешқандай шара болмаған кезде қолдану, баланың жынысын алдын ала анықтауға жол бермеу секiлдi әдiстер шетелдерде енгiзiлiп жатыр. Бұл әдiстер ұрпақ өмiрiне қауiптi саналуда. Италияда құрсақты жарып алу әдiсiн тек мемлекеттiк мекемелерде жүзеге асыру керек деген қаулы шығарса, Германия кесаревоны баланы өмiрге әкелудiң басқа ешқандай шарасы қалмағанда қолдануға шешiм шығарды. Ал Израильдiң мамандары адамды өмiрге iштi тiлiп алу арқылы келтiруге ашықтан-ашық 100 пайыз қарсы шығып отыр. Баланы құрсақтан жарып алу әдiсi анаға екi рет бала тууға толық мүмкiндiк бередi. Ал үшiншi бала ана өмiрiне қауiптi болмақ. Демографиялық тұрғыдан алар болсақ, бұл әдiс халық өсiмiн өсiруге емес, керiсiнше, өшiруге мұрындық болғалы тұр. Ал Қазақстанда өмiрге бала әкелудiң осы бiр түрi ерекше дамуда.
Өткен жылы нақты қанша ананың операция үстелiне жатқанын айтудан елiмiздегi дәрiгерлер бас тартып отыр. Алайда кейбiр дерек көздерiне қарағанда, әрбiр төртiншi әйел осы әдiспен өмiрге бала әкеледi екен. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы биылғы жылдың басында «Қазақстан ана мен бала өлiмi тұрғысынан әлем бойынша 83-орында тұр» деген ақпарат таратты. Осы мәлiметтен кейiн қазақстандық дәрiгерлер ана мен бала өмiрiне араша тұрар бiрден-бiр әдiс осы «кесарево» деп шештi. Осыдан кейiн-ақ басқа елде шектеу қойып отырған кесарево бiздiң елде, керiсiнше, кең қанат жая түстi. Бұл жерде қазақстандық дәрiгерлер «ана мен бала өлiмiне осылай тосқауыл қоямыз» дегендi желеу етуде. Ал шындығында солай ма? Жоқ, әлде гәп басқада ма?
Заң бойынша кесарево тiлiгi арқылы жасалатын операция тегiн жасалуы керек. Елiмiзде бiрнеше сағатқа созылатын толғақтан қашып, саналы түрде осы әдiстi таңдайтын аналар да кездеседi екен.
Елiмiздегi дәрiгерлер «кесаревомен 3-4 балаға шейiн, тiптi бес балаға дейiн босануға рұқсат етуге болады» деп «жұбатып жатыр». Бiрақ бұл жағдай сирек. Оның үстiне, өзiн табиғи босанып, жанын қинауға қимай отырған аналар 3-4 рет босануы екiталай.
№8 емхананың акушер-гинекологы Гүлбаршын Айтбайқызы: «Бiз бұл әдiске ананың немесе баланың өмiрiне қауiп төнген жағдайда барамыз. Әсiресе, соңғы кездерi денсаулығы сыр берген аналар көбейiп кеттi. Атап айтар нәрсе – елiмiзде осы әдiс қолданылғалы ана мен бала өлiмi азайды. Рас, кейде аналардың өздерi толғаққа шыдамай, кесаревоға алып кетуiн өтiнедi».
Әлемдiк тәжiрибеде:
болашақ ана қант диабетiмен ауырса;
құрсақтағы сәби iрi болса;
көздiң алыс және жақыннан көрмеуi жоғары дәрежеде болса;
жатыр мен қынап жолдарының ақауы болса;
кесарево тiлiгiн бiрнеше рет алған жағдайда;
құрсақтағы сәби терiс келсе;
анасының сүйектерi қатып кеткен кейбiр жағдайларда ғана ананы операцияға алдын ала дайындайды.
Кесарево арқылы өмiрге сәби әкелген аналардың бiрi Кәмшат: «Операция жасаған хирург пен анестезиолог өз қызметтерi үшiн 30 мың теңге сұрады. Жалғыз мен ғана емес, қасымда осындай әдiспен босанған аналардың әрқайсысы 25-30 мың теңгеден берген көрiнедi. Ақша жанымыздан артық емес. Жанымызды аман алып қалды, соның өзi – олжа, 20-30 мың теңге – «бастан құлақ садаға».
P.S.
«Кесарь» сөзi латынның «цезарь» сөзiнен шыққан екен. Ал «цезарь» атақты Юлий Цезарьдың атымен тiкелей байланысты көрiнедi. Аңызға қарағанда, Рим императорының анасына алғаш рет кесарево жасалған. Осылайша, ең алғашқы «кесаревоның баласы» Юлий Цезарь болуы мүмкiн. Және өмiрге бала әкелудiң бұл әдiсi де Цезарь атымен аталып кеткен көрiнедi.
Бiздi бұл арада бiр сауал ерекше мазалайды. Әлемдегi өркениеттi елдер «пайдасынан зияны көп» деп бас тартып отырған бұл әдiске қазақстандық дәрiгерлер неге сонша құмар болып отыр? Байыбына бара алмай отырмыз ба, әлде басқа сыры бар ма?!