Тірі жетім қайдан шығады?

Иә, бүгiнде қоғамымызда «әлеуметтiк жетiмдiк» деген тiркестiң пайда болып, оның өз ортамызда «өмiр сүре» бастағанына да аз уақыт өткен жоқ. Не әкесi, не шешесi бар, кейде екеуi де бола тұра, ата-анасының жылуынан  жырақта жүрiп жатқан баланың басындағы жағдайды осы бiр тiркеске балап айтып келемiз. Оның соншалықты құлаққа түрпiдей тиетiнiне қарамастан, осы мәселе төңiрегiндегi деректердiң жылдан-жылға өсе түскенiне де етiмiз үйренгендей. Кейбiр дерек көздерiне сүйенсек, қазiргi уақытта балалар үйiндегiлердiң 80 пайызы «таза жетiмдер» емес. Сонда жетiмдiктiң бұл түрiнiң бұлайша өсуiнiң себебi неде? Кiнәлi тасжүрек ана мен әке ме, әлде қоғамның азғындауы деп түсiнемiз бе?

Азаматтық некенiң  «жемiсi» осы болар

 Егер қоғамның азғындауы десек, онда «көк көрпенiң бүлкiлiн» насихаттап келе жатқан демограф-ғалым Мақаш Тәтiмов ағамызға сөзiмiз тиерi сөзсiз. Өйткенi тек бiржақты ғана мақсатты ұстанып, «азаматтық неке» дегендi қолдап-қостауы әлеуметтiк жетiмдiктiң «жемiсiн» татқызуға септiгi тиiп жатқандай. «Азаматтық некенiң» арқасында еркектiң бетiне тiктеп қарауға бата алмаған кешегi күннiң қыз-келiншектерiн бүгiнде некесiз бiр бөлмеде тұрып, дарақылықты, ұятсыздықты кемшiлiк көрмейтiн нәзiкжандылар алмастыра бастады. Олар бірін-бірі солай жүрiп-тұрудың еш сөкеттiгi жоқтығына сендiрiп бағатын болды. Бала-шағасының бұлайша «күн кешуiне» ата-аналары да селт етпейтiндей. Егер тәрбиенi тал бесiктен мықтап ұстағандары болса, қарсылық танытар-ау. Бiрақ бүгiнгi күн кейiпкерлерiнің «қойыңдаршы, өзiмiз бiлемiз» деп беттен алатындығында талас жоқ. Осылайша, «өзiм бiлемiнмен» көп нәрсеге ұрынып жатады.

Ұяда не көрсең...

Жоғарыда айтып өткенiмiздей, тiрi жетiмдер санының ұлғая түсуi – жас отбасылардың баланы дүниеге әкелгеннен кейiнгi жауапкершiлiгiнiң төмендеуi, материалдық жағдайының шиеленiсуi, сол сияқты олардың ата-ана құқығынан айырылуы мен араққа, нашақорлыққа салынуы, ата-аналарының аурушаңдығы, ал кейбiрiнiң өз балаларынан бас тартуы сияқты себептердiң нәтижесi. Елiмiзде 48 мыңға жуық бала ата-ана қамқорлығынан тыс қалғандар екен. Мемлекетiмiз баланы далаға қаңғыртып жiберуге жүрегi дауаламай, әлi де болса интернаттардың, балалар үйлерiнiң көптеп салына беруiне құлықты. Бұл туралы «Қазақстан балалары» атты 2007-2011 жылдарға арналған бағдарламада кезең-кезеңiмен көрсетiлген. Жақсы-ақ. Десек те, балалар үйлерiнде өскен жасөспiрiмдердiң екi-үш ұрпағының осы ортадан табыла беретiнiн мамандар айтып келедi. Мәселен, психологтар Инна Хамитова мен Виктор Брутманның зерттеулерiне жүгiнсек, жетiмдiктiң екiншi рет қайталануы заңды. Яғни жетiмдер үйiнде өскен қыз ертеңгi күнi сол жерге өз баласын еш арланбай әкелiп жатады. Өйткенi оның санасында «мен де осы үйде өстiм, менiң балам да осы үйде өсiп шығады» деген келте пайым, ой бар. Мұның өзi әлеуметтiк жетiмдiк жапырағының одан әрi өркен жаюына ықпал етерi сөзсiз. Сондықтан да бұл мәселедегi зерттеулердiң нәтижелерiне көз жеткiзген кейбiр елдер, мәселен, Америка 1950 жылдары жетiмдер үйлерiн салудан бас тартып, оның орнына патронат отбасылар тәжiрибесiн енгiзудi жөн тапқан. Сол сияқты көршiмiз Ресей де осы тәжiрибенi құп көрiп, 2006 жылы Бiлiм және ғылым министрлiгi «орыс елiнде балалар үйiнiң қарасын құртып, ондағы тәрбиеленушiлердi әр отбасына таратып беру керек» дегендi айтқаны есiмiзде.

Елiмiздегi жасөспiрiмдер құқығын қорғайтын мекемелер балаларды өз қамқорлығына алған отбасылардың бiраз уақыт өткеннен кейiн материалдық жағдайларына байланысты қайтадан бұрынғы өз орнына әкелiп жататынын ескерiп, жетiмдердi асырап алған олардың туыстарына жәрдемақылар төлеу қажеттiгiн ескерткен болатын. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, интернаттағы балалар санын 30 пайызға кемiтуге болады деген мамандар тұжырымы да әзiрге жүзеге аса қоймаған сыңайлы.

Жетiмдердiң iшiнде қарадомалақтар көп

Шетелдердегiдей емес, бiз бiлiктi психолог маманға жарымай отырмыз және олардың қызметiне көп жүгiне де бермейтiн халықпыз. Егер халқымыздың жартысынан көбі ауылда тұрады десек, олардың ешқайсысы да психологтың кеңесiне құлақ түрiп көрмеген болар, сiрә. Бұл сала мамандарымен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы ерекше екендiгiн  тек қаланың кейбiр тұрғындары ғана пайымдайтыны хақ. Осы орайда, әсiресе ақ пен қараның ара-жiгiн ажыратуға басы жетпей, оған қол ұшын бередi дейтiн ата-ананың сыйқы көңiлден шықпай тұрғанда, психологтың кеңесi балаға ауадай қажет. Десек те, республика бойынша 24 мың жасөспiрiмге бiр психологтан сәйкес келетiндiгi бұл сала мамандарына қаншалықты зәру екендiгiмiзден хабар берсе керек.  Жастардың түрлi келеңсiз жағдайларға тез ұрынып, тез сынғыш келетiні сондықтан болар. Осы елдiң ауасын жұтып, суын iшiп отырғаннан кейiн ондағы тұрып жатқан әрбiр ұлт өкiлiнiң басындағы қандай да бiр мәселенi бөлiп-жармай, Қазақстанның мәселесi деп қараймыз. Дей тұрғанмен, соңғы уақытта балалар үйлерiндегi жетiмдердiң негiзгi қатарын қазақ ұлтының қарадомалақтары толтырып жатқанына қалайша жаның ауырмасын? Бұл да болса осы уақытқа дейiн мұрты бұзылмай келген қазақы тәрбиенiң, имандылықтың осал тарта бастағанының көрiнiсi ме деп те ойлайсың.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста