Күні кеше ғана Президент Назарбаев "Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы" Жарлыққа қол қойды. Ол Жарлық бойынша, енді қазақ ақшасы тек қазақ тілінде жазылатын болды. Бәрекелді дедік. Сүйінші сұрап, хабарладық.
Бұған дейін қазақ ақшасы, қазақ теңгесі айыртілді болып келді. Теңгеде, қағаз ақшада да, темір тиындарда да әуелі қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде, сосын орыс тілінде, яғни Ресейдің мемлекеттік тілінде жазылып келген. Президенттің кешегі Жарлығынан соң, теңгеміз Тәуелсіздік алды деп қуандық.
Көршісінің қорығына күніне бір тас лақтырмаса басы ауырып, балтыры сыздайтың Кремль пропогандасы қазақ теңгесінің орыс тілінен бас тартқанын басқаша қабылдап, бас ауыртыпты, біраз. Бүгін сол туралы жазамыз...
Мария Захарова дейтін орыстың маржасы бар. Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі. Қазақ ақшасының орыс тілінен бас тартуына қатысты пікір айтыпты. Әуелі соған көз жүгіртейік...
«Говорит Москва» радиосының ақпараты мынау: «РФ СІМ орыс тілінсіз теңге туралы: Бұл Қазақстанның ішкі шаруасы».
Иә, жаңағы Мария Захарова осылай деген екен. Сары шашты сәусәлімнің сөзінің қазақшадағы қотармасы мынау: «Бұл тақырып біздің жіті бақылауымызда. Тек Қазақстандағы жағдай емес, жалпы орыс тілі өздерінің ана тілдері болып табылатын адамдар тұратын барлық жерді айтамын...».
Сондай-ақ, Захарова Мәскеу мен Астана арасындағы байланыстың жақсы екенін, бұл Қазақстанның ішкі шаруасы екенін де айтқан.
«Gazeta.ru». Бұл Мария Захарованың сөзінен ақпарат жасаған тағы бір орыс сайты. Олар былай деп жазады: «Оның айтуынша (Захарованы меңзеп отыр) Ресей жағы бұл мемлекеттің (Қазақстанды айтады) басшыларының орыс тілін сақтап қалуға жасап жатқан жұмысын көріп отыр».
Жә, енді Кремльдің айтағымен ғана үретін орыс ақпаратының контенттіне аз-кем шолу жасайық.
«КорреспонденТ.net» дейтін орыс сайты «Қазақстан валютасынан орыс тілі жойылады» (С вальюты Казахстана исчезнет русский язык) деп жазды.
«РИА Новости» сайты «Қазақстанның теңгеден орыс тілін алып тастауына Захарова пікір білдірді» (Захарова отреагировала на решение Казахстана убрать русский язык с тенге) деген тақырыппен мақала жариялады.
«Tvzvezda.ru» сайты да «Қазақстанның теңгеден орыс тілін алып тастауына Захарова пікір білдірді» (Захарова прокомментировала на решение Казахстана убрать русский язык с тенге) деп жазды.
«Федеральное агентсво новостей» сайты «РФ СІМ Қазақстанның теңгеден орыс тілін алып тастау туралы шешіміне пікір білдірді» (В МИД РФ прокомментировали решение Казахстана убрать русский язык с тенге) деген ақпарат таратты.
Ал «Новая газета» дейтін сайт «Назарбаев теңге банкнотынан орысша жазуды алып тастау туралы шешім қабылдады» (Назарбаев распорядился убрать надписи на русском с банкнот тенге) деп жазыпты. Жәй жазып қоймаған. Қазақстандағы орыс тілінінің ресми статусы туралы да жазыпғ оның мемтілмен қатар қолданылатынын есімізге салған.
«Десе де, Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі. Сондай-ақ, Конституцияда орыс тілінің айрықша ұлтаралық статусы туралы жазылған. Ол (орыс тілін айтады) – мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті басқару органдарында қазақ тілімен қатар қолданылуы тиіс», депті білгіштер.
Бұл бұл ма, әрі қарай Президент Назарбаевты орыс тілінен алшақтап бара жатқанын айыптай сөйлеп, сөзінің дәлелі ретінде өткен жылғы Парламент пен Үкіметке қазақ тілінде жұмыс жүргізу туралы қайрыла сөйлегенін естеріне алыпған.
Президент Назарбаевтың 2017 жылы қазақ тілін 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіру туралы жарлығын да мысал еткен.
«Pravda.ru» сайты «Назарбаев Қазақстан ақшасынан орысша жазуды алып тастау туралы шешімге келді» (Назарбаев распорядился убрать надписи на русском с казахстанских денег) деген тақыппен материал жариялаған.
Правда деген сөздің қазақшасы шындық болса, орыстың «шындығы» бұл жолы қазақ ақшасындағы жазудың тарихына үңілген екен.
1993 жылдары шыққан ақшаларда орыс тілінің мүлде болмағанын, тек қазақ тілінде жазылғанын, 1999 жылдан бастап қос тілде жазыла бастағанын айтқан сайт, 1993 жылға дейін қазақтың өз ақшасы атымен болмағанын жазыпты.
Қазақтар 1993 жылға дейін рубльді қолданып келген депті. Поскеңестік елдермен салыстырғанда Қазақстан өз ақшасын әбден кеш енгізді депті.
Депті де, сөз түйінінде ««Правда.ру» осыған дейін Кедендік одақ аясында ортақ вальюта – «алтын» енгізілетіні туралы хабарлаған еді» деп нүктелепті.
Қысқартып айтсақ, орыс ақпаратының ауаны осы. Ұқсас тақырып, ұқсас аргумент. Айтылып жатқан ақпарат бір. Есебіне жетсек, кәне?..
Дейтұрғанмен, «Gazeta.ru» дейтін сайттың мына бір ақпаратын аударып бергенді дұрыс деп есептедік. Аталған сайт «Жаңа валюта: Қазақстан орысшадан қалай құтылып жатыр» деген мақала жазған.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұма күні жарлыққа қол қойды. Ол бойынша, қазақтың мемлекеттік ақшасында орыс тілінде жазу болмайды. Енді қазақ ақшасында тек мемлекеттік тілде ғана жазылатын болады. Бұл шешім – Республиканы дерусификациялауға (орысшаланудан азат етуге) бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі. Ресей билігі бұған қатысты проблеманың барын растайды. Алайда, Республиканың ішкі шаруасына араласпағанды жөн санайды», деп жазыпты. Бұл сараптамалық мақаланың алғашқы абзацы.
4 қатар азат жолмен ресми ақпаратты жазған. Президенттің жарлыққа қол қойғанын айтып, жарлық мәтінінен мысал кетлірген. Қазақстан Конституциясындағы орыс тілінің ресми мәртебесі туралы жазған. Әрі қарай...
«Қазақстан билігі бұрыннан бері «үштілділік» саясатын қолданып келеді. Бұл халықты қазақ және орыс тілдерінен бөлек ағылшын тіліне үйретуге бағытталған. Тіпті, қытай тілін де ұйретпек. Қытай Қазақстанмен территориялық жағынан көрші орналасқан», депті.
«2016 жылы Президент Назарбаев жұртпен орысша сөйлеспейтін шенеуніктерді жұмыстан қуу туралы айтса, былтыр ақпанда Парламент пен Үкіметке жұмысты қазақ тілінде жүргізуді міндеттеді», дейді.
Одан әрі Сенатор Дәриға Нұрсұлтанқызының қытай тілін үйрену туралы айтқан әйдік сөзін тілге тиек еткен. Бұдан бөлек, Мария Захарованың сөзін ақпар қылып береді. Сөйтіп отырып, Қазақстанның этникалық құрамы жөнінде де аз-кем сөз шығарыпты.
«Дерусфикация Қазақстанда алғашқы жыл жасалып жатқан жоқ. Орыстар Қазақстаннан үдере көшіп, Ресейге келуде. Оның нәтижесінде Қазақстаннан небір мықты мамандар кетіп жатыр. Олардың орнын өзге жақтан көшіп келген қазақтар алмастыруда. Былтыр Қазақстаннан көшіп кеткен 32 930 адамның 23 589-ы орыстар болды. Ал 2252 адам украин, 2915 адам неміс және 843 адам татар екен», деп жазады.
Аталған сайт Қазақстанның мемлекеттік Көші-қон саясатын сындай отырып, Қазақстанға көшіп келген қандастарды да сөзбен түйреп өткен.
«Көптеген орыстар мен орыстілділер Қазақстаннан кеткісі жоқ. Себебі, олар сонда туған, аралас отбасын құрған, жергілікді дәстүрді, өмір сүру мәдениетін меңгерген. Алайда халықтың тұрмысы әлсіреген сайын орысты «русофобия» (жеккөру) жиілеп келеді. Орыстар Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін Республикадағы саны жағынан екінші ұлт болған (40 пайыз). Ал басқа ұлттармен қоса есептегенде қазақтардан өзгесі 70 пайыз болған. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 19 пайызға түскен. Бұл шамамен 18 миллион дамның бар болғаны 3,5 миллионы деген сөз», деп көсіліпті.
«Қазақстанда тұратын орыстарды ондағы ұлтшылдық және түрлі формадағы жаппай қазақыландыру қорқытады. Теңгеден орыс тілін алып тастау да сол бағыттағы қадам. Яғни, тегінен «ов» пен «евті» алып тастау, қазақ тілін латын әліпбиіне өткізу де орыс тілінің ресми мәртебесін әлсіретуге жасалған саяси шешім», деп тоқтапты.
Түйін. Жә, Путин-Медведьев тандемі басқаратын Ресей ақпаратының ауаны осы. Теңгеден орысшаны алып тастады деп ойбайға басып, беттерін тырнап, бұттарына жібере жаздап отыр. Таңқалатын түгі жоқ. Керісінше, өйтпеген жағдайда бұл жаңалық болар ма еді...
Қазақ теңгесі Тәуелсіздік алды. Қазақ басшысы қазақ ақшасындағы бөтен мемлекеттің тіліндегі жазбаны жойды. Ресейдегі Мария тәте айтпақшы, бұл қазақтың, Қазақстанның ішкі шаруасы. Болды. Бітті. Оған Кремльдің көкбеттері мен долыгүлдері қанша жерден дода-додасы шығып, долданғанымен Президент Жарлығы шықты. Өкірмек түгілі өттері жарылып кетсе де, расы осы.
Біз анау «Gazeta.ru» жазған мына бір дерекке көз жүгірткенді жөн көрдік. Орыс сайты Қазақстанның орыстар жаппай көшіп жатыр деп қалды.
Өткенде министр Дархан Кәлетаев осы тақырыпты Мәжілісте қаузаған еді. Мәжілістегі Үкімет сағатында сөз сөйлеген. Сонда:
«Елден кетіп жатқандардың 70%-ы өзге этнос өкілдері. Бұл — қалыпты жағдай. Адамдар өзінің тілдік ортасын, шығу тегін іздеп кетіп жатыр. Бұдан трагизм іздеу қажет емес», - деген еді Кәлетаев мырза.
Осы сөзге өті жарылып кете жаздағанның бірі Ассамблея деген аты бар да, заты жоқ ұйымнан сайланған Ахмет Мурадов дейтін депутат болды.
Бұл Мурадовты бұрын ешкім танымайтын. Өткенде Мәжілісте отырып алып, Комсомолдың 100 жылдығымен құттықтаған. Сонда жұрт мұндай адамның барын біліп қалған. Өзі зейнеткер. Биыл жазда 68 жасқа толады.
Ресейдің «Достық» орденімен, Ресей Үкіметінің арнайы дипломымен, Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Шешенстан Парламентінің арнайы төсбелгісімен марапатталған адам.
Шындықты айтқан министрге өшіге қарап, өкпелеп сөйлеген еді. Енді міне, Мурадов мойындамаған ақпаратты Кремльдің айтақтағы абалақтары айтып жатыр. Ал Мәскеуге мойын бұрғыш Мурадовтар сонда да депутаттық креслосын босатқан жоқ.
Жә, тақырыптан азырақ ауытқыдық, осы жерден түйіндейік. Енді қазақ ақшасында тек қазақша жазу болады. Ал орыс ақпараты жазған «мықты адамдар» теңгедегі «мың» және «теңге» деген екі ауыз сөзді жаттап ала алмаса, біздің айып не? Ең болмаса сан танитын болар...
Нұргелді Әбдіғаниұлы