Қызылорда қаласының қасында Тасбөгет атты кент бар. Облыс орталығынан таяқ тастам жерде орын тепкен. Кезінде Сырдария ауданының орталығы болды. Кейіннен бұл мәртебесінен ажырап, қаланың құрамына енгізілді. Қалада болғанмен, онда шешілмеген түйткіл бастан асады. Тіпті тұрғындар жұртта қалғандай күй кешеді.
Қайсыбір жылдары Тасбөгетте қос қабатты үйлер салынды. Олар кенттің көркін кіргізді. Өкінішке қарай, бертін келе осы үйлердің базары тарқап кетті деуге негіз бар. Басында, онда барлығы тәп-тәуір болатын. Аталмыш үйлерге газ да тартылған. Жылу да жетіп тұрды. Тұрғындар судан да таршылық көрмейтін. 90-жылдардың ортасында олардың барлығы бірте-бірте жоғала бастады. Осының салдарынан жергілікті жұрт өз қамдарын жасауға кірісіп кетті. Қолдан пеш жасап алды. Қазір барып қарасаңыз, терезеден шыққан мұржаларды көруге болады. Сырттан қараған адам олардың сұрықсыз кейпіне қарап, еріксіз бас шайқайды. Халық ауызсуды тасып ішетін болды. Қысқасы, қала басшылығы тарапынан оларға назар аударған ешкім жоқ. Бұл мәселе шаһардағы шенеуніктерге талай айтылған. Алайда құлақ асқан пенде табылмай тұр. Аталмыш проблема қордаланған күйі әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Қос қабатты үйлерді жөндеуден өткізу мәселесі де ескерілмей келеді. Осының кесірінен олар алқам-салқам күйде. Пәтер иелері кооперативі өжіреде жатқан қажетті заттарды жинап алды. Екі үйді есептен шығарып тастағаны тағы бар. Талай мекеме осы үйлерге қожалық етуге келеді. Дегенмен көп ұзамай олар да төбе көрсетпей кетіп жатады. Тұрғындар кімге сенерін білмей дал. Бір сөзбен айтқанда, кенттегі «Наурыз» және «Тасарық» мөлтек аудандарындағы қос қабатты тұрғын үйлер осындай жағдайды бастан кешіріп отырған жайы бар.
Өжіреде жиналған суды айтпай-ақ қойыңыз. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс демалуға қиындық тигізеді. Өжірелер ашық-шашық жатыр. Оларға балалар түсіп кетіп жатады. Жақында Молдағұлова көшесіндегі қос қабатты үйдің бірінде қайғылы оқиға орын алды. Құтқарушылар екі жастағы баланың суға толы өжіреден жансыз денесін алып шықты. Бауыр еті баласын ажал құрығына беріп, қайғыдан аһ ұрған ата-ана қайда барып, мұң шағарын білмейді.
Жұмакүл БАЛАБАЙҚЫЗЫ, Тасбөгет кентінің тұрғыны:
– Есін біле қоймайтын сәбидің қазасынан кейін аталмыш үйлерге байланысты біршама қозғалыс болды. Қос қабатты үйдің проблемасын шешуге бір мекеме бел шеше кірісті. Олар канализацияны қалпына келтіру үшін тұрғындардың өздері ақша жинау керектігін ескертті. Рас, үйлер жекеменшікке өткізілген. Оған қарсылығымыз жоқ. Дегенмен осы шаруа неге ертерек жасалмаған? Осының себебін жұрт түсіне алмай жүр...
Жалпы, қалада тұрғаннан кейін әрбір азамат өзіне жайлы тұрмысты іздейді. Өкінішке қарай, Тасбөгеттегі қос қабатты үйде тұратын жұрт ондай игілікті көре алмай отырғаны ойлантады. Әйтпесе, аталмыш кент облыс орталығынан қашық емес. Қазір Қызылорда қаласымен аралықта жер үйлер салынып, қосылып кетті. Қаланың біраз аумағына жылу тарататын орталық та Тасбөгеттен онша қашық емес. Оларға су жүретін құбырларды алып баруға да қомақты қаржы керек емес.
Алайда тасбөгеттік тұрғындар осындай игіліктерге әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келеді. Оның қашан шешілері де әзірге белгісіз.
Тасбөгет көзден неге таса қалды?
Последние статьи автора