Тәрбиелік мәні бар жазалау ма, әлде студенттің қалтасын тазалау ма?!
Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлық қоғамдағы ең елеулі мәселелердің біріне айналғалы қашан. Бұл мәселеге тосқауыл қойып, тығырықтан шығатын жолды таппай жүргенде, кейбір оқу ордалары студенттерден ақша алуды заңдастырып алыпты. Нақтырақ айтқанда, білім ордасы мен студент арасындағы келісімшарт негізінде тәлімгер нашар үлгерімі және сабақтан қалғаны үшін ақы төлейді. Яғни насыбайлы шақша, қалтаңда ақша болса болғаны... Ал оның заңдық негізі қалай?
Білім ордасында анда-санда төбе көрсетіп, қызыл дипломды қанжығалап жүргендердің бар екенін студенттер де растайды. Сондықтан да саналы жастар мұндай келеңсіз құбылысты тоқтату мақсатында оқу ордаларындағы жемқорлыққа қарсы күрес акцияларын ұйымдастырып та жүр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Өйткені онда жемқорлықты жүзеге асырудың түрлі жолдары бар. Қолмен ұстап алу қиын. Ұсталмаған ұры емес.
Ал Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің басшылығы ақша алудың жаңа жолын тапқан. Олар нашар үлгерімі және сабақтан қалғаны үшін студенттерден ақы төлеуді талап еткен. Оған наразы болғандар бір мәрте сотқа жүгініп, жеңіп те шықты. Алайда ұстаздар қауымы мен басшылық өз әрекеттерін дұрыс деп санап, өздері енгізген ақылы жүйені заңдастыру мақсатында студенттермен келісімшарт жасаған. Келісімшартқа қол қойған студенттер енді шарасыз күйде. Ал аталған колледждің басшылығы «бұл жүйе оң нәтижелі болды» деп отыр.
Рауза НҰРМОЛДИНА, Медициналық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Біз тек ақылы бөлімде оқитын студенттермен келісімшартқа отырдық. Оқу орнында барлығы 1237 студент бар. Оның 400-ден астамын мемлекет оқытып жатса, 800-і ақылы бөлімде. Ал келісімшартта көрсетілген талаптарға сәйкес, себепсіз сабақтан қалған студентке салынатын айыппұлдың мөлшері – 150 теңге. Нашар үлгерім үшін де төленетін баға сондай. Бірақ ұстаздар қауымы ақша төлеуді «айыппұл» деп атаудан аулақ. Себебі біздің колледждегі жаңа жүйе, біріншіден, тәрбиелік мәні бар жазалау шарасы, екіншіден, қосымша ақылы қызмет деп аталады. Түскен ақшаның 40 пайызы қосымша сабақ жүргізген ұстаздарға төленеді, ал қалғаны колледждің коммуналдық төлемдеріне және оқу ордасының дамуына керек басқа қажеттіліктерге жұмсалады.
Әйтсе де мұндай шараны жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Жақтаушылардың пайымдауынша, осындай шара қолдану арқылы студенттердің тәртібін, сабақ үлгерімін жақсартуға болады. Екіншіден, оқу ордаларындағы парақорлық өз-өзінен жойылады, өйткені енді сабақ үлгерімі нашар оқушы мұғалімге пара ұсынбай, ол оқу ордасына ақшаны заңды түрде төлейді. Үшіншіден, ол ақша білім ордасының қажетіне жұмсалады.
Алайда даттаушы жақтың да өз дәлелдері бар. Олардың айтуынша, ең бастысы, жастардың психологиясында «бәрін де ақшамен шешуге болады» деген пікір қалыптасады.
Одан қалды, ертең-ақ студенттердің басым бөлігі жұмыс істеп, сессияны ақшамен бітіруге әдеттенеді. Мұның салдары білімсіз мамандар мен жұмысссыз жастар қатарының артуына әкеледі. Ең сорақысы, өз қатарының оқымай-ақ жақсы баға алғанын көрген, көз майын тауысып оқитын оқушыда қоғамға деген теріс көзқарас пайда болуы ықтимал.
Арайлым БОПАНОВА, РМК С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың оқу-әдістемелік жұмыстар департаментінің қызметкері:
– Баланың оқуға деген құлшынысы, қызығушылығы, ең бастысы, оқуға деген ниеті болмаса, күштеп, қорқытып, үркітіп білім беру дұрыс емес. Әсіресе медицина факультетінде оқитын студенттен сабаққа келмегені және төмен үлгерімі үшін ақша талап ету – миға қонымсыз дүние. Яғни ондай студент болашақта дұрыс дәрігер бола да алмайды деген сөз. Оқу ордасына студент білім алу үшін келуі керек. Егер ол тек ақша төлемеу үшін сабаққа келсе, босқа уақытын жоғалтып жүр.
Иә, мұндай жүйені қолдайтындар да, қарсылар да бар екен. Ал мұндай шараның заңдылық жағы қалай?
Қосымша ақы енгізу қаншалықты заңды?
Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінде аталған жүйе студенттердің ата-аналары мен оқу орны басшылары қол қойған келісімшартқа сүйеніп жүзеге асады екен. Бухгалтерия студентке түбіртек жазып, ай сайын салық та төлейтін көрінеді.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Студентке себепсіз сабақтан қалғаны және нашар үлгерімі үшін ақша төлету ешбір заңның талабына сәйкес келмейді. Иә, Ата Заңымызда «мемлекет орта білімді тегін оқытады, ал орта мамандандырылған және жоғары білім беру тегін және ақылы түрде оқытылады» делінген. Бірақ бұл ойыңа келген жүйені енгізіп, қалауыңша ақша жинауға болады деген сөз емес. Бәлкім, тәрбиелік жағынан дұрыс та шығар, десек те, заңның аты – заң. Оның үстіне, «қосымша сабақ», «себепсіз қалған күндері өткен сабақтарды қайталап өткізу» дегеннің барлығы оқу ақысының ішіне кіреді, сонда қарастырылған. Демек, ұстаздар тарификациядан бөлек, ашық түрде қосымша ақша алып отыр. Бұл – заңға қайшы.
Түйін
Саралар болсақ, бұл шараны қолдаушылардың да, қарсылардың да сөзінде қисын жоқ емес. Бірақ заңгердің айтуына қарағанда, бұл шараның заңдық жағы шикі. Сондықтан мұндай шараны талқыдан өткізіп, тиімді болса, онда оның заңдық тетігін жасау керек болар. Ал егер тиімсіз болса, онда оған мүлдем тыйым салу қажет.