Тағы бір «Алтын адам» табылды
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қасым Аманжолов ауылынан батысқа қарата бір жарым шақырым жерде орналасқан, археологтер шартты түрде «Талды-2» қорымы атандырған қорымдардан осы апта ортасында тағы бір «Алтын адамның» бұйымдары табылды.
Осыдан екі апта бұрын Тасмола мәдениеті дәуірімен даталанған аталмыш қорымның дәл ортасында орналасқан патша моласынан табылған алтын адам бұйымдары туралы газетімізде жазған болатынбыз. Бұл жолы аталмыш қорымдағы биіктігі 3,5 метр, диаметрі 55 метр болатын №2 қорғаннан таутеке бейнелі 11 әшекей, самұрық құс бейнелі 13 алтын бұйым, мысық тәрізді жыртқыш аң бедерленген әшекей және түтік пішінді 9 бұйым, бидай пішіндес 30 ілгешек, 42 майда алтын түйіршіктері табылды. Бұдан бұрын табылған «Алтын адамның» бұйымдарын даусыз сақтардың «Аңдабы мәнеріне» жатқызған археолог, тарих ғылымының кандидаты, аталмыш экспедицияны ұйымдастырушы Арман Бейсенов осы бағытта соңғы 10 жыл бойы ізденіс жасап келеді. Археологтердің ғылыми жұмысына «Мәдени мұра» бағдарламасының да тигізген игі әсері аз емес. Кеше екінші «Алтын адам» бұйымдары табылған жерге Қарағандыдан бір топ журналист, жергілікті билік өкілдері барып, қазба жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының мамандары, археологтер табиғаты тамаша Кент тауларының бөктерінде орналасқан осынау қазба орындарын қайыра қалпына келтіріп, ашық аспан астында мұражай жасауды, сонымен бірге Қарағандыдағы облыстық өлкетану мұражайынан арнайы «Алтын адам» бұрышын ашуды жоспарлауда.
Арман БЕЙСЕНОВ, археолог, тарих ғылымының кандидаты:
– «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жүргізген ғылыми-зерттеулеріміз өз нәтижесін бере бастады. Әлбетте, ғылым үшін табылған алтыннан гөрі тарихи дерек құнды. Бұйыртса, антропологтер осынау қорымдағы жерленген жандардың тектік негізін анықтап берсе, біз өз тарапымыздан табылған жәдігерлер мен тарихи деректерді ұштастырып, тұтас зерттеу жұмыстарын жүргіземіз деп сенемін.