«Тоғайына қарай – аңы, заманына қарай – заңы» дегенге «заманына қарай – ауруы» деп те қосу керек секілді. Сәт сайын жаңарып отыратын зиянды вирустар секілді қоғамдық формация ауысқан сайын «аурулар» да ауысқаны былай тұрсын, тотыдайын түрлене беретінге ұқсайды. Соның бірі – шопоголизм. Шопоголизм өз тамырын жайдан-жай Америкадан алған жоқ, аталған елде бұл дертке шалдыққандардың саны 16-17 миллионнан асып жығылады екен. Былайша айтқанда, бүтін бір Қазақстанды құрайтын халық. Еуропа да бұл аурудан аман қала алмапты, бүгінде Тұманды Альбион елінде 700 мыңдай адам шопоголиктер тізімін толықтырып тұр.
Әдетте қасқырды қызыл көрсе өзін-өзі ұстай алмайтын жыртқыш аң дейміз. Сол қасекең «ет тәттілігін қоймаса, мен жегенімді қоя алмаймын» деп айтыпты-мыс. Осы айтылғандай, шопоголик – қалтаға ақша бітсе болды, жаңа киім, жаңа мүлік, әйтеуір, бір жаңа зат сатып алғысы келіп тұрады. Аурудың алғашқы белгілері, мінекей, осындай. Тәйірі, сатып алуға құмарлық әрбір әйелге тән әдет емес пе, онда тұрған не бар дерсіз, бәлкім? Алайда құмарлықтың шектен шыққаны сонша – тіпті өзінде жоқ болса қарызданып-қауғаланып сатып алып, артынша сол «олжа» қадірсіз боп, көрінген жерде жатса ше? Және де бұл сіз бен біз ойлағандай «әйел-ауру» емес, жыныс, жас, әлеуметтік жағдайға қарамайтын «жаман ауру».
Расында, осыдан бес жылдай ғана бұрын шопоголизм бикештердің ауруы саналатын. Киім-кешек, опа-далап секілді қыз-келіншектердің құмарлығы белгілі, ал енді ер адамдарға не жоқ? Олар неге құмартады дейсіз ғой? Өз құмарлықтарын әйелдерге қарағанда «статусы жоғары» санайтын ерлер көбіне автомобильден бастап, компьютер, ұялы телефон секілді мобильді дүниелерге тоймайды. Қыз-келіншектер болсын, ерлер болсын бұл тұста екі жыныс иелері де жеңілген жақта, яғни жеңіс туы – саудасы жүрген дүкенде!
Шопоголик те бала болған
1. Осы дерттің түп-тамырына үңілген ғалымдар оның бала кезден жабысатынын анықтаған. Яғни үнемі жалғыздық кешіп, ата-анасының жылуы жетіспейтін не керісінше, шамадан тыс ерке балалар, сондай-ақ «ана бәленшенің баласы анадай, сенің қолыңнан түк келмейді» дегенді үнемі естіп өскен балалар өзінің бойындағы ашу-ыза, кегін, жетпей тұрған олқылығын дүкен сөрелерінен табуға тырысатын болса керек.
2.Өз қадірін білмеушілік – бұл жағдайда әлдеқандай қымбат дүние сатып алу шопоманға өз қадірін арттыратындай көрінеді. Айталық, соңғы үлгідегі телефон, машинаның елден ерекшесін сатып алып, сол арқылы «көрдіңдер ме, мен қандаймын!» деп өзін көрсеткісі келеді.
3.Жалғыздықты жою үшін. Жігіті тастап кеткен қыз немесе күйеуі іссапарға кеткен әйел шопинг-терапия арқылы құштарлығын басқысы келеді. Әсіресе, қымбат бұйымдар сататын бутикте әр клиенттің үстіндегі шыбынын қоруға даяр сатушылар бикештерге таптырмас «дәрігер». Мешкейді – тамаққа, маскүнемді – араққа, ал шопоголикті сатып алуға тойдыра алмайсың.
Төмендетілген баға – шопоголикке құрылған қақпан
Тонау дегенді әдетте біз көшеде кетіп бара жатқан біреудің басынан қойып қап, қалтасы мен қойны-қонышын сыпырып кету деп түсінеміз. Әрине, ашық тонау осындай сипатта өрбиді, ал енді жасырын тонау ше? Бүгінгі дүкендердің саясаты – жымысқы күлкімен арбап, сенімге кіріп алған соң ту сыртыңнан қанжар сұғатын дұшпанның әрекеті секілді. «50 пайыз, 60 пайыз арзан баға» деген жазуларды сонадайдан көзге түсетіндей қылып, есік-терезесіне жапсырып тастаған дүкенге кірмей көр. Шынында, киімнің этикеткасына қарасаң, бұрынғы «бәлен мыңдық» бағасын сызып тастап, қасына жаңа бір баға жазып қояды. Оны көрген сатып алушыда тағат қалсын ба, «есесіне бәлен деген бренд киімді мен осындай-ақ бағаға аламын ғой» деп, қалтадағы басқа бір іске жұмсағалы тұрған ақшасын әлгі жерде қалай шығарғанын байқамай да қалады. Барынша ұстамды, эмоцияға сараң саналатын ағылшындардың 52 пайызға жуығы өздерінің шопингтен алатын рахатын тіпті төсек қатынасынан да артық санайтынын мойындаған. Ендеше, бұл дерт емей, немене? Өкінішке қарай, біздің елімізде шопоголизм деген дерт тіркелмеген, яғни оны қазекем ауру деп санамайды.
Қазақ оны «дүниеқоңыз» дейді
Бұрынғының қариялары: «Баяғыда қоңыз адам болыпты. Дүниеге тоймай, үсті-үстіне жинай берген соң, Жаратқан оны бір түнде қоңызға айналдырып жіберіпті», – деуші еді. Бүгінде ол аңызды айтатын ата-әжелер жоқ, есесіне әлгі «қоңыздар», керісінше, адамға айналып кеткендей. Шопоголиктің қазақы аты осы дүниеқоңыз сияқты. Бұл жайлы психолог мамандар не дейді екен?
Әбдуәлі Мамәділ, психолог:
– Бұл – психологияда белгілі диагноз. Бірақ біздің елде оны дерт деп танып, одан емдеп жатқан ешкім жоқ. Әйтпесе шопоголиктер бізде толып жүр. Күнделікті тұрмысқа қажет ұсақ-түйектен бастап, тіпті жылжымайтын мүлікке деген тойымсыздық – осының айғағы. Айталық, біреудің баспанасы жоқ, есесіне біреудің бәленбай үйі, саяжайы, көлігі бар. Әрбірден соң олар да – шопоголиктер. Бұл аурудың өршуіне сондай-ақ бір кездері қоғамда еркін берілген несие де сеп болды. Тегін бергендей адамдар несиеге қос-қостан тұрмыстық заттар, машина, үй де алып алды.
Жалпы, дерттің шығу төркіні – адамның жан дүниесіндегі өзіне түсініксіз бір қуыстың орнын толтыруға деген ұмтылыс. Жаңа бір зат сол олқылықты толтырады деген ой адамды еріксіз базарға сүйрейді. Нәтижесінде материалдық шығын өз алдына, дерт асқынбаса, бері қарамайды. Айығуға болады, әрине, ол үшін белгілі бір шарттарды орындау қажет. Алдымен адам өз бюджетін есептеп, кіріс-шығысын жазып, дүкенге барғанда керек заттардың тізімін жазып алуы қажет.