Соңғы іссапар
Сынаптай сырғыған қайран уақыт-ай десеңізші. Артында қалған ел-жұртын, туыс-бауырларын, бауыр ет балаларын аһ ұрғызып, қан жұтқызып, сағындырып, опындырып кеткен еліміздің шекара қызметіндегі тұлға, нағыз шекарашы, нағыз полковник Тұрғанбек Мұхаметқалиұлы Стамбековтің де бұл пәниден бақиға өткеніне де қырық күн толып қалыпты-ау. Неткен өкініші көп өмір еді.
Тарих еншісіне кеткен өткен жылдың 25 желтоқсаны. Астана қаласы. Кешкі 16 сағат 52 минут. Әскери кеңестен шыққан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің беткеұстар басшы офицерлерін тиеп алған «Ан - 72» әскери ұшағы Астана әуежайынан Шымкент қаласына жету үшін әуеге көтеріледі. 27 офицер. 27 тағдыр. Сол сәтте олар не ойлады екен? Бұл іссапар олар үшін соңғы, мәңгілік сапар екенін сезді ме екен?!. Қаптаған сұрақ. Ұшақ Шымкентке жетпей опат болды. Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған орасан опат. Сол қыршын боздақтардың ішінде Шекара қызметінің басшылығында аз отырса да саз отырған Тұрғанбек бауырым өзіме етене жақын еді. Сыйластығымыз да, жолдастығымыз да шынайы бола-тұғын.
Полковник Тұрғанбек Мұхаметқалиұлы Стамбековпен таныстығым сонау 1995 жылы Шекара әскерлері (ол кезде Шекара қызметі осылай аталатын) қатарына қызметке кіргенімізге көп уақыт бола қоймаған біздің шекараға алғаш іссапарымыз Жаркент шекара отрядына барудан басталған еді. Жол-жөнекей шекара коменданты кім екендігін ақырын сұрап көргенбіз. «Бір жас майор. Алған бетінен қайтпайтын қайсар. Тік мінез. Бірақ өз ісін өте жетік біледі» деп жолсерігіміз қысқаша мінездеме берді. «Аты-жөні Тұрғанбек Стамбеков» деп қосып қойды, сөз арасында.
«Өсек» шекара заставасына да келіп жеттік. Застава алдында бізді күтіп алған шекарашылар есік алдында тұрған офицерлерге алып барды. Танысу барысында маған Тұрғанбек тәкаппар секілді болып көрінді. Сол кездегі дәстүрдің ізімен шекара нарядына басшылық жасап тұрған Тұрғанбекке қазақша сауал қойсаң, ол орысша жауап береді.
Сол іссапардан мен Алматыға Тұрғанбекпен бірге қайтатын болдым. Түс ауа Тұрғанбек өзінің дайын екендігін ескертіп, «кіреберісте тос» деді. Содан үш адам болып, ескірек «Жигули» автокөлігімен жолға шықтық. Рөлде – басқа жігіт. Жанында, Тұрғанбек. Алғашында ойлағанмын, керемет бір шетелдік сүйріктей жорғамен жолға шығамыз ғой деп. Сөйтсем, қайдағы. ...Жол-жөнекей ұққаным: мына біз мініп келе жатқан «Жигули» Тұрғанбектің бір танысынікі де, рөлдегі жігіт жолдасы екен. Шекарадағы «Қорғас» бекетінің аты сол кездерде-ақ дүрілдеп шыға бастаған кез. Ал майор Тұрғанбек Станбеков болса сол дүрілдеп тұрған «Қорғас» бекетінде шекара комендатурасының коменданты. Кез келген шетелдік мәшинені шертіп жүріп мінем десе де, қолында құдірет бар. Жоқ, мұның тақымында шетелдік машина тұрмақ, отандық жаман бір көлік те жоқ. Өз-өзімнен таңғалдым да қойдым. Неткен қарапайымдылық. Жолда біз сұрамасақ та, Тұрғанбек өзі сөз бастап, қолбасшысының өзі шақыртқанын, осы жолы не әскерде қалатынын, не қалмайтынын, яғни тағдырының осы жолы шешілетінін айтып берген еді. Біз жақсылық тілеп қала бердік.
Сол жолы бәрі дұрыс шешіліп, Тұрғанбек Шекара әскерлері Бас басқармасына қарасты шекара комендатурасының коменданты болып Алматы қаласында қызметте қалды.
Тұрғанбектің кейінгі өмір жолдарына көз жүгірте қарасаң, үнемі өсу, өрлеу үстінде болған екен. Әріптестері таңғалатын. Артында тұрған ешкімі жоқ, сүйреуші, сүйеушісі жоқ, бірақ осы жігіттің үнемі жолы болады да тұрады деп. Әрине, «Өзі жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын бар» дегендей, өзі таза, жұмысынан басқа еш нәрседе шаруасы жоқ, өтірік, өсек-аяңнан аулақ, нағыз офицерді көтермеске жоғары басшылықтың да басқа лажы жоқ еді.
Сәл шегініс жасап кетер болсақ, Тұрғанбектің тәлімгерлері, ұстаздары, тәрбиеленген орны мықты болды.
Тәуелсіз жас мемлекеттің қасиетті шекарасын қорғауда алғашында небәрі алты шекара отряды болды. Сол алты шекара отрядына басшылық жасаған командирлер қандай еді. Нағыз сайдың тасындай, іріктелген маман сардарлар бола-тұғын. Генералдар: Құсайын Берқалиев, Шынтас Өтепов, Александр Сәрсембеков, Төлеген Үмбетбаев, полковниктер: Мұрат Абайдилдинов, Ақылбек Түсіпбековтер тарап кетуге шақ қалған шекара бекеттерін төрт аяғынан тік қойып, қаншама істер тындырды. Ал соның бәріне білікті басшылық жасап, жоқты бар қылуға тырысып, Мемлекеттік шекараның нығайып, бекуіне көп еңбек сіңірген сол кездегі Шекара әскерлерінің қолбасшысы, кейінірек Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Болат Сейітқазыұлы Закиев болатын.
Міне, осындай тамаша, іскер, білікті шекарашы офицерлерден тәлім алып, соларға сенімді көмекші бола білген Тұрғанбек Мұхаметқалиұлының да іскер, білікті офицер болып шықпауына қақысы жоқ еді. Алдыңғы толқын ағалардың жолын одан әрі жалғастырып, шекара деген қасиетті ұғымды өзінен кейінгі ұрпаққа дұрыстап жеткізе білсем деп жүрген кезінде өмірі орта жолдан үзілгені қандай өкінішті.
Тұрғанбекпен соңғы рет 2011 жылдың қараша айында Астана қаласында өз кабинетінде кездестім. Ол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы болатын. Үлкен қызметке келгеніне көп уақыт бола қоймаған кезі. Үлкен қызметке келдім екен деп шіренбей, жақсы қабылдады. Көріп жүрміз ғой кейбір жігіттерді, қолына билік тиген күннің ертеңіне жанына торсық байлатпай кететінін.
Сол күні қолы бос болды ма, әйтеуір, менімен екі сағаттай әңгімелесті. Алға қойған мақсаты, ойы көп еді. Сол жолы «Сәке, сен журналиссің ғой. Менің ойымда біраз нәрселер бар еді. Жазып, көмектессеңші. Мына осыншама жерді біздің ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалды, бізге осыншама байтақ, бай жерді аманаттап кетті. Сол ел қорғаған ер бабалар нағыз шекарашылар емес пе еді. Ендеше, неге бізге Мақаншы шекара отрядын Қабанбай батыр атындағы шекара отряды, Шонжы шекара отрядын Райымбек батыр атындағы шекара отряды деп атамасқа? Сен осы мәселелерді насихаттауға көмектессеңші» деп, елдік тұрғыдағы терең ойларының бірін базына ретінде айтқан еді. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 20 жыл толу қарсаңы еді. Мен Тұрғанбекке өз ойым туралы айттым. Тәуелсіз еліміздің қасиетті шекара күзетінде тұрған Шекара қызметіне алда 20 жыл толмақ. Соған байланысты кітап шығарсақ. Оның ішінде өзі туралы жазсам деген ойым да бар екендігін жай ғана ескертіп өттім. Қашанда қарапайымдылығынан айнымайтын ол «кітап шығарсам деген ойыңды қолдаймын, бірақ мен туралы жазу ертерек шығар» деген де қойған. Кім білген, оның ерлік істері туралы очерк жазамын деп жүргенде еске алу жазамын деп. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы да.
Сол арада айтылған әңгімеге кейінірек қайта ораламыз ғой деп жүрген кезде шекарада болған келеңсіз оқиғалар қолға алған, есте жүрген істердің бәрінің быт-шытын шығарды. «Кейінірек» дедік. Кейінірек деп жүрген кезде тамаша азамат, үлгілі отбасы иесі, ақ еділ, ақжүрек офицер аяқастынан қайғылы жағдайға душар болды. Өзімен бірге өзегіңді өртеп, қаншама жоспарлаған істері істелінбей, атқарылмай қалды.
Жары Сәулесін жанындай жақсы көруші еді. Бақида да бірге болайық деді ме, оны да өзімен бірге ала кетті. Артында боздаған қос құлыншағы қалды.
Тұрғанбек Мұхаметқалиұлымен бірге болған офицерлер арасында Оңтүстік аймақтық басқармасының бастығы, полковник Павел Михайлович Доценко, отряд командирлері, ағайынды Рахмандарды, Қайрат Мұқамадиевті жақсы білуші едім. Жандары жаннатта болғыр алғыр жігіттер еді. Павел Михайлович өте мазасыз, бастаған ісін түбіне жеткізбей қоймайтын, өз ісіне жетік, білгір, нағыз майталман офицер еді. Ал Қайрат болса, керісінше, биязы, мінезі жұмсақ, елге жақсылық жасағысы келіп тұратын қарапайым жан еді.
Жуырда қасиетті шекара шебін күзетіп жүрген Отан сақшыларына басшылық жасауға жүрегі таза, ары таза, әскери саланың жетік білгірі, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов мырза келгенін естідік. Енді Жаратқан ием жар болып, Жоламановтың жолын ашып, шекара шебін шегендеуде үлкен жетістіктерге жетуін тілейік.
Сағидолла СИҚЫМБАЙҰЛЫ, запастағы полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі