Шаш «шаруашылығы» шаршап тұр
«Тазға тарақ не теңімнің» заманы өткен. Дегенмен «Таз болсаң, тақиядан көрме» дейміз тағы да...Иә, ғылым қарқынды дамып отырған мына заманда тазды қолаң шашқа айналдыру да түк болмай қалды. Оған таңғалудың өзі ерсі көрінетіндей ме, қалай?.. Расында, бүгінде әлемде қарқынды дамыған трихология ғылымының арқасында тазға шаш «егіп» өсіруде. Шаш шаруашылығымен айналысатындар көбейіп келеді, шүкір. Соған орай, шаш «ауруына» шалдыққандар да аз емес.
Алайда біздің елімізде дәл осы саланың дамуы тастабандап, тасбақа аяңмен жүзеге асуда. Мұның себебі шашымыз «ауырмайтын» болғандықтан шығар. Трихология, яғни, шаш пен бас терісін зерттейтін ғылымға әлем елдері айрықша назар аударып отыр. Өйткені бүгінде әртүрлі экологиялық жағдайларға байланысты таз адамдардың қатары өсе түскен. Әрі тазданған басына шаш өсіруге талпынғандардың сұранысы да артып отырған көрінеді. Сондықтан да трихологиялық орталықтар ашып, шаш етектен пайда тауып отырған елдер де бар. Шаштың морфологиясы мен физиологиясын зерттейтін ғылым түрі Батыста жеке ғылым ретінде тек XX ғасырда дами бастағаны белгілі. Әу баста жай мектеп түрінде ашылса, бүгінде трихологиялық институттар деңгейіне жеткен. Лондонда трихология институты мен бірнеше орталықтар бар. Бүгінде Халықаралық трихологтар ассоциациясы мен Еуропалық шаш зерттеу қоғамы бар. Ресейдің өзі бұл ғылыммен 90-жылдары ғана танысса, мамандарын тек 2000 жылы ғана дайындап шығара алды. Бірақ Денсауминнің кадр тізімінде бұл мамандық жоқ, тек дерматокосметологияның бір тармағы ретінде ғана қарастырылады. Бізге тосын кәсіптің дабырасы тек 90-жылдардың соңында жетті. Мамандардың жұмыс істей бастағанына да 7-8 жылдың көлемі ғана болды. «Денсауминнің тізімінде жоқ мамандар елімізде қалай дайындалуда» деп бас қатыруға болатын-ақ жағдай. Расында, еліміздің ірі қалаларында ашылған трихологиялық орталықтағы мамандардың басым бөлігі – шетелде оқып, білімін жетілдіріп келгендер.
Сондықтан да шетелге телмірулі... Бір қарағанда бұл мамандық басқа дәрігерлердің жұмысына қарағанда оңай сияқты. Бірақ бас пен шаштың айналасында да шешілмеген «мәселе» көп екен. Трихолог маман алдына келген адамның физиологиялық жағдайын жіті тексеріп шығып, шаштың түсіп, таздануының себебі неден екенін анықтап алған соң ғана ем тағайындайды. Ал түбіменен түсіп қалған шашты қайта өсіріп шығару тек сиқыршының қолынан ғана келетін іс сияқты көрінуі мүмкін. Иә расында, бүгінде осындай мүмкін емес нәрселерге қол жеткізіп отырмыз. Бүйрек, жүректі ауыстырғандай, бүгінде шашқа да трансплантация жасалатын болды. Арнайы клиникалардағы бейнесюжет арқылы басқа қалай шаш «егіп» жатқанын тамашалауға болады... Өзіміз шашы түгелдей түсіп қалған адамды тазбас атандырып жүрсек, оны медицина тілінде алопеция деп атайды. Трихологиялық орталықтарда алдымен компьютерде шаш ауруының диагностикасы тексеріледі. Бастың қасқалануы да, жиі терлеуі де, қайызғақтан арылмауы да шаш ауруларына жатады. Асқазан-ішек жолдары, эндокриндік және иммундық жүйенің бұзылуы да шаштың сыпырылып түсуіне сеп болатын көрінеді. Одан қалса, экология, шашты дұрыс күтпеу, стресс, инфекция да әсер етеді. Адамның шашы күндігіне 50 ден 80 талға дейін түседі, «бұл қалыпты жағдай» дейді мамандар. Оның орнына жаңадан шаш өсіп шығады. Алайда патологиялық ауытқуларда шаш өспей қалады. Ерлердің – 96 пайызында, әйелдердің 79 пайызында шаш түсуі өте жиі байқалады. Әйелдер үшін шаштың көп түсуі – косметикалық дефект болғанымен, психологиялық дискомфорт, яғни неврозға ұрындыратын төте жол. Бүгінде америкалық RUBENHAIR компаниясының асығы алшысынан түсіп тұр. Оның негізін қалаушы Рубен Богинді кәсіптің көзін таба білген демеске амал кем. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан адамда есеп жоқ. Соған орай ақша да.
Әу баста шашты трансплантациялаумен айналысқан. Рубиннің өзінің айтуынша, шаш өсірумен айналысатын хирургтердің халықаралық конференциясына қатысқаннан кейін клиника ашсам деген ой келген. Шаш өсірудің микрохирургиялық әдісін тәжірибе арқылы арттырса, қарапайым ғана кез келген дәрігер жасай алатынына көз жеткізген. Оның өзі пластикалық және эстетикалық хирургия болып екіге бөлінеді. Шаш трансплантациясы – айдаладағы тақыр жерге арпа еккенмен бірдей жұмыс. Бірнеше сағатқа созылатын ауыр операцияның өзі оңай емес. Оның нәтижесін күту де – психологиялық жағынан ауыр соққы. Шаш, қас, сақал трансплантациясына жаңа технологиялар енгізіле бастады. Оны меңгеру, жұмыс істей білу оңай шаруа емес. Тыртықсыз жасау да нағыз бесаспап маманның ғана қолынан келеді. Бір күнде 3 500 графт, 170 тал кірпік, 1 000 дана қас өсіріп шығару – қиын жұмыс. Сұлулық индустриясына сүбелі үлес қосатын дәл осы трихологиялық орталықтардың дәурені жүріп тұр десе де болғандай. Оның дамуына жаппай жасанды сұлулыққа ұмтылғандар қомақты үлес қосуда. Статистикаға жүгінсек, бүгінде елімізде ерлердің – 60 пайызы, әйелдердің 37 пайызы тазданудан зардап шегеді. Бұдан он жыл бұрын дәл осы диагнозды емдеу мүмкін еместей көрінетін. Елімізде эстетикалық медицинаның дамуы батыс елдерінен кем түспейді. Жасанды сұлулыққа ден қойғандар бүгінде шаштарын қалыңдатып, қас пен кірпікті де қолдан өсіруге ден қойған. Сұраныс көп. Біздің ғасырымыздағы ең көп таралған аурудың бірі әсіресе бастың айналасындағы аурулар яғни таздану бірінші орынға шыққан. Мұндай оталардың тиімділігі мен бағаның арзандығына қызыққан алыс та жақын шетелден де пациенттер келе бастаған. Осыған қарап, еліміздегі эстетикалық медицинаның дамуы қарқын алғанын байқауға болады. Бірақ маман тапшылығы айқын сезіледі. Елімізде трихологтерді дайындап шығаратын оқу орны жоқ. Алдағы онжылдықта бұл мәселенің шешімін табар-таппасы да белгісіз...
Әсем ЕГЕУБАЕВА, дерматокосметолог-трихолог:
– Мамандардың басым бөлігі Германия, Франция, Испания, Италиядағы жоғарғы клиникаларда оқып, білімін жетілдіреді. Бізде пайдаланылып жатқан жоғарғы технологиялардың барлығы да шетелдерде жасалған. Сол құрылғылармен жұмыс істеудің тілін үйреніп келеді. Әрі білімін жетілдіреді. Бүгінде маман табу мәселесі расында қиындау. Трихолог мамандар да, оның қызметіне жүгінетіндер қатары да көбейіп келеді. Соған орай, елімізде осы мамандарды оқытатын бір бөлім ашылса дұрыс болар еді.