Сәбидің есту қабілетін ерте ескерген жөн
«Сәбидің есту қабілетінің нашарлығын ерте анықтау – оның бұл дерттен айығуының кепілі» дейді мамандар. Ал жаңа туған сәбидің есту қабілетінің қалыпты екендігін қалай анықтауға болады? Ата-анасы сәби қатты дыбысқа селт етпегенде не істеуі керек? ҚР ДМ Халықтар Достығы орденді педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонатолог дәрігері Алтынай Садықовамен әңгіме барысында бір жасқа дейінгі балалардың есту қабілетінің бұзылуына байланысты мәселелер сөз болды.
Маманның айтуына қарағанда, жаңа туған сәбилер арасында есту қабілетінің бұзылуы 1-2 пайызды құрайды. Сәбидің есту қабілетінің нашар болуы оның тілінің шығуын кешеуілдетеді, ойлау қабілетінің қалыптасуына да кері әсерін тигізеді. Сәбилердің 82 пайызы кереңдікке бір жасқа дейін, яғни тілі шықпай тұрып шалдығады. Сәбилердегі есту қабілеті бұзылуының тең жартысы туабітті пайда болады. Құлағы естімеуді емдеу оны анықтау мезгіліне, есту қабілетінің қаншалықты зақымданғанына, қалған есту мүмкіндігін дұрыс бағалауға және ем шараларын уақтылы бастауына байланысты. Туа біткен кереңдікті сәби дүниеге келісімен анықтау өте маңызды, баланың тілі шықпай тұрып уақтылы диагноз қойып емдесе, баланың дерттен айығып кетуі де жеңіл болады. Өкінішке қарай, ата-аналар бұған дер кезінде көңіл бөлмейді. Есту қабілеті бұзылуына орай тіркеуге алынғандардың 33 пайызы 3-7 жас аралығында, ал 21пайызы 1-3 жас аралығында анықталған, ал 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында бұл көрсеткіш 4 пайыз ғана.
Кереңдіктің себептері
Сәбилердің есту қабілетінің бұзылуына алып келетін факторлар әсер ету мерзіміне қарай антенатальды, интранатальды және постнатальды деп үшке бөлінеді. Антенатальды және интранатальды факторлар есту қабілетінің туабітті зақымдануына алып келеді, ал постнатальды фактор ерте пайда болған кереңдікке ұласады. Антенатальды факторларға сәбидің анасының жүкті кезінде түрлі жұқпалы, соматикалық сырқаттарға шалдығуы, жүктілігінің ауыр өтуі, аяғы ауыр кезінде ототоксикалық диуретиктер, антибиотиктер қолдануы, наша, темекі шегуі, спирттік ішімдіктер ішуі жатады. Интранатальды факторларға анасының мерзімінен бұрын босануы, нәрестенің жамбаспен немесе бетпен келуі, босандыру кезіндегі хирургиялық кірісулер (акушерлік қышқаш, вакуум-экстрактор, кесер тілігі), босану кезінде қан кету, плацентаның ажырауы, жаңа туған нәрестенің тұншығуына әкелетін жағымсыз факторлар жатады. Сәбиді кереңдікке әкелетін постнатальды себептерге гипербилирубинемия, бас, ми қан айналымының бұзылуы, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, пневмопатия, жұқпалы аурулар, егуден кейінгі асқыну, ортаңғы және ішкі құлақтың қабыну аурулары, сыртқы есту жолдарындағы бөгде дене, экзогенді ототоксиндер, аллергиялық және соматикалық аурулар жатады. Перинатальды кезеңде пайда болған барлық есту қабілетінің бұзылулары туабітті болып саналады. Кереңдіктің тұқым қуалайтын қасиеті де бар, құлағы естімейтін сәбилердің 50 пайызына бұл сырқат тұқым қуалау арқылы беріледі.
Баланың есту қабілетін қашан тексерген жөн?
Қазіргі кезде есту қабілетін сәби туылғанына үш-төрт күн болғанда тексереді. Бірінші тексеру нәтижесінің оң болмауы баланың құлағы естімейді дегенді білдірмейді, өйткені салмағы аз, шала туған нәрестелерде есту нейрондары кеш қалыптасады. Сол себепті мұндай сәбилерді 4-6 аптаға толысымен екінші рет тексереді. Егер екінші тексеруде де сәбидің құлағы естімейтіні анықталса, сәбиді отаға дайындайды. Өйткені нәресте екі жасқа толғанға дейін ота жасалуы керек, бұл ота кезінде оның құлағына кохлеарлы имплант орнатылады.