Құрт ауруы адам таңдамайды
Қазіргі таңда қоғамда кездесетін туберкулез атты дертті білетіндер көп болғанымен, көпшілігіміз бұл дерттің шын мәнінде адам үшін қандай қауіпті екендігіне мән бере бермейміз. Бұл дертпен, негізінен, әлеуметтік жағдайы төмен халықтың бір бөлігі ауырады, яғни мұны «кедейлердің ауруы» деп есептейді. Тарихқа үңілетін болсақ, бақуатты отбасынан шыққан адамдар да осы дертке шалдыққан. Мысалы, Шоқан Уәлиханов, Лев Толстой, Антон Чехов, Джордж Байрон, Фредерих Шопен сынды ұлы тұлғалар да өкпе құртынан зардап шеккен. Көпшіліктің осындай қателесуін болдырмау үшін туберкулез дерті жайлы қысқаша түрде болса да, жеткілікті ақпарат жеткізу – дәрігердің міндеті.
Сау адамға бұл ауру, негізінен, туберкулезге шалдыққан науқастың түкірген қақырығының ұсақ сұйық тамшылары арқылы не кепкен түйіршіктерін ауамен бірге жұтқанда жұғады. Сирек жағдайда туберкулезбен ауырған үй жануарларының сүтін шикілей ішкенде немесе етін шала пісіріп жегенде де жұғуы мүмкін. Адам ағзасына туберкулез таяқшасының енуі ауруға себепші болғанымен, оның толық дамуы үшін жеткіліксіз. Адамдар туберкулезбен бұрын науқастанып, организмнің иммунитеті төмендегенде, дұрыс қоректенбегенде (әсіресе мал өнімдерінің белоктары, дәрумендер тапшы болғанда), санитарлық-гигиеналық жағдайлар дұрыс сақталмағанда, сондай-ақ аурумен ұзақ уақыт бойы араласқанда ауырады. Құрт ауруы адам таңдамайды. Сол үшін сақтық шараларын қатаң ұстану шарт. Туберкулез көбінесе үш жасқа дейінгі балаларда пайда болады, өйткені оларда ауруға қарсы иммунитет әлі де нашар дамыған, сондай-ақ жасөспірімдерде жыныстық жетілу кезеңінде пайда болады. Бірақ туберкулез тұқым қуаламайды. Бұл дертпен ауыратын адамдардың, әдетте, балалары ауру болып тумайды. Бірақ туберкулезге шалдыққан ата-ана дер кезінде емделмесе, аурудан сақтану ережелерін дұрыс сақтамаса, дертті баласына жұқтырып алу қаупі жоғарылайды. Бұл дерттің ашық және жабық түрлері болады. Ашық түрінде қақырықта оның таяқшалары болады, сондықтан аурудың мұндай түрімен ауыратын адамдар өте қауіпті деп есептелінеді. Ал жабық түрінде қақырықта аурудың таяқшалары болмайды, бірақ дерт асқынатын болса, дерттің мұндай түрімен ауыратын науқастардан да жұғуы мүмкін. Туберкулез таяқшалары әртүрлі ағза мүшелерін, көбінесе өкпені зақымдайды. Аурудың біліну сипаты түріне, науқастың жасына, организмнің жалпы жағдайына байланысты болады. Аурудың ортақ белгілері: дене қызуының көтерілуі, түнге қарай көп терлеушілік, екі аптадан асқан жөтел, ұйқының қашуы және тәбеттің нашарлауы. Науқас жүдеп, ашуланшақ келеді, жұмысқа қабілеті төмендейді. Туберкулез таяқшалары түскен жердің тінінде кішкентай төмпешіктер пайда болады. Адам организмі сауыға бастаса, мұндай төмпешіктер жойылып кетеді. Кейде бұл төмпешіктердің сырты қатқылданып, беріштенеді. Мұны «некроз ошағы» деп атайды. Адам ағзасы әлсіреп, некроз ошағына қолайлы жағдай туса, сол жерде «каверна» (қуыс) пайда болады. Осы қуыста туберкулез таяқшалары дамып, кеңірдек арқылы өкпенің басқа бөліктерін зақымдайды. Мұндай науқастардың қақырығында микобактериялар мол болып, қақырыққа қан араласуы, тіпті қан кетуі де мүмкін.
Қазіргі кезде өзіне қарсы дәрілік заттарға тұрақтылық дамытқан туберкулез түрі пайда болған. Бұл ауру әртүрлі әдіспен анықталады. Негізі, туберкулезді ертерек анықтау мақсатымен «манту реакциясы» бойынша балаларға тері астына дәрі егіп, жаппай тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар халықты жаппай флюорографиялық (рентгенологиялық жолмен) тексерудің маңызы зор.Туберкулезге қарсы арнайы егу (БЦЖ) – сәби дүниеге келгеннен 3-5 күннен кейін іске асырылады. Ауруды емдеудің терапиялық, хирургиялық, т.б. әдістері табылып, күнделікті дәрігерлік жұмыста қолданылатын болды. Санаторийлерде емделу өте пайдалы. Қазақстанда туберкулезге қарсы жұмысты Туберкулез мәселелері ұлттық орталығы үйлестіріп отырады. Әрбір облыс орталығында арнаулы диспансер, жергілікті жерлерде олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Республика туберкулезге қарсы қажетті дәрі-дәрмекпен, емдеу орындары төсек-орынмен жеткілікті қамтамасыз етілген. Десек те, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылға сүйенсек, әр адамның денсаулығы өз қолында екенін ұмытпағанымыз абзал.