Құралайды көзге атқан
Сапта тұрған снайперлерге оқты бұл жолы генералдың өзі үлестірді. Генералдың қолынан үшінші боп оқ алған кең жауырын, ұзын бойлы, сүйекті келген қазақ мергені Ыбырайым Сүлейменов еді. Батырдың тұла бойынан алыстағы қазақ даласының жұпар иісі аңқып тұрған сықылды.
Генералдың берген сегіз оғын да ол 600 метр жердегі нысанаға қатарынан қондырды. Бірінші орын алды. Өзін еркін ұстады. Қолында – өзімен бірге талай ұрысты кешірген винтовкасы. Бұл винтовкамен ол 280 немісті өлтірді. Осыншалық немісті өлтіргендей күштің сыры қайда?
Ата балаға сыншы емес пе?! Сүлеймен қарттың өзі де, бәйбішесі Тынышбала да жеті баласының ішінде Ыбырайымды ерекше жақсы көреді. Ыбырайымды әскерге жөнелткенде Тынышбала көп жылады, жылап тұрып баласына ақ батасын берді:
– Балам, жинал енді, жолың болсын! – деді Сүлеймен қарт. Керман соғысқыш неме десетін, берік бол! Белдігіңді мықтап байлап жүр! Жолдастарыңа күлкі болып жүрме. Итлер ме, иттер ме, немене – соның өзінің басын жою керек.
– Енді, көреміз ғой, – деп жауап берді Ыбырайым «арық сөйлеп, семіз шық» деген мәтелді еске алып. Бұдан кейін үйде көп аялдамай, үш жасар қызы Алмагүлдің бетінен сүйді де, ата-анасымен, үй ішімен қоштасып, Ыбырайым жолға шықты. Ол Отан алдындағы азаматтық борышын орындау үшін әскерге кетті. Бұл 1941 жылдың күзі еді.
Сүлейменов әскерге алынғаннан кейін Москва маңындағы үшінші екпінді армиядағы қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының құрамында болып, талай сұрапыл соғыстарға қатысты. Атақты мерген атанады.
Үш ерлік
Ыбырайымның әскерлік өмірінде естен кетпейтін күндердің бірі – салтанатты ант беріп, винтовка алған күні. Қызыл Армия озаты, қызыл әскер Сүлейменовке 470 000 нөмірлі снайперлік винтовканы комиссар Райымжан Әшкеев өз қолынан берді.
– Жауынгердің жолдасы да, жары да қолындағы қаруы болады. Қаруыңызды күте біліңіз, жауды жеңе біліңіз, – деді Әшкеев.
– Құп, болады, жолдас!
...Екінші батальон шабуылға көшіп, борап тұрған оқтың астымен 216-қырқаны өрмелеп, алға жылжи берді. Бірақ біздің бір взводты дұшпан едәуір тықсырып, қоршап алуға айналды. «Қоршау!..» деген суық хабар Ыбырайымның да құлағына жетті.
питан Әшкеевтің өзі басқарып жүр. Әшкеев барда біздің жігіттер жеңілуші ме еді?! – деді жолдастарына Ыбырайым.
Сөйтті де, ол алақандай қағазға темекіні толтыра орап, саспай шылым тарта бастады.
Бір кезде Әшкеев жүрген взводқа қарай жаудың жүз қаралы әскері ағыла бастады. Немістер ойпат жермен шоғырланып келді де, ашық алаңнан екі-үш адамнан жүгіріп өте бастады. Сол кезде Ыбырайым:
– Әшкеевке жәрдем береміз, атыңдар, жігіттер! – деп, өзі мылтықтың тиегін ағытып-ақ жіберді.
Фашистер бірінен соң бірі тыраңдап құлап жатты. Бірақ қалғандары өлім алаңына қарай тырысуын қоймады. Ол винтовкасының стволы қызарғанша, оғы біткенше атты. Осы жерде ол: «Ыбырайым, ендігәрі екі винтовкаң, бір қапшық оғың», – деді ішінен. Ыбырайым бір жолдасының қолынан түскен автоматты жұлып алды да, немістерге тағы оқ боратты. Қазақтың батыр мергені Ыбырайымның оғынан 79 фриц жер жастанды.
Ыбырайым капитан Әшкеевке әдеттегіше «бұйрығыңыз орындалды» демекші еді. Бірақ капитан қатарда болмады: неміс фашист басқыншыларына қарсы күресте Әшкеев Райымжан ерлік өліммен опат болды...
Капитанның өліміне Ыбырайым қатты қайғырды. Оның бойын ыза кернеді. Кек алу сезімі, өшпенділік сезімі биледі. Сүлейменов Ыбырайым ұзақ уақыт ұйықтамады, үндемей отырып, винтовкасын тазалай берді – жаңа ұрысқа әзірленді.
Жаңа ұрыс Великие Луки іргесінде болды. Түкірік жерге түспейтін аяз еді. Жауынгерлер жердің тоңын аударып, жалма-жан окоп қаза бастады. Әуеде жаудың ұшақтары шыр көбелек айналып жүр. Бомба, снаряд, миналар қарлы топырақты аспанға ұшырып жатыр. Ұрыс сабасына келген сияқты.
Қызыл әскер Ыбырайым Сүлейменовті батальон командирі Филипп Ушаков шақырып алып:
– Алдымызға төбеге шық та, жаудың беталысын біліп, хабарла! – деді.
– Құп, капитан жолдас!
Ыбырайым төбенің басына жеткенде, арғы беткейде жаудың бір батальондай әскері қаптап келе жатыр еді. Сол жақ бүйіріне он шақты танкіні салып, немістер төбені тура маңдайдан соққы жасап алу мақсатымен колоннасын жазып, енді ғана ұрыс тәртібіне көше бастады. Сүлейменов етпетінен жатқан күйі, артына қарамастан, винтовкасын жоғары алты рет көтерді де, біраздан соң оңға қарай бір рет көтерді. Мұнысы «жау – алты жүз метр жерде, негізгі күші – біздің оң жағымызда» дегені еді. Ыбырайымнан көзін алмай қарап тұрған капитан Ушаков түсіне қойды да, «жауды әлсіз жерінен, сол жақтан ұрып, қирату керек» деген қорытынды шығарып, бұйрық берді, біздің батальон төбенің сол жағын ала ұрыс тәртібіне көшті.
– Капитан Әшкеев үшін! – деп винтовканың шаппасын басып қалғанда, снайпердің бірінші оғы алдыңғы бір топ немісті бастап келе жатқан офицерді қалпақтай ұшырды. Немістер сасқалақтап, тобын жазып, үшке бөлінді. Ыбырайым оқты үсті-үстіне жаудырды. Ол бір окоптан екінші окопқа көшті. Винтовкасының стволы қызғанда, екіншісінен атты. Бес магазинді екі рет тауысқанда бір оғы да бос кеткен жоқ. Біздің батальон сол қанаттан немістерге лап қойды. Маневр ойдағыдай болып шықты, немістер көп шығынға ұшырап, қапелімде жасалған соққыға шыдамай, кері қашты. Жүз атыс. Жүз патрон. Жүз фашист. Ыбырайымның атқан оқтары дәл тиіп, бірде-бір неміс құтыла алған жоқ. Артынан барып сезіп қалған немістер пулеметтен оқ жаудырып, бір Ыбырайымға қарсы он танк жіберді. Әрине, олар Ыбырайымның жалғыз екенін білген жоқ. Бірақ бұл кезде Ыбырайым қоныс өзгертіп те үлгерген...
...Тағы бірде Ыбырайым командирімен екеуі постыны аралауға шықты. Екеуі қатарласып қызу әңгімемен келе жатқанда немістер байқап қалады да, оқтың астына алады. Көп ойлануға уақыт жоқ, олар алдында жатқан шұңқырға етпеттеп құлай кетеді. Оларды өлген екен деп ойлап, оңай олжаға қызыққан неміс солдаттары шұңқырға қарай тұра жүгіреді. Бірақ көп ұзамайды, артта келе жатқан немістің маңдайынан оқ тиіп, омақаса құлайды. Сөйтсе, алдында келе жатқан адам қолдан жасалған бейне екен. Бұл қулықты сезген Ыбырайым баскиімін мылтықтың ұшына іліп, жоғары көтере қояды. Аңдып жатқан неміс мергені автоматпен басып қалды. Баскиімге оқ тиіп, «шалқасынан құлайды». Дәу де болса, енді өлген шығар дегендей, неміс орнынан тағы да тұра бергенде, мерген көзі қалт жіберген жоқ. Сөйтіп, қалпақ немісті өлтірді.
1943 жылдың ақпанында 100-ші атқыштар бригадасы Невель қаласына беттеді. Маусым айында Калинин майданына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3-ші екпінді армияның басшылығына К.Н.Галицкий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өткізілетін. Сондай жарыстарда Ыбырайым асқан шебер мерген екендігін көрсете білді. Майдан қолбасшысы Еременко оған әбден риза болып, кеудесіне Қызыл Жұлдыз орденін қадап, қолына өзінің сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап: «Есеп бойынша 239 фашисті жер қапсырғаның рас екен. Әрдайым аман бол, сен – нағыз батырсың», – деді. Ал Галицкий өзінің «1941-1944 қаһарлы жылдар шежіресі» деген кітабында Ыбырайымның ерлігін сүйсіне жазады.
Тағы бір дерек армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурызда шыққан санында басылған. Мұнда «Мерген жолдас, Сүлеймен Ыбырайымдай бол!» деген жалпы тақырыппен құралайды көзге атқан снайпердің фашистерді мұрттай ұшырудағы тәжірибесі, айла-әрекеті басқаларға үлгі етіп ұсынылады. Сонымен бірге Ыбырайымның қару ұстап, түрегеліп тұрған суреті берілген. Беттің төменгі жағына «Орденді мерген Сүлейменов Ыбырайым 239 немісті жер жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен жазылып қойылған.
Даңқты мергеннің ерлігін паш ететін құжаттардың қатарына Краснодар қаласында тұратын запастағы полковник Виктор Ильич Куценков жіберген листовканы да жатқызуға болады. Тараз қаласындағы облыстық өлкетану мұражайына жолдаған хатында ол былай деп жазған: «Сіздердің жерлестеріңіздің асқан ерлігі туралы листовканы жиырма жылдан астам уақыт сақтадым... Соғыс кезінде көптеген жауынгерлер көзге түсті. Сол үшін олар ордендермен, медальдармен наградталды. Ал ең таңдаулылары жөнінде листовкалар жазылатын. Бұл листовканы 3-ші тегеурінді армияның саяси бөлімі шығарған. Ыбырайым Сүлейменов жауды жеңуге көп үлес қосты...»
Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, республикалық Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және А.А.Фадеев атындағы мемлекетаралық сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов:
– Мен 1941 жылдың аяғында Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасының құрамында болып, бригада 1943 жылдың аяғында 1-ші атқыштар дивизиясы болып қайта құрылғанға дейін сонда қызмет істедім. 76 миллиметрлік артиллерия дивизионында зеңбірек командирі болдым.
Ыбырайым Сүлейменовпен майданда таныстым. Ол бригаданың капитан Ушаков басқарған екінші батальонының мергені еді. Бригада ең алғаш неміс фашистерімен шайқасқа кіріскен 1942 жылдың қарашасынан бастап Ыбырайымның даңқы шыға бастады.
Ол Молодой Туд, Приездово, Друздово, Тройня, Плеханова ұрыстарында, одан кейін Великие Луки қаласы үшін болған қырғын шайқастарда өзінің асқан мергендік өнері арқасында көптеген фашистің көзін жойды. Бригадамыз төрт ай бойы бел шешпестен ауыр ұрыстарда болды. Тек 1943 жылдың сәуірінде ғана екінші эшелонға көшіріліп, Великие Луки іргесіндегі Ступино биігінің айналасына жайғасты. Осы уақытқа дейін Ыбырайым Сүлейменовтің жалғыз өзі жер жастандырған фашистердің саны 239-ға жетті. Бұл кезде Сүлейменов жалғыз 100-ші атқыштар бригадасының ғана емес, берісі біздің бригада құрамына кірген 3-ші тегеурінді армияның, арысы бүкіл Калинин майданының ең атақты мергендерінің бірі болды. Армия, майдан газеттерінде Сүлейменов есімі мадақталған мақалалар жиі басылып жүрді.
1943 жылы наурыз айының орта кезінде біздің бригада жауынгерлері мен командирлерінің атынан Қазақстанға хат жазылды. Хат қазақ халқының ұлы ақсақалы Жамбыл Жабаевтың атына жіберілді. Бұл хат 100-ші атқыштар бригадасының қазақ халқына жолдаған жауынгерлік рапорты іспетті болып, онда фашистермен шайқаста бригада батырларының көрсеткен ерліктері баян болды. Бұл хатты бригада басшыларының тапсыруы бойынша мен жаздым. Сол құжатта бригаданың даңқты батырларының қатарында Ыбырайым Сүлейменовтің де есімі аталды.
Онда былай делінді:
Қырағы қырдың қыраны,
Даланың ұшқыр құланы,
Таудың жүйрік бұланы,
Фашистерді екі жүз
Отыз тоғыз өлтірген
Сүлейменов Ыбырайым –
Қазақтың батыр ұланы!
Бұл өлкеге Жамбыл атамыз «Жүз жасаған жүректен» деген жауап жазып, онда бригада есімдерін былай деп толғады:
Бимурзин мен Бұрышев,
Жауған оқтан таймаған.
Танктермен ұрысып,
Нажағайша ойнаған.
Ыбырайым, Мырзаби
Жау қыруға тоймаған.
Кезегенге боп қырғи,
Көрінгенді қоймаған.
Кеңес етіп соны ылғи,
Күндіз-түні ойланам.
Сол батырлық болып күй,
Өлеңімді қозғаған.
Бұл екі өлең сол кезде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, барлық майдандық газеттер беттерінде жарияланды. Жамбылдың содан бері шыққан кітаптарының бәрінде басылып келеді (Жамбыл Жабаев. 1982 жыл. ІІ том, 324-328 беттер).
Біздің бригадалық газетіміздің редакторы Қасым Шәріпов өзінің «Қатардағы қаһарман» деген кітабының тұтас бір бөлімін «Снайпер Сулейменов» деп атап, Ыбырайым батырдың сол кездегі ерлігіне арнады. («Қазақстан» баспасы, 1965 жыл, 135-153 беттер).
Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы шілде айында Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды. 3-ші тегеурінді армия әскери кеңесінің бұл ұсынысын Калинин майданының басшылары бір саты төмендетіп, Ленин орденіне түсірді де, Сүлейменовтің жауынгерлік құжатын жоғарыға, Москваға жіберді. Сол құжат бойынша Сүлейменовке КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы Жарлығы бойынша Ленин ордені берілді.
Ол кезде Ыбырайым Сүлейменов өмірде жоқ еді. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден қорғау жолындағы шайқаста бұрынғы 239 фашистің үстіне тағы алпыс шақты жауды жойып, асқан ерлікпен қаза тапқан болатын.
Ыбырайым Сүлейменовке ресми түрде батыр атағы берілмегенімен, халық жүрегінде батырлар қатарында өмір сүрді. Өзінің сүйегі жатқан Невель қаласында бір көше мен бір переулоктың аты бүгінге дейін Ыбырайым Сүлейменов есімімен аталады. Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы батыр өскен ауыл Төрткөл колхозына, Тараз қаласындағы бұрынғы Билікөл көшесіне, сол сияқты Сарысу ауданындағы Комсомол ауыл кеңесі мен Қызыл күншығыс колхозына кезінде Ыбырайым Сүлейменов есімі берілген.
Ыбырайым Сүлейменовті онымен 100-ші атқыштар бригадасында бірге болған жауынгер жолдастары ешқашан естерінен шығарған емес.
Москваның әскери баспасы 1987-1988 жылдарда шығарған «Герой Советского Союза» деген екі томдықты ақтарсаңыз, көп нәрсеге көз жеткізесіз. Мысалы: 1) «Артемьев Иван Тимофеевич. Русский. Пулеметчик. Огнем своего пулемета уничтожил более 30 солдат и офицеров противника» (1-томның 78-79 беттерін қараңыз); 2) «Архипов Василий Степанович. Русский. Пулеметчик. При отражении контратаки противника уничтожил несколько десятков гитлеровцев» (1-томның 81-бетінде); 3) «Белоусов Павел Александрович. Русский. Автоматчик. Уничтожил несколько вражеских солдат» (1-томның 146-бетінде); 4) «Блажун Андрей Федорович. Украин. Стрелок. В рукопашной схватке уничтожил несколько гитлеровцев» (сонда, 166-бет) т.б.
Бұл мысалда келтірілгендер соңғысынан өзгесі – пулеметшілер мен автоматшылар. Жалғыз оқты снайпер винтовкасына қарағанда, бұл қарулардан оқты жаңбырша жаудыруға болады. Соның өзінде де олардың әрқайсысының жойған дұшпандары жүзге жетпейді немесе содан аз-ақ асып жығылады. Ұшақ, танк, зеңбірек емес, жалғыз винтовкамен 341 жауды құрту орасан мергендік, ерлік, ұстамдылық, шеберлік екендігі – ақиқат.
Ыбырайымның Жеңіс күнін жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай шайқасқан теңдесі жоқ ерлігін тарихи құжаттар, оның осы күні көзі тірі майдандас жолдастары нақты дәлелдермен бұлтарғысыз айғақтайтынын тағы да қайталап айтамыз. Мәселе – «ол 1942 жылдың басынан 1943 жылдың қазанына дейінгі мерзімде фашистердің 281 солдаты мен офицерін жер құштырған» делінген мәліметте. Бұл цифр қайдан алынған? Бұрыннан мәлім 239-ға Невель қаласы түбінде өлтірілген 42 фашисті қосыңыз. Сонда жоғарыда көрсетілгендей нәтиже береді, яғни немістің атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған болып шығады. Бірақ әлі де көрсеткіш толық емес сияқты.
Қолда бар құжаттарды салыстыра зерттегенімізде, Ыбырайым жер жастандырған басқыншылардың саны 300-ден әлдеқайда көп болғанына көз жеткіздік. Олай дейтінім, Невель қаласын екінші рет жаудан азат еткен 6 қазандағы ұрыстарда 60 жаудың құртылғаны белгісіз себеппен есепке алынбай қалған. Сонымен, атақты мергеннің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің саны 341 болды. Жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – соғыс тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік!
Амал не, қазақтың қас батыры Ыбырайым Сүлейменовке Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырмады. Мұндай әділетсіздік неге орын алды? Жасыратыны жоқ, соңғы кезде аз ұлттардың өкілдерін ұлты орыс қолбасшылар мен командирлер тарапынан кемсітуге жол берілді. Олар өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Бұл тоталитаризмнің солақай саясатының салдары еді. Славян нәсілділердің басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарауы, менсінбеуі орын алды. Кезінде Бауыржан Момышұлына, Рақымжан Қошқарбаевқа, Хиуаз Доспановаға, Қасым Қайсеновке, Төлеуғали Әбдібековке және басқа бауырларымызға Батыр атағының берілмей қалғаны осындай келеңсіздіктің салдары болғаны белгілі.
Қазақтан шыққан батырларды көбейтуге әрекет жасаған шовинистердің аз болмағаны белгілі. Сондықтан бұдан 66 жыл бұрын жасалған әділетсіздікті кеш болса да түзетуге пәрменді шаралар қолданылуы тиіс деп ойлаймыз. Ол үшін Ұлы Отан соғысының 64 жылдығын мерекелеуге байланысты құрылған республикалық ұйымдастыру комитеті қажетті материалдарды кешіктірмей дайындап, Елбасының алдына мәселе қояды деген үміттеміз. Айта кететін бір жайт, Ресейдің Псков облысындағы Невель ауданының басшысы Г.В.Алексеев мырза осындай ізгі тілекпен Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында республикалық ұйымдастыру комитетіне хат жолдаған болатын. Осыны неге ескермеске?!
Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосып, ерен ерлік көрсеткен қаһарман солдат, өзіне тиісті атақты ала алмай, опат болған есіл ер Ыбырайым Сүлейменов Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағына ұсынылса дейміз. Қас батырды қадірлейтін күн жетті. Қазақтың тағы да бір жұлдызы жанар ма екен десеңізші!