Көкөніс, жеміс-жидек өсіруді майда-шүйде деп мұрын шүйіре қарайтынымыз рас. Ал негізінде нағыз тиыннан теңге құрайтын табысы мол кәсіптің өзі әрі кірістің көзі де. Мәселен, иісі мұрынды жаратын, дәмі тіл үйірер құлпынайды егіп көріңізші. Көзін таба білсеңіз, көл-көсір табыстың астында қаларыңыз сөзсіз.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе ауылында жеке кәсіпкер Қайрат Медеуов жылыжайға егілген құлпынайдан тәп-тәуір табыс тауып отыр. Қызанақ пен құлпынайы қыс бойы үзілмейді. Қайрекең Қытайда біраз жыл тұрып, бұл кәсіптің қыр-сырын әбден меңгеріпті. Соңында алақанын ысқылап, мұны өзімізде де өсіруге болады деп түйген. Қызанақ, қияр секілді өтімді өнімді жылыжайда өсіру елімізде таңсық болмағанымен құлпынай өсіру тыңға салынған алғашқы түрен деуге болады. Өйткені осы уақытқа дейін еліміздің еш өңірінде жылыжайда құлпынай өсірушілер болмаған. Алдағы уақытта жылыжай санын көбейтсе, облысты осы өніммен қарық қылуға болады деп есептейді кәсіпкер. Құлпынайдың жерде қалмайтыны анық. Оның ағзаға аса қажетті дәрумендерге бай екенін білетіндер-ақ талап әкетеді. Әрі тосап қайнатып алушылардан да сұраныс көп түседі. Батыс өңірінде де құлпынай өсірушілер де, оның тұқымын көбейтіп сатушылар да баршылық. Оңтүстіктегі Төлеби ауданының тұрғыны Жұмағұл ақсақал баспасөз бетіне шыққан жарнама арқылы Орал қаласынан құлпынайдың ерекше сортын алдырыпты. Атағы жер жарған жарнамаға сенсек, құлпынайдың біреуінің салмағы 200 грамдай болатын көрінеді. Жылына екі рет өнім беретін ерекше сорттың мақтауын асырған-ақ екен. Поштамен алдырған соң құнарлы топыраққа егілсе де, құлпынай өнім бермеді. Әлде бабын таба алмады ма, әлде жерсінбеді ме, әйтеуір ерте көктемде егілген құлпынай көктей солды. Иә, құлпынайдың құпиясын білмесеңіз де қиын. Ал Түлкібас ауданында құлпынай шаруашылығымен айналысатындар аз емес. Мәселен, 10 сотыққа құлпынай ексе, күн сайын 120 келідей өнім алуға болады екен. Бір келісінің бағасы көтерме саудада биыл 400 теңгеден түскен жоқ. Еліміздегі ең арзан өңір саналатын оңтүстікте биылдың өзінде таңқурай мен құлпынайдың бағасы аспандап тұр. Сатып алармандарға қымбат болғанымен, өнім өсірушілерге пайдасы мол. Әрі төккен терді ақтайды да. Бір артықшылығы – жыл сайын тұқым іздеп әуре болмайтындығыңызда. Көпжылдық өсімдік болған соң, баптауын білсеңіз болғаны. Бір рет еккеннен кейін оның жыл сайын топырағының құнарын арттырып отыру керек. Өнімді өзі-ақ өкіртіп береді. Мол өнім алу үшін оның тек жақсы сорттарын ғана таңдап алған жөн. Құлпынайдың «Шпанка», «Миландық», «Гүлжан» атты сорттары бар. Ең алғаш жабайы құлпынай Испания мен Италиядан әкелінген екен. Содан жерсіндіріліп тұқымы тарай бастаған. Жылына екі рет өнім беретін түрлері бар. Сусүйгіш өсімдік болғандықтан, оны қаталатпай жиі суғару керек. Картоптың жауы саналатын колорадо қоңызы да құлпынайға өш. Зиянкестерден залалсыздандырудың жолын біліп алу да артықтық етпейді. Қыс мезгіліне дайындаудың да өзіндік ережелері бар. Қатты суық болған жылдары тамырлары үсіп қалуы мүмкін. Осыдан сақтану үшін оны ағаш үгінділерімен не болмаса жылқының тезегімен көміп тастауға кеңес береді мамандар. Егер 10 сотыққа құлпынай ексеңіз, одан үш тоннадан артық өнім жинауға болады екен. Әр келісін 400 теңгеден өткізсеңіз, есептей беріңіз ақшаның кені деген – осы. Отбасылық бизнесті өркендетудің төте жолы да – осы. Ауылдық жерлерде жұмыс таппай сенделіп жүргендер гектарлап емес, үйіргелік жеріне егіп байқап көрсе де болады. Тұқымын жерге тигізбей талап кететініне кепілдік бар. Өзбекстан жақын болғандықтан көбіне таңқурай мен құлпынай сол жақтан әкелінеді. Ал жергілікті өнім ілуде біреу-ақ. Биыл тіпті таңқурайдың бір келісі 600-650 теңгеден түспей қойды. Тіпті 700 теңгеден де саудалағандар баршылық. Иә майдалап өнім беретін өсімдіктің дорбалап табыс түсіретіні де бар. Ендеше...
Толқын ШАЙДУЛЛА, агроном:
– Ауламыздағы тоқымдай жерге аз ғана құлпынай еккенбіз. Өнімі де жаман емес. Көршілеріме сатып, аз-маз табыс та таптық. Негізі, оған аса бір ерекше күтімнің қажеті де жоқ. Жақсы тұқымын алып, еккеннен кейін өзі-ақ өсіп, өнімін бере береді. Дер кезінде суғарып, түбін қопсытып тұрсаң болғаны. Отбасылық қоржынды қомақтыландырудың таптырмас тәсілі деуге болады. Кәсіптің көзін таппай жүргендер болса, құлпынай шаруашылығымен айналысса кәсібі өрге домалары сөзсіз.
Құлпынай-кеңес
Құлпынай – дәрумендерге өте бай. Құрамында ағзаға аса пайдалы С дәрумені көп. Оның құрамында темір, магний, калий, кальций, цинк, марганец, фосфор, кремний, мыс пен йод та бар. Қыс бойы дәрумен жетіспей әлсіреп шығатын ағзаға аса пайдалы. Ағзаны артық шлактан тазартып, зәрді және терді айдайды. Құрамындағы антиоксиданттар қартаю процесін тежеуге сеп. Дәрігерлер шылым шегетіндерде қатерлі ісіктің пайда болуы мүмкіндігін жиі ескертеді емес пе, сондықтан да осы жеміс жаман аурудың алдын алатын болғандықтан, жиі жеу артықтық етпейді.
Құлпынай-ақпарат
Иісі жұпар, дәмі бал жидекті ғалымдар зерттеп көрмек болыпты. Соған орай америкалық ғалымдар16 000 әйелге тәжірибе өткізген. Оларға сонау 1976 — 2001 жыл аралығында өздерінің әдеттерін жазуға берілген арнайы анкетаны үлестіріпті. Сөйтсе, нәтиже ғалымдардың өзін таңғалдырыпты. Құлпынайды өте жиі жейтін әйел адамдардың миының еңбек қабілеттілігінің кему қатері аз болады екен. Зерттеушілер құлпынайдың мидың қартаю процесінің, ми әрекетінің когнитивті бұзылуының алдын алмаса да, баяулататынын анықтапты.