«Үйінен шығып кетіп, қайта оралмады...» бүгінде мұндай хабарландыруларды кез-келген көшеден кездестіруге болады. Ести-ести құлақ сарсып, жүрегіміздің еті өліп кеткен. Селт етпейміз. Ішкі істер органдарында осындай құлаққағыс жасағанымен кейіннен ол адамның табылған, табылмағанынан хабардар етпейді де. Жоғалғандардың қайта оралғандары болса, құба-құп. Ал із-түзсіз жоғалып кеткендер сонда қайда кетіп жатыр? Үрейлі сұрақ.
Жоғалғандарды ағза мүшелерін сату үшін ұрлап жатқан жоқ па...
Кейбіреулерінің мүрдесі табылып жатады. Кейбіреулері мүлде із-түзсіз кетеді. Олардың кейде қаншама жыл құлдық қамытын киіп, әлдекімдерге жұмыс істегені анықталып жатады. Ал мүлдем хабарсыз кеткендердің ішкі ағза мүшелерін саудалануы мүмкін деген қауесет те жоқ емес. Жел сөз дегенмен де жаны бар сияқты. Өйткені бүгінде құл саудасы есірткі саудасынан кейінгі екінші орында тұр. Ресми емес мәлімет көздерінің деректеріне сүйенсек адам саудасының жылдық айналымы 32 миллиард доллардан асып түседі екен. Еңбек және сексуальды құлдықтың құрбанына жылына 12 миллионнан астам адам түсетін көрінеді. БҰҰ-ның адам құқықтар жөніндегі комиссиясының келтірген мәліметіне қарағанда адам саудасымен көбіне дамыған елдердегі қылмыстық топтар дамушы елдерден келген азаматтарды саудалаумен айналысады. Қыркүйек айында украиналық ағайындылар өз елінен алаяқтық жолмен адамдарды алдап әкеліп АҚШ-та саудаға салған. Құлдыққа және сексуальдық қызмет көрсету үшін. Абырой болғанда адам сатумен айналысқандардың жолы кесіліп, бас бостандықтарынан айырылды. Ал мамыр айында өзбекстандық бір азамат 14 елдің азаматтарын еңбек құлдығына салған. Оның ішінде Ямайканың, Филиппин, Доминикан республикасының азаматтары бар. Осыншама елден адамдарды тауып, сату бір адамның қолынан келмесі анық. Оның жер жерде сыбайластары бары сөзсіз әрине. The Freedom Network USA ұйымының қоғамдық адвокаты Мартина Ванденбергтің айтуынша адам саудалаушылар басқа қылмыстық топтарға қарағанда жеке дара жұмыс істегенді қолай көреді екен. Ұйымдасқан қылмыстық топтардан гөрі осы адам саудасымен айналысатындар өте қауіпті көрінеді. Сондай-ақ адвокаттың зерттеулеріне қарағанда кедей елдерде мұндай топтар тіпті құқық қорғау органдарымен де ауыз жаласып жұмыс істейтін көрінеді. БҰҰ сарапшыларының бағамдауынша құл саудасына түскендердің басым бөлігі психикалық ауытқуларға ұшырайды. Оның басты себебі елде қалған туған туысқандарына қандай да бір зиянкестік жасай ма деп қорқады. Сол себептен де көмек сұраудан қорқады. Заңды түрде еңбек визасымен барғандардың өзін де құлдыққа жеккендер туралы мәліметтер де жоқ емес. Көбіне мұндай қылмыстардың басты «кейіпкерлері» құқық қорғау органдары, кеден қызметкерлері, тіпті дипломаттардың да қатысы бар болуы жоққа шығарылмайды. Соңғы 10 жылдықта халықаралық қауымдастық адам саудасымен айналысатындарға қарсы қарқынды күрес жүргізуде. Алайда оның тамырына балта шабылып, түбегейлі жоқ боп кетті деген сөз емес. Оған қарсы қаншалықты жұмыстар атқарылып жатқанымен жеті басты айдаһардай әл берер емес. Көбіне адамдарды арғы беттегі арман өмір қызықтыратыны сөзсіз. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кері келеді көбіне. Жіптің ұшы көбіне туристік фирмаларға барып тіреледі. Олардың бәріне топырақ шашып, күстаналаудан аулақпыз. Дегенмен арасында бір қарын майдың обалына қалып жүрген құмалақтарды да жоқ дей алмайсыз енді. Расында жаһанға жар салған жарнамаларға құлақ түрсеңіз шекара асып шетелге барып жұмыс істесеңіз «шеке майыңыз шылқып, байлыққа батып қалатын» көрінесіз. Әсіресе отандастарымыз осындай «жұмақ аралын» іздеп, негізінен, Оңтүстік Кореяға, Түркияға, Албанияға аттанады екен. Сосынғысын үлкен сұранысқа ие елдердің қатарында Батыс Еуропа мен Біріккен Араб Әмірліктері тұр... Ал еліміздегі Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын 1 000-ға жуық қыз-келіншекке іздеу салынады екен. Белгілісі жоғалған нәзік жандылардың басым бөлігі жезөкшелікке жегілетіні жасырын емес. Бүкіл әлемді алаңдатып отырған қылмысты құрықтау мақсатында елімізде адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. АҚШ-та шығатын «Wived magazine» басылымы жуырда жағаңды ұстатар сұмдықты жария етті. Осы елдегі адам денсаулығымен айналысатын және қауіпсіздік ұйымдарының есептеуінше, бүгінде бір адамның құны 45 миллион доллардан асады екен. Оны құлдыққа жегудегі емес, бұл ағза мүшелерін жекелей сатқандағы баға. Денсаулығы мықты адамдар өздерінің сау мүшесін сатып байи алады дейтінге саяды. Бүгінде донорлыққа мұқтаж адамдардың көп екені белгілі.. Мәселен, бүгінде ең сұранысқа ие бүйрек болса оның құны 91 мың АҚШ долларына сатып алуға болады. Өкпенің құны – 110 мың АҚШ долларына тең. Жүректің бағасы 57 мың АҚШ долларына сатып алуға болатын көрінеді. Ми сүйектерінің 1 келісі 23 миллион АҚШ доллары деп бағаланады. Бұл салада да көлеңкелі бизнестің көлбеңдейтінін жоққа шығаруға болмайды. Жоғалғандардың осындай мақсатта ұрланып жатпағанына ешкім де кепілдік бере алмайды.
Заң не дейді?
Еліміздің аймағынан тыс жерлерге адамдарды өз еркінен тыс, заңсыз әкету немесе Қазақстан арқылы алып өту аса ауыр қылмыс болып саналады. ҚР Қылмыстық кодекске енген өзгертулерге сәйкес, адамдарды жыныстық қатынасқа немесе басқадай мақсаттарға пайдалану шетке сатқаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, мүлкі тәркіленеді. Басқа елдердің заңы да осындай қылмысқа барғандардың басынан сипамайды.