Ғалымдар аптасына бір күн, айына бір апта және жылына бір ай демалуға кеңес береді. Әйтпесе күндердің бір күні адам ағзасы аяқ астынан сыр беріп, дертке шалдығуы мүмкін. Бірақ бізді айына бір апта кім демалдырсын. Есесіне, жылдың 24 күні – заңды демалыс. Сондықтан оны қайтсек те тиімді өткізуге тырысайық.
Бұл орайда ең әуелі негізгі екі мәселені шешіп алу қажет
1. Демалыс құны. Демалыс бағытын таңдауда ең алдымен барар жердің бағасын білген маңызды. Жолдама құны демалыс мерзіміне, ұзақтығына, қонақ үйдің дәрежесіне, адам санына, шегерімнің болу-болмауына байланысты.
2. Демалыс бағыты. Әрі демалып, әрі жер көрем дегендерге таңдау да көп. Бұл арада қандай көлікпен жетуден бастап, қонақ үйдің жұлдызына шейін санаймыз.
1. Ыстықкөл шақырады
«Егер де елімізде демалушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе, Қырғызстанға келетін туристер саны көбейеді. Биыл Ыстықкөл демалушыларды маусым айынан бастап қабылдауға даяр. Баға саясатында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Біздегі бағалар Ресей мен Қазақстанға қарағанда бес есе төмен. Екі-үш жылдан бері пансионаттар бағаны ұстап тұр. Ал қызмет көрсету сапасы жылдан-жылға арта түсуде» (Ақжолтай Нәсірединов, Ыстықкөл облысы сауықтыру мекемелері қауымдастығының президенті).
Былтыр төңкерістен қолы тимей кеткен қырғыздар жазғы маусым басталғанда үйреншікті табысынан қағылғанын бір-ақ білген. Биыл соның қарымын қайтаруға жанталасып жатыр. Әдетте, біздің адамдар Ыстықкөлдің солтүстік жағалауына құмартатын. Оңтүстік жағада инфрақұрылым нашар және анағұрлым салқын деген пікір үстем еді. Енді көлдің оң қанатындағы 40 шақты демалыс орны қонақтарды қабылдауға дайын. Бағасы орта есеппен тәулігіне 35-40 доллар шамасында.
Қырғыздың құқық қорғау орындары да сақадай-сай. Жазда екі мыңнан астам ІІМ қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан құралған сақшылар тәртіпті қадағалайды. Барлық пансионаттарда бейнебақылау да орнатылған көрінеді. Қырғызстан ІІМ мәліметіне сенсек, өткен жылы демалыс орындарында 40 шақты қылмыс оқиғасы орын алған. Оның 16-сы – шетелдіктерге, соның ішінде біздің азаматтарға қатысты. Негізінен ұрлық пен бұзақылық фактілері тіркелген.
Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қордайдағы шекарадан Шолпан атаға дейін 12 пост жайғасады. Өзге жерлерде қырғыз милициясы қазақстандық нөмірлі автокөліктерді тоқтатуға құқығы жоқ. Өйтпеген күнде көлік иесі оның жеке куәлігін талап етуге немесе шекарада туристерге таратылатын нұсқаулықта жазылған нөмірлерге телефон шалуына болады. Туристің көңілінен шығу үшін құқық қызметкері барынша сыпайы болуы тиіс.
Ал бағасына келсек, Ыстықкөлдің жағасынан демалыс орнын әркім өз қалтасына қарай таңдай алатыны белгілі. Басқа-басқа, ол жағын мойындау керек. Бірақ неғұрлым арзан болған сайын демалыстың жағымды тұстары да азая түсетінін ұмытпаған жөн. Оның үстіне, біздегі туристік фирмалардың да кейде алдай салатыны бар. «Ең бастысы, көлдің суы, күн мен ауа емес пе? Басқасы не керек» деп алдаусыратады олар. Оған көнбеу керек. Өйткені маңдай термен тапқан ақшаны күн мен суға емес, дәл сол қолайлы жағдайда демалғаныңыз үшін төлейсіз. Ал шынына келсек, туристі көбірек тартамын десе, қырғыз ағайындар қызмет көрсету саласында да төңкеріс жасағаны дұрыс болар еді. Бұл орайда түрік ағайынның үйретері көп.
Кеңес
Виктория Алексеева, туризм саласының маманы:
– Мен демалысты жоспарлаған кезде, ең әуелі қаржы шығынын емес, демалыстан не күтетініңізді есепке алғанды дұрыс деп санаймын. Егер отбасыңызбен суға шомылып, күнге қыздырынып қайтқыңыз келсе, онда ең жақсы ұсыныс – Түркия. Биыл бұл бағыт онша қымбаттаған жоқ. Ыстықкөлге баратындар да былтырғыдан көбейетін сияқты. Ал егер де ел көрем, жер көрем десеңіз, онда ең алдымен қауіпсіздік жағына көңіл бөлген жөн. Өз елімізде демалғысы келетіндерге де ұсыныс көп.
«Демалысты ақылмен ұйымдастыра білу – өркениеттің ең жоғарғы сатысы» Бертран Рассел
2. Анталия арбайды
Тәшеккәдер, евет, бардак... соңғысы орыстың «бардак» (астаң-кестең) сөзінің мағынасына мүлде ұқсамайды. Бар болғаны «стақан» дегенді білдіреді. Басқа-басқа, түріктер «бардактың» не екенін білмейді. Өйткені мұндағы бөлме тазалаушы тым еңбекқор. Күнде тазалайды, айнадай жалтыратады. Сүлгіні ауыстырып, төсекті тап-тұйнақтай етіп жинайды. Қара жұмыс істеп жүрмін-ау деп айналаға өшпенділікпен қарамайды, қашан көрсең де жүзінде күлкі үйіріліп тұрады. Қонақ үйдегі шам бір мезетке сөніп қалса, дәліздегі күзетшісіне дейін кешірім сұрап әлекке түседі. Қалай аңдысаң да, қызмет сапасы мүлтіксіз. Содан да болар, түрік жағалауынан кербез француз да, кірпияз неміс те, шуылдақ итальяндықтар да табылады. «Түріктің жағалауы бізге керек емес» деп орыстар қанша қашқалақтаса да, айналсоқтап осы жақтан шықпайды. Әсіресе, «бәрі де қамтылған» қағидасы, тап-таза жағажай, ойын-сауық бағдарламасы қай мейманның да көңілінен сөзсіз шығады. Саяхаттаймын десе, әсем табиғаты және бар. Табиғат демекші, кіп-кішкентай сарқыраманың өзін туристер үзілмейтін орынға айналдырып қоятыны бар. Ал «бәрі де қамтылған» қағидасымен жұмыс істейтін түрік мейманханалары қалайша тақырға отырмайды дейсіз ғой? Мұның себебі мынада: адамның қомағайлығының да шегі болады, сондықтан демалушылардың көбі жолдама құнынан асырып ішіп-жемейтін көрінеді. Оның үстіне, әр қонақ үйдің үнемдейтін өз тәсілдері болады.
Кеңес
Виктория Алексеева, туризм саласының маманы:
– Демалыстың маусымға байланысты болатынын да ескерген жөн. Елдің көбі негізінен шілде-тамыз айларында барады. Бұл кезде қонақ үйлер 100 пайызға лық толы. Мейманхана, жағажайда иін тірескен адам. Сондықтан осы маусым айында барғандар екі жағынан ұтады. Біріншіден, арзанға түседі, екіншіден, еркін демалады.
Ал жол жүру жағын айтсақ, турфирмалар ұшақтағы орындарды алдын ала броньдап қоятыны жасырын емес. Егер клиент ертерек қамданып, мейманханаға тапсырыс беріп қойса, онда ұшу уақытын да таңдау еркіне ие болмақ. Ал мерзімі өтіп бара жатқан жолдама алғандардың таңдау еркі жоқ, әрине. Бұйырғанын көреді. Үнемдеудің көлеңкелі жағы осындай.
Кеңес
Мейманханалардың топқа бөлінуі:
1* Теледидар мен тоңазытқыш әр қабатта. Бір қабатқа – екі жуынатын бөлме, бес бөлмеге – бір дәретхана. Нөмірде жуынатын жер, айна, радиоқабылдағыш, әр тұрғынға екі сүлгіден. Бөлме күнде тазаланады, төсенішті әр бес күн сайын, сүлгі үш күн сайын ауыстырылады.
2* Бәрі де жоғарыда айтылғандай, тек төсенішті үш күн сайын ауыстырады. Қонақ үйде мейманхана не кафе, химтазалау және тамақтану варианттары ұсынылады.
3* Әр бөлмеде жуынатын бөлме мен дәретхана, теледидар, тоңазытқыш және желдеткіш болады. Әр тұрғынға бес сүлгіден, күнде ауысады. Қонақ үй аумағында күзетілетін автотұрақ, шаштараз, бизнес-орталық, валюта айырбастау және көлік түрлеріне билет броньдау қызметі бар.
4* Бәрі де жоғарыдағыдай. Оған қоса: әр бөлмеде телефон, шаш кептіргіш, гель, сусабын. Таңғы астың мәзірі бөлмеге әкелінеді. Қонақүйдің аумағында сұлулық салоны, спорт-сауықтыру орталығы, автокөлікті жалға беру қызметі болады.
5* Бәрі де жоғарыдағыдай. Тек екі жуынатын бөлме болады.
3. Еуропа – Азия күтеді
Дегенмен ел көрем, жер көрем деушілерге басқа бағыттар да жетерлік. Мәселен, былтырдан бері Хорватия мен Черногорияға қызығушылық артқан. Мұны күн сайын берілетін жарнамадан естіп жүрміз. Әлбетте, баға-сапа жағынан алғанда екеуі де тиімді. Ең бастысы, бағасы Еуропа елдерімен салыстырғанда қымбат емес.
Айтпақшы, Еуропадағы дағдарысқа жалтақтаған жұрт ол жақтағы демалыс қалай болар екен деп алаңдайтыны сөзсіз. Әсіресе Грекияда. Өйткені «мамырдың аяғында мұндағы демалыс орындарының қызметкерлері үнем шараларына қарсы ереуілге шықты» деген ақпарат пайда болды. Алайда бұл қауесетті гректер тездетіп сейілтуге тырысты. Грекия туристік кәсіпорындары қауымдастығының мәлімдемесінде «Ауа райы тамаша. Отельдерді броньдау көлемі жоспарланған деңгейге жетті. Ресей мен Украинадан туристер саны артып келеді» делініпті. Сондықтан Грекия бағыты әдеттегідей жұмыс істеп тұр деуге негіз бар.
ТМД елдерінің тағы бір құмартатын жері – Кипр. Түрік пен грек халқының мәдениеті тұтасып кетпей, бірін-бірі толықтырып тұратын ғажайып аралдағы демалысты шынымен де нағыз жұмаққа балауға болады. Грек мифологиясындағы әсем Афродита теңіз көбігінен шығып, табан тіреген арал құдіретке толы деседі. Одан кейін Болгария, Франция, Испания... Соңғысында атақты Канар аралдары, тотықұс бағы, виндерсерфинг клубтары, Ибицадағы non-stop би кештері көпке дейін естен кетпес әсер қалдырады. Сондай-ақ Мальоркадағы казино, шоу-бағдарламалар басқаны былай қойғанда, испан королінің сүйікті орны!
Ал дәл іргемізде қиялдар тоғысқан аспанасты елі сиқырлы әлемге жетелейді. Ұлы Қытай қамалы, Мин сағанасы, Бейжің операсы, Император қамалы. Медициналық туризм өз алдына. Соңғы кезде Хайнань аралына қызығушылар көп.
Құпияға толы Азия қашанда да тартымды. Ежелгі сәулет өнері өркениеттің қалай пайда болғанынан да, оның қалай жойылғанынан да хабар берсе, таңғаларлық табиғат пен жер қыртысының ерекшелігі ауызды аштырып, көзді жұмдырады. Таиланд, Сингапур, Индонезия, Вьетнам, Филиппиндер, Үндістан, Гонконг, Бруней – бұл елдер бүгінде туризмді өркендетіп отырған танымал бағыттар. Оған атышулы Таиландты қосыңыз. Тай массажы болдырған жолаушының күшін қалпына келтірсе, трансвеститтің көптігі есінен тандырады. Ал сән-салтанатқа «малынып» қайтам дегендерді әлемдегі ең бай адамдардың мекені – шейхтар елі, Біріккен Араб Әмірліктері күтіп тұр.
Тізе берсек, аралайтын жер де көп, ұсыныс та жеткілікті. Әлбетте, кітаптан оқыған, теледидардан көрген елдің бәрін аралап шығу – арман. Дегенмен қолжетімдісін таңдауға мүмкіндік бар. Тек ақшаң болсын.
4. Алакөл алыс емес...
Былтырдан бері Ыстықкөлге жете алмай қалғандардың көңілі Алакөлге ауды. Көп адам үшін бұл ара – экзотика. Жоңғар қақпасының аузында, Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының ортасында тербетілген Алакөл суының емдік қасиеті туралы аңыз көп. Кезінде жорықтан қайтып келе жатқан Шыңғыс хан жараланып, қансыраған әскерін осы Алакөлдің суына шомылдырған деседі. Рас та шығар. Тұзды судың 7 пайызын йод құрайды. Денедегі жара-қотырдың екі-үш күн шомылғаннан кейін жоқ болып кететіні содан болса керек. Кеңес өкіметі кезінде де бұл арада ғарышкерлердің демалыс орны болғаны белгілі. Алакөлдің суы ғана емес, қара балшығы да ем, сүйекті сырқырататын суықты алады. Алакөлдің жағалауынан мамонттармен бірге өмір сүріп, бүгінгі күнге дейін жеткен қарабас шағаланы көруге болады. Бұл қарабас шағала тек осы көлде сақталып қалған. Демек, ең ежелгі құстың тұқымын сақтаған Алакөл суында ерекше қасиеттің бары бар.
Бүгінде Алакөл ауданында 60 шақты турбаза, демалыс үйлері, пансионаттар тіркелген. Баға сан құбылады. Бірақ қанша қымбат болса да, былтыр жаздың соңына дейін демалыс орындарында ине шаншар орын болған жоқ. Өйткені Алакөл – нағыз отбасылық демалысқа қолайлы мекен. Біреулер «тым алыс» дейді. Ал Ыстықкөл жақын деп кім айтты?
Елімізде өзге де демалыс орындары қисапсыз. Өткен жылы Германияда өткен ең ірі халықаралық ITB 2011 туристік көрмесінде біздің ел әлемдегі жаңа туристік бағыт ретінде мойындалғаны есімізде. Тіпті тізімі де жарияланған. Олардың бірі – «Көкшетау» ұлттық саябағы. Бұл қазақ халқының сан ғасырлық ұлттық дәстүрі сақталған жер. Мұнда келушілер ғажайып этно-шоуды тамашалап қана қоймай, атпен серуендеп, уақытын тиімді өткізеді. Жұмбақтас шыңы, Көкшетау тауы, Жеке-Батыр, Оқжетпес. Баянауыл ұлттық саябағы. Қорғалжын қорығы – Қазақстандағы ең құпия демалыс аймақтарының бірі. Ол әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр, тіпті жергілікті тұрғындарға да. Қорғалжын ЮНЕСКО Бүкіләлемдік табиғи мұрасының тізіміне енгізілді.
Табиғаты тамаша жерлердің бірі – Алматыдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Талғар қаласы. Қапал-Арасан – Жоңғар Алатау тауларының солтүстік баурайында жатқан, Талдықорған қаласынан 110 шақырым қашықтықтағы Биен өзенінің жағасында орналасқан танымал курорт. «Сарыағаш» шипажайында әрі денсаулықты түзеп, әрі тамаша демалуға болады. Қысқасы, еліміздің қай бұрышында да демалатын орын көп. Бір өкініштісі, мағлұмат аз, жарнама кемшін. Шетелдегі демалысты, Ыстықкөл мен Қапшағайды дәріптеген жарнама көп, ал айталық, «Қатон-Қарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы туралы кім біліп жатыр? Ондағы емдік қасиеті бар бұлақтар жайлы күнде-күнде кім айтады? Ақпарат құралдарындағы жарнама емес, бұрынғысынша «ұзынқұлақ» әдісімен «пәленше пәлен жерге барып келіптімен» бір-бірінен еститіндер болмаса, халықтың бәрі құлағдар дей алмайсың. Сондықтан ең алдымен жарнаманы қолға алу қажет. Елді үркітетін екінші мәселе – құны. Сол себепті де екінің бірі демала алмайды.