Қоңырқаз

Қоңырқаз

d184d0bed182d0be1

Суретте:  Бірінші қатарда (солдан оңға қарай):
1. Аманғали Шолғынбаев – дәрігер
2. Сұлтан Оразалы – жазушы, қоғам қайраткері
3. Ермек Шәріпханов – зоотехник, кейіннен совхоз директоры
Екінші қатарда (солдан оңға қарай):
1. Орынғалы Әдибаев – дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор
2. Байбота Орынбаев – зоотехник,  кейіннен Абай аудандық атқару комитетінің төрағасы
3. Тілекетай Қыдыралин – зоотехник, совхоз директоры
Суретті түсірген Ғазиз Кәкітаев. Құндызды, 1961 жыл.

Сұлтан Оразалы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық телевизия және радио академиясының (JATR) академигі, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, профессор

Біз оны бала кезден Қоңырқаз деп атайтынбыз. Кейіннен бүкіл елге атағы шығып, жүрек ауруларын зерттеген үлкен ғұлама, талай науқастардың жанына араша түсіп, шипасы тиген дәрігер, жүздеген  шәкірт тәрбиелеген ұстаз болған шағында да оның азан шақырып, әке-шешесі қойған Орынғалы деген есімін атамай, Қоңырқаз деуші едік. Ел таныған Орынғалыдан гөрі Қоңырқаз есімі айрықша ыстық, жақын болатын. Өйткені бір-бірімізді білетін бес-алты жасар сәби кезден бастап, мектепте оқыған, бозбала, жігіттік шақ, есейген кез, ат басын тартып мініп, елге қызмет еткен жылдардың бәрінде ол мен үшін  шын жүректен  шығатын күлкісімен, тайсалмай, топты жарып, қоңыр қаздың үніндей қоңыр даусымен шырқататын әнімен, өткір әзілі, үнемі күлкі шуағын төгіп тұратын сүйкімді жүзімен қымбат, қадірлі Қоңырқаз болатын.

Ол біздің бауырымыз, құрдасымыз, досымыз еді. «Біз» деп отырғаным – Шыңғыстаудың шұрайлы өлкесі Құндыздының бойында тай-құлындай тебісіп бірге өскен Самар, Серікжан, Әділжан, Әділет, Байбота, Ғазиз, Ермек, Тілекетай, Санақбай, Қоңыр, Үмітқали, Әбдікендер. Кейіннен өмірдің тарау-тарау жолдарымен сан қиырды шарлап кетсек те бірге асық атқан күндер, Қаражал мен Жалғызқайыңнан қарақат тергендеріміз, ауылдың ортасына алтыбақан құрып, асыр салып таң атқанша ойнағанымыз, Құндыздының суына шомылып, құрағына аунағанымыз сірә да естен шығар ма?! Соның бәрінде ортамызда жайнаң қағып, ұшқыр мінезді, ширақ қимылды Орынғалы да жүретін.

Біздің әкелеріміз бен шешелеріміз айрықша сыйлас еді. Әдибай мен Сахария Құндыздыда қатар өсіп, кейіннен қан майданды бірге кешіп, елге аман-есен оралған соң екі колхозда екеуі де ұста болды. Кейіннен Жаңа еңбек, Жүрекадыр, Жаңа арна сынды шағын колхоздар біріккен кезде Сахария қара дүкенге иелік етті де, Әдибай сиыр фермасын басқарды. Толық денелі, қоңырқай жүзді, сабырлы мінезді Әдекең майданда бір аяғын жоғалтып, сықырлаған протез киіп жүретін. Ал ақсары жүзді, шымыр денелі Сахария Сталинград тозағынан аман шығып, таңның атысы, күннің батысы қара дүкенде темірдің ысын жұтып, колхоздың бітпейтін жұмысын тындырумен әуреленетін. Әншейінде көп сөзге жоқ екеуі басы қосыла қалғанда бір жасап, әңгімелері таусылмай, жас кездерінде Шыңғыстауды паналаған бандыны қуғандарын, отызыншы жылдардағы ашаршылықта тоз-тозы шыққан елдің тағдырын, майданда бастан кешкен тозақ отын айтқанда біз, балалар, ертегілер елін аралағандай әсерленуші едік. Әдекең біздің үйден шай ішіп, фермасына аттанарда досының шүпірлеген көп баласына көз тастай отырып: «Мына Сұлтанды маған мінгестіріп жіберші. Қара дүкеннің сыбағасын алып кетсін», – дер еді.

Жазда сиыр фермасы Қылышбек жайлауында отыратын. Ерде отырған адамның жалпақ жауырынынан алғы жағымды көре алмай, үнемі екі қапталыма ғана көз салып, Шыңғыстың ғажайып табиғатына таңырқап келе жатқан кезде: «Жайлауға да келдік, бала» деген Әдекеңнің дауысынан селт етіп, бойымды жиып алғанмен, жерге түскенде қажалған тақымым удай ашып, тәлтіректеп қалсам керек. Менің түріме күлімдей қараған ол: «Әне, өзің сияқты бір жүгірмек зырлап келеді, – деді ауыл іргесіндегі қалың бұзаудың ортасынан әлденеден кенде қалғандай үкідей ұшып  келе жатқан баланы нұсқап. – Ойындарың енді қанатын шығар».

Бұйра шашы сәл өскен, қоңырқай жүзді, өткір көзді сүйкімді бала дабыстай келіп, мені құшақтай алды. «Келгенің қандай жақсы болды, жалғызсырап жүр едім», – деді ол ересек адамдарша өзіне тән қоңырқай үнімен. Оны бүкіл ауыл қаз дауысындай сыңсыған үніне, сүйкімді жүзіне қарап, «Қоңырқаз» деп еркелетіп атап кеткен. Азан шақырып қойған Орынғалы есімі  кейін есейген кезде ғана құжаттарына жазылды. Ол мені бірден жетектеп, төмендегі сайда сарқырап жатқан өзенге қарай әкетпек еді, бірақ үйден шыққан шешесі бетімнен сүйіп, әке-шешемнің амандығын білген соң: «Әй, Қоңырқаз, желікпей тұра тұр. Күні бойы аттың артында тепектеп келу оңай дейсің ба, балам салқын сусын ішіп алсын», – деп үйге беттеді.

Сиыр фермасының кешкі апақ-сапақтағы көрінісі ғажап еді. Шыңғыс жайлауының жап-жасыл белдерінің беткейіне қонған ауыл іші абыр-сабыр. Өрістен қайтқан сиырлар желіндері сыздап, бұзауларын алыстан танып, мөңіреп келеді. Бір шетте күндізгі сүтті әлі тартып болмаған сепаратордың ызыңдаған дыбысы құлақ жарса, кешкі сауынға шыққан әйелдердің бір-бірімен самбырлай сөйлескені алысқа естіледі. Күндіз қайнатқан май мен ірімшіктің исі жаңа сауылған сүттің иісімен астасып, ауыл үстін торлап тұр. Орынғалы екеуміз өзенге түсіп, мөлдір суға шомылып алдық. Терең сайдың екі қапталын тал, шілік, терек пен қайың көмкеріп, көз жетер жерге дейін созылып жатыр. «Ертең жоғары өрлеп, қарақат, қызылқат теруге барамыз. Бұл жақта түйетабан, биеемшек, солқылдақ, қымыздық дегенің жын атады. Қанша жесең де тоймайсың», – деді Қоңырқаз. Біз сол жолы үш күн бойы жұбымыз жазылмай жайлау араладық. Сиыршылардың бір жуас аты бұйырып, соған мінгесіп, көрші отырған қойшы, жылқышыларға барып қайттық. Туған жеріміздің қайталанбас көркі, бауырмал ауыл адамдарының ықыласы жас жүрегімізге өшпестей із қалдырды. Ел әңгімесін көп білетін Орынғалы қызғылықты ертегі, аңыздарды ауыз жаппай әңгімеледі...

Оның ешкімге ұқсамайтын күлкісі менің құлағымда жеті-сегіз жасымнан қалыпты.

Ауылымыз Қүндызды өзенінің жоғарғы сағасында, көп бейіттің түбінде отырған. Бұл шамасы 1949 жылдың жазы болса керек. Алдымыз – қызыл шілік, іргедегі шағын төбе басқа балақ төбелерге жалғасып, қатпарлы биіктерге ұласып кетеді. Ол кезде Құндызды өзенінің суы мол. Көктемде Қырыққұдыққа дейін 20-30 шақырым төмен жайылып, Қараөлең, Құндызды бойы жап-жасыл көк шалғынға бөленіп жататын. Біз балалар жаз бойы асық ойнап, суға шомыламыз. Әсіресе, Боташ (Байбота) екеуміздің жұбымыз жазылмайды. Оның қарт әжесі екеумізді бірдей жақсы көретін. Бірде ауылға Қоңырқаз келді. Өзіміз «Күркілдек» деп атап кеткен суға мақтанышпен ертіп апардық. Ол:
– Сендер Құндыздының жоғары жағына, анау белдің ар жағына барып көрдіңдер ме? – деді. Боташ екеуміз бірдей, ондай алыс қиырды көрмегенімізді айттық.

– Ол жақта адамға шабатын сілеусін бар. Ал ең кереметі – «Жалғыз қайың», –деді. Ол – қасиетті ағаш. Соғыс кезінде біреу оны отқа жағамын деп балтамен кеспек болғанда балтасының басы сынып, ағаштан қып-қызыл қан ағыпты. Ал жаңағы адам сол жерде өліп қалыпты. Егер қарақат теруге барсаңдар, ол ағашқа жоламаңдар, киесі атады.

Мен әлі күнге дейін ауылдан небәрі төрт-бес шақырым жердегі «Жалғыз қайыңның» тұсынан өткен кезде ерекше күй кешемін.

Үшеуміз «Күркілдектің» басында қас қарайғанға дейін отырып, жезтырнақтар мен жын-шайтандар туралы естігендерімізді айтып, өз әңгімелерімізден өзіміздің зәреміз ұшқанын ұмытар емеспін.
Біз Сағада 10 жылдай тұрдық
Қыста Құндызды өзенінің үстінен қызыл су жүріп, ол төменгі Қараөлеңге дейін жайылады. Сол көк айдыннан коньки тебу үшін маңайдағы фермалардан Қалиакпар, Кәден келеді. Орталық деп атайтын Жүрекадырдан Санақбай, Қоңырқаз, Боташ, Қоңыр бастаған балалар келіп қосылғанда тыныштықта мүлгіп тұратын Саға бойы қызық думанға бөленеді. Қатты қыста мұздар күтірлеп жарылып, кейбір тұстары дүңкиіп жал-жал дөңге айналады. Желді күні біздің құдайымыз беріп, қаз-қатар тұра қалғанда бейне теңіз толқынында жүзгендей мұз белдердің үстімен құйындай ұшып, көзді ашып-жұмғанша Қараөлеңге жетіп баратынбыз. Ал қайтарда Шыңғыс асып соққан қатты желге қарсы жығылып-сүрініп екі-үш сағатта әрең келуші едік. Бірақ әлгі бір сәттегі жүйткіген жылдамдықтан жанымыз рақат тауып, қызығын айтып тауыса алмайтынбыз.

Тұрмыс-тіршілік жүдеу болса да, бала көңілдің шаттығы таусыла ма?! 1952 жылы інім Базар дүниеге келді. Онда төртінші сыныпта оқитынмын. Мамыр айы еді. Қуаныштан есім шыққаны сонша, таң қараңғысында ешкімге айтпастан жаяу-жалпы Жүрекадырға барып, әр үйдің есігін қағып, сүйінші сұрадым. Ауыл адамдарының кең пейілі-ай десеңші, таң атпай есік-терезелерін дүңкілдетіп жүрген маған қабақ шытпастан, қуанышымды бөлісіп, әрқайсысы қолындағы  бір-бір «сары құлақты» (бір сом) шүйіншіге беріп, таң атқан соң шілдеханаға баратындарын айтысты. Сол күні әкем Сахария қыстай бордақылаған көк серкешті сойып, той жасады. Бүкіл ауыл жиналды. Балалар түс болмай-ақ жаяу-жалпылы келіп жеткен. Өзен жағасындағы бойлап өскен сасырдан төрт-бес күрке жасап, сонда бас қостық. Асықты да жалыққанша ойнадық. Өзіміздің «Күркілдікке» барып суға түсіп, Көшкінбай бейітінің бер жағындағы жасыл алаңда «аппақ етім кеп-кеп» деп асыр салғанымызды, сол жолы барлық асықты Санақбай мен Әділеттің ұтып кеткенін қалай ұмытарсың. Бір кезде үйде дуылдасып отырған адамдардың дабыры сап басылып, шырқап салған ән естілді. Алданыш екен. Шағын, ықшам денелі, қағылез келген, аққұба өңді Алданыш сол кезде жиырманың ішіндегі жігіт еді. Сері, әнші, қисса, жырды көп білетін. Біз, балалар ойынымызды доғарып, үйге кіргенде ол бір ұзақ жырды домбырамен шырқап отырған. Жау қолына түсіп, қорлықта жүрген жас бала Жапалды күңдіктегі шешесі түн жамылып, жаудың бәйге атымен еліне қашырады. Ана мен баланың қоштасуы. Туған жерін сағынған жас баланың ен далада адасып, қиындық көруі. Міне, осы бір оқиғаларды айтқанда, Алданыш дауысын сан құбылтып, небір зарлы үнге салады. Тыңдаушылардың көздеріне жас үйріліпті. Орынғалы, Боташ, Қоңыр төртеуіміз қатар отырғанбыз, бұлаудай болып жыладық. Жапалға жанымыз ашыды. Ал ол кейіннен батыр болып, жауынан кек қайырғанда өзіміз жеңгендей масаттанамыз. Бірақ бұл жырдың иесі кім, ол қайда деген сұрағымызға үлкендер күмілжіп, жауап бермеді. Айтқылары келмейтін сияқты. Кейіннен білдік, бұл «Таңшебер – Жапал» деген Шәкір Әбеновтің дастаны екен. Ал Шәкір – осы ауылдың тумасы, өз атамыз, «халық жауы» атанып, түрмеде жатқан кезі. Орынғалы есейіп, ел аузына ілігіп, азамат болған кезінде Шәкір атасын пір тұтып, ол туралы сан қилы әңгімелерді сүйсіне айтатын. Оның ел адамдарының мінез-құлқын тап басып, тапқыр бейнелеген әзілдерін, түрмеге «халық жауы» болып түсуіне себеп болған «Әуелі бұл колхозды бастық жейді» дейтін сатиралық жырын жатқа білуші еді. Бәлкім, оның бойындағы өнерге, әдебиетке деген құштарлық сол бір көктем күнінен басталды ма екен? Өйткені басқа дәрігерлерге қарағанда, әдебиетке бір табан жақын болатын. Абай жырларын, М.Әуезов шығармаларын игеріп, жаңадан шығып жатқан кітаптарды да қадағалап оқып, қазақ жазушылары туралы ел аузындағы әңгімелерді жадында сақтап, ретті жерінде айтып жүретін.

Біз Жүрекадырдағы бастауыш мектепті бітірген соң бірер жыл Қарауылдағы Абай атындағы орта мектепте оқыдық. 11-12 жастағы кезіміз. Тұңғыш рет үйден ұзап шыққанымыз осы. Ол кезде Қарауылдағы мектеп бір қабатты, жатаған, төбесі тоқал, жалпақ үй болатын. Терезелері Құндызды жаққа қарайды. Сабақ үстінде көгілдір мұнарға оранып, сағымданып тұратын Қарашоқы мен Бөріліге үздіге, жүрек елжіреп, сағына қараймыз. Көлік тапшы, сондықтан жер алыс көрінеді. Бірде ауылдың жалғыз «полуторка» машинасымен ауданнан қара май, кәрәсін алуға Сағади деген шофер келіпті. Ол кезде шофердің беделі бүгінгі космонавтан кем емес. Сол Сағадиге әке-шешеміз тапсырып жіберсе керек, апайым Дәмет пен мені және Орынғалы үшеумізді ауылға ала кетті. Май, кәресін толы екі бөшке бұрышта тұр. Кабинаға ауылда медбике болып істейтін орыс қызы жайғасқан. Жүргізушіміз удай мас. Бірақ соған қарамастан жолға шықтық. Қиқалақтап жүріп келеміз. Үшеуіміз сыртта кабинаға жабысып тік тұрмыз. Біраздан кейін байланбай бос тұрған бөшкелер арлы-берлі домалай бастады. Егер бізге соқтықса таптап кетері сөзсіз. Осылайша Қызылтастың желке тұсына жеттік. Жол тау ішімен өтетін. Бір қиялау бетке шыға бергенде машинаның моторы өшіп, кейін қарай сырғи жөнелді. Екі бөшке салдыр-күлдір артқы бортқа барып соғылды. Сол сәтте көлігіміз бұралаң етіп, алдыңғы жағы көтеріліп, төңкеріліп бара жатты. Жан ұшырып біз тұрмыз. Құдай дес бергенде, машина сол шоңқиған қалпында тұрып қалды. Сөйтсек, кабинадағы медбике қыз жан-дәрмен тежегішті басып, рульді бұрап үлгерген екен. Ал Сағадиіміз қылжиып, ұйықтап кетіпті. Не керек, кеш бата май мен шаңнан үсті-басымыз сатпақ-сатпақ болып, көзіміз жылтырап ауылға да жеттік-ау.

Тағдыр ғой, оншақты жылдан соң сол Құндыздыда, менің көз алдымда жол апатынан өзіме тетелес сүйікті әпкем Дәмет қайғылы қазаға ұшырады. Семейдің педагогикалық институтын бітіретін жылы еді, он екіде бір гүлі ашылмай, қыршынынан қиылды. Дәмет менің достарымды өз бауырындай жақсы көретін. Әрқайсысының оқудағы, өмірдегі табыстарын мақтаныш ететін. Солардың ішінде Орынғалыны аузынан тастамай, оның болашақта белгілі адам болатынына сенетін.

Бала күннен ортамызда қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан өзі де, ойы да сүйкімді Дәметтің қас пен көздің арасында бақилық болуы өмірдің жалғандығын сездіргендей өзегімізді өртеп кетті.

Жазда әр қалада оқып жүрген студент жастар мен жоғарғы сынып оқушылары, ауылда жұмыс істеп жүрген қыз, жігіттер жиылып кештер өткізетінбіз. Ауыл ортасындағы жасыл алқапқа тігілетін «алтыбақан» ойыны таң атқанша созылатын. Кешке қарай мал өрістен қайтып, көз байлана бастаған шақта Әбдікен екеуміз әр үйден жиған бақандарымыз бен арқаннан «алтыбақан» құрып, кешке ойын болатынын сездіру үшін бар даусымызбен ән салушы едік. Әбдікенді бұл ауылда сыйламайтын адам кемде-кем. Өйткені осы бір балуан денелі, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл жігіт өзінің елгезектігі, қайрымдылығымен, кез келген шаруаны жапырып істейтін қайратымен ел құрметіне бөленген. Оның адалдығына, азаматтығына бәрі де сенетін. Сондықтан Әбдікеннің қарлығыңқы даусымен кешкі ауаны жаңғыртып салған әні ойын-сауығымыздың қызықты, көңілді әрі бейбіт өтетінінің кепіліндей. Ауыл жастары бір-бірін ерекше сыйлап, үлкенін «аға», «әпке» деп, кішісін «қарындасым», «бауырым» десіп, оғаш мінез, бейпіл сөзден бойларын тыйып ұстайтындықтан, кейде соңымыздан өсіп, бойжетіп қалған қыздарды аңғармай да қалатынбыз. Бірде Орынғалының кеш бойы күлкісі тыйылмай, ерекше елгезек, ерекше көңілді кейпін, таяуда ғана институтқа түсіп келген, талшыбықтай бұралған, қаракөз, ашық маңдайлы жас сұлуды айналсоқтап жүргенін көрдім. Айлы аспан, жастардың «алтыбақанда» шырқата салған әніне үнсіз қалқыған Шыңғыс жоталары, түнгі тымық ауа жан-жүрегіңді тербеп, бәрімізді де ерекше күйге бөлеген. Орекеңнің жүрегін жаулаған жас ару күні кеше тұлымшағы желбіреп, ойнап жүрген өз ауылымыздың қызы, біз бой жеткенін аңғармай қалған қарындасымыз – Аманғайша еді. Бұл екеуінің қосылған күнін де осы ауылда тойладық. Өмірдің сан түрлі тарамдарында ол екеуі тату-тәтті қол ұстасып, бірге жүрді. Аманғайша жұбайының елден алыста, Украинада ғылым соңында жүрген жылдарында оған тіреуіш, шаңырағының құты болды. Күндіз-түні жанын қинап, ғылым іздеп сарылған жанның көңілін алаңдатпай, рухани қолдаушысы, отбасының берекесі, балаларының анасы, туған-туыстарының қамқоршысы болған да осы – Аманғайша. Сондықтан да Орынғалы көзі жұмылғанша жұбайын ардақтап өтті.

Дәмет қаза тапқаннан кейінгі жазда ауыл жастары өлік сыйлайтын дәстүр бойынша ойын-сауықты сап тыйды. Жазғы демалыста бәрі бірігіп кірпіш құйып, ауылдың жанынан Дәметке биік күмбез орнатты. Осы бір тынымсыз күндерде Орынғалы, Аманғали, Әбдікен, Тілекетай, Байбота, Ғазиз, т.б. ешбір шақырусыз-ақ өздері келіп, әрқайсысы ерекше сыйлаған, қыршын жастың аруағының алдындағы құрбылық, достық парыздарын өтеген еді. Олар ауыр қаза көрген біздің үйге күн құрғатпай келіп, қайғымызды бөлісті.

Ел адамдарына, дос-жарандарына деген ыстық көңіл, қамқорлық, жанашырлық – Орекеңнің бойына ана сүтімен, шағын ғана Құндызды ауылының тәрбие-дәстүрімен кірген қасиет. Бәлкім, дәрігерлік мамандықты таңдауына да осы бір ішкі сезім себепші болған шығар. Оның жылдағы демалыс күндерін жерлестері тағатсыздана тосатын. Бір-екі күндік амандық-саулықтан соң-ақ ауылдағы дәрігерлік пунктке келіп, қызметіне қайта шыққандай ауру-сырқауларды қабылдап, жанын сала іске кіріседі. Ауырлау науқастарды Семейге, Алматыға жіберіп, олардың дұрыс ем-дом алуын қадағалайды. Әзілкеш, жайдары мінезімен-ақ көпшіліктің көңілін баурап, ауруы жанына батып келген адамды жадыратып жіберетін қасиеті қандай!

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Республиканың түкпір-түкпірінен Алматыға ағылып келіп жататын сондай адамдардың талайына ол қол ұшын созып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, қамқорлық жасағанын көзіміз көрді. Бұл нағыз дәрігерге біткен, қайтарымсыз, адал жүректің ісі екенін айтып жату артық болар.

Өткен ғасырдың соңғы жылдарында Кеңес үкіметі құлап, алып мемлекет ыдыраған тұста ауыл іші жүдеп, жұрт мең-зең күйге ұшырағаны мәлім. Істеуге жұмыс жоқ. Қолда бар азын-аулақ малынан айрылған соң күнкөріс іздеп, қалаға шұбырғандар қаншама. Сол тұста Құндыздыдан да біраз үй Алматыға көшіп келді. Оларға қаланың іргесінен жер әперіп, қалталарында көк тиыны жоқ ағайындарға қазіргі «Думан» шағын ауданының бос жатқан ашық даласында шлактан баспана тұрғызуға кірісіп кеттік. Сондай күндердің бірінде ағайынның амандығын білуге Орынғалы мен Аманғайша келді. Мамыр мерекесі еді. Ертеңіне жаңа қоныстың іргесін тұрғызбақ ниетімізді білген олар таң атпай базардан қой сатып әкеліп, «жауқуырдақ» жасап, күні бойы ауыр жұмысқа жегілген жастарды мәз етті. Қазір Алматының іргесінде Құндыздының бір бөлшегіндей болып кеткен шағын ауылдың тұсауын кесісіп, болашағына адал тілек айтқан асыл азаматпен қуаныш үстінде соңғы көріскеніміз де сол күндер. Оның күлімдеген жүзі, өзінің жақсы ісіне риза көңілі, туған ауылдан кетіп, беймәлім ортаға әлі кіріге алмай жатқан ағайынға деген бауырмалдығы көз алдымызда қалыпты.

Орынғалы Әдибаев – республика тарихындағы көрнекті дәрігерлердің бірі. Ол Семейдің медицина институтын бітірген соң Харьков қаласында аспирантурада оқып, алдымен кандидаттық, кейіннен сол қалада докторлық диссертация қорғады. Алматыдағы кардиология институтында көп жыл бөлім басқарды, дәрігерлер білімін жетілдіру институтында өмірінің соңына дейін кафедра меңгерушісі болды. Республикамыздың Денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиологі қызметін атқарды. Жүзден аса ғылыми жұмыстардың, үш монографияның авторы. Бұл тағдырға не дауа – еліміздегі жүрек ауруларының үлкен білгірі Орынғалының өзі де осы аурудың құрбаны болды. Иә, бұрын бірнеше рет инфаркт алған ол соңғы рет туған еліне барып, жүрек ауруынан опат болған ағалары Жұманбай, Уәтайларға, әке-шешесіне Құран бағыштап қайтып келе жатқанда машинаның рулінде отырып, жүрек талмасынан үзіліп кетті.

Құндызың қайда қалқам, жағаңдағы,
Бір жайлы қоныс едің замандағы.
Қар жаумаған жағаңа қайғы жауып,
Сұқ тиді-ау су да болса Сағаңдағы.

Құндыздының отызыншы жылдардағы қасіретін Мақажан ақын осылай жырлаған. Ал біздің ұрпақ күн сайын төбеден төнген атом аждаһасының аранында қырық жыл өмір сүрді. Жоқ, өмір сүрген жоқ, бірен-саран тірі қалғандары болмаса, көпшілігі қаза тапты. Аурулары – жүрек талмасы және қатерлі ісік. Құндыздының іргесінде сол өлілердің қаласы бар. Оның аумағы соңғы отыз жылда, тіпті, ұлғайып барады. Бір кезде қалың тоғайы Сағаның аузына дейін жайқалған, толқынды суы жалпақ жатқан Ақ далаға жайылатын, құндызы ойнаған, төрт түлігі мамырлаған бұл өлкені қазір шаң басып, шөбі сұйылып, ғасырлар бойы көзі бітелмеген бұлақ, бастаулары сарқылып, Шыңғыстың бауырынан телегей су болып ағылатын өзендері тартылып қалды. Атом бомбасы осы құнарлы өлкеге аспаннан қайғы болып жауды. Орынғалы да соның бір құрбаны. Кешегі тай-құлындай шапқылап бірге өскен, қазір өлілер қаласында жатқан Серікжан, Ғазиз, Әділет, Тілекетай, Санақбай, Әбдікен, ағаларымыз Секен, Бекен, Жармағанбет, Жұманбай, Уәтай, әке-шешелеріміз, ағайын-туыстарымыз да сол аждаһаның құрбаны.

Иә, қалай десек те жарық сәулеге не жетсін! Қызылды-жасылды  өмір-дүние әр ұрпақты өзінше қызықтырып, баурап әкетпей ме?! «Орнында бар  – оңалар» деген. Атомнан қалжыраған Шыңғыстау да ес жиып, тыңайып келеді. Дарынды елден талантты ұл-қыздар туып,  бәлкім, жері мен елін сауықтыратын дәрумен табар. Бұлақтардың көзі қайта ашылып, қасиетті өлкеміз көк торғынға бөленер. Орынғалы сияқты азаматтың ізін қуатын жаңа, жас өркен өсіп, жетілер! Әмин!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста