Жалғасы. Басы өткен сандарда
Қазір жалпы қазақтың зиялы қауымы бар ма, жоқ па деген пікірталасқа нүкте қойылмай тұрып ұлттың әскери зиялысын іздегеніміз қалай болады екен? Меніңше, қазақ әскері болған соң, оның зиялы өкілдері де (элитасы, қаймағы, ұйытқысы – қалауыңыз білсін) болуға тиіс. Құдайға шүкір, бұл ретте үркердей болса да, үлгі тұтар тұлғаларымыз баршылық. Солардың бір-екеуіне ғана тоқталсақ.
Әлбетте, біздің ойымызға бірден шоқтығы биік Шоқан Уәлиханов оралады. Әдемі әскери формасына терең мазмұны сай, білімі шалқар Шоқан. Орыстың ұлық-төресімен де, ұлы жазушысымен де терезесін тең ұстаған бекзат Шоқан. Шоқан туралы көп жазылды, сондықтан оны жас ұрпақ жақсы біледі. Ал қазақтың тұңғыш генералы, Ресей империясы байланыс әскерінің бірінші бастығы Ғұбайдолла Жәңгіров жайлы біз білетін мағлұмат-дерек шамалы. Өз басым Ғ.Жәңгіров туралы тарих ғылымының докторы Мұрат Әбдіровтің «Простор» журналында (№7.2003 жыл) жарияланған очеркін оқып, хан тұқымының қайраткерлігіне қайран қалдым. «Он – первый казах-генерал регулярной русской армии, получивший это звание не за службу в местной военно-гражданской администрации, как другие казахские генералы, а за участие в составе русской армии в европейской войне за пределами России с её извечным врагом – Турецкой империей. Фактически он стал первым казахом-генералом технических войск (или войск связи), хотя и завершил свою военную карьеру генералом от кавалерии (высшее воинское звание в армейской кавалерии и иррегулярных казачьих войсках)».
Ғұбайдолла Жәңгіров сол тұстағы бекзада балаларымен бірге Санкт-Петербургтегі үздік әскери оқу орны – Паж корпусында білім алған. Ал оған көлденең көк аттының қабылдана бермегені белгілі. Мысалы,
М.Әбдіров былай деп жазады: «В корпус принимались мальчики 10–15 лет самых знатных дворянских родов России, включая членов императорской фамилии, всего 50 воспитанников в год, содержавшихся за счет государства.
Кандидаты в корпус строго проверялись по здоровью и внешнему виду, запрещалось принимать в него «сутулых, кособоких, конопатых, щербатых и кривоногих». По традиции военные парады в столице всегда открывали пажи, которые своей красивой формой и статными фигурами выделялись даже среди блестящей гвардейской молодежи».
Тамаша тәрбие, терең білім алып шыққан Ғұбайдолла Жәңгіров әскери қызметте де алғырлығымен көзге түседі. Кейін 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысындағы ерлігі, еңбегі үшін түрлі марапатқа ие болады. «Таким образом, казахский генерал стоял у истоков зарождения военной связи, став первым начальником войск связи вооруженных сил Российской империи» деген автор сөздеріндегі мақтаныш сезіміне мен де еріксіз ортақтастым.
Ең өкініштісі, Шоқан Уәлиханов, Ғұбайдолла Жәңгіров және тағы басқалар іргесін қалаған әскери интеллигенцияның ізгі дәстүрі кейін үзіліп қалды. Оның бір себебі ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялыларының шетінен шейіт болып кеткендігі шығар...
Әдетте халық арасында (әсіресе Кеңестер Одағы кезінде) әскерилер туралы араққұмар, сұғанақ, қарамағындағыларды тұздықты сөздермен сыбауға дайын тұратын адам деген қоғамдық пікір қалыптасты. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, өмірде соған нақты жағдайлардың негіз болуы да мүмкін...
Әйтсе де, өз басым нағыз зиялы қауым өкілдерімен – өте білімді, жоғары мәдениетті, адамгершілігі мол офицерлермен қызметтес, дәм-тұздас болғаныма қуаныштымын. Олардың мінез-құлық, жүріс-тұрысынан бастап, сөз саптасына дейін өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге дер едім.
Мәселен, кезінде Бауыржан Момышұлынан бата алған әскери ғалым, полковник Ким Серікбаевты алайық. Ким аға ұзақ жыл Алматы жоғары әскери училищесінде тактика кафедрасын басқарып, қаншама қазақ генералдарын тәрбиелеп шығарды. Бірақ рухани ұстазы Баукең сияқты өзінің әскери шені өспей, өзгеріссіз қалды. Ким ағаның әзіл-шыны аралас «мен – Қызыл Армияның полковнигімін» дейтіні де сондықтан шығар...
Мен құрмет тұтатын тағы бір адам – тәуелсіздік алған тұста Германиядан елге оралып, қазақ әскери журналистикасын қалыптастыруға зор үлес қосқан полковник Сапарғали Жағыпаров. Ұзақ жыл аралас-құралас жүргенде ол кісінің лексиконында балағат сөздердің атымен жоқтығын байқадым. Және бір адам туралы жағымсыз пікір айтқанын естіген емеспін. Жан-жағындағылардың бәріне қашанда жақсылық тілеп жүретін тәубешіл, құдайшыл, жаны кіршіксіз таза кісі. Тек өзі іргесін қалап, жеті жыл бойы жемісті басқарған қазақтың тұңғыш әскери газеті – «Қазақстан сарбазының» бүгінде жабылып қалғаны өкінішті-ақ...
Кеңес Одағының Батыры, даңқты генерал Мамсуровтың ұрпағы – ұлты осетин полковник Казбек Владимирович Мамсуровты да үнемі ризашылық сезіммен еске аламын. Әсіресе Сапарғали аға екеуі бас қосқанда ХІХ ғасырдың ақсүйектері секілді тұрмыстан тыс, мәңгілік адами құндылықтар турасында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып отырар еді. Әскери интеллигенцияның тағы бір жарқын өкілі – генерал-майор Марат Нағұманов жайлы бұрынырақ жазған болатынмын.
Бұл кісілердің бәрі қазір құрметті демалыста. Ал енді олардың орнын кім басады? Осы сұрақ мені қатты мазалайды. Себебі бүгін жоғары әскери оқу орындарында өте қиын өтпелі кезеңде – өткен ғасырдың 90-жылдары дүниеге келіп, «боевик» фильмдермен сусындап, өз бетімен өскен ұрпақ білім алуда...
Қазақта «үмітсіз – шайтан» деген сөз бар. Бұл ертеңінен түңілген, үмітін жоғалтқан адам шайтанмен тең деген мағынаны білдірсе керек. Ендеше, мен де ертеңнен, ертеңгі жастардан үмітімді үзбеймін.