Қазақ қызы АҚШ-ты қайран қалдырды
Әлемнің 68 елінен 1600 жас өреннің ғылыми жобасы сынға түскен INTEL ISEF – 2012 халықаралық байқауында қарағандылық Әсия Құсайынова бас жүлдені жеңіп алды. Байқау АҚШ-тың Пенсильвания штатында өтті.
«Дарын» мектеп-интернатында 11-сыныпта оқитын Әсияның ғылыми жобасы физика саласы бойынша «Магнус эффектісі негізіндегі көп салалы желдвигателі» деп аталады. Бұл жобаның кереметі біздің елдің табиғаты ескеріліп жасалғанында болып отыр. Мұны жер шарының әр түкпірінен жиналған қазылар да мойындаған.
Соңғы 10 жылдан бері өтіп келген сайыста Қазақстаннан барған оқушылар тек бір күміс пен бір қола медальді ғана иеленген екен. Ал алтын алқа алу – байқаудың тарихында тұңғыш рет. Әсияның бағы мен бабы қатар сынға түскен «Механикалық және электрлік инженерия» секциясында әр елден 50 жасөспірім додаға түскен. Солардың ішінен Әсия оқ бойы озық шыққан.
Әсия ҚҰСАЙЫНОВА, Қарағанды қаласындағы дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы, INTEL ISEF -2012 халықаралық байқауының жеңімпазы:
– Жобамен айналысқаныма үш жыл болды. Ал мына байқау туралы небәрі 40 күн қалғанда ғана естідім. Сол 40 күн бойы күндіз-түні дайындалдым. Жобаны жетілдірдім. Сол еңбегім ақталды. Еліміздің атын әлемге шығарғаныма қуаныштымын. Байқаудың шарты бойынша әр секцияға жеті адам қазылық етеді екен. Бірақ менің жобам қызықты болса керек, жобаларға баға берген қазылар менің жобамды көруге арнайы келді. Қазылар ғылыми жобаның жетістігі ретінде оның Қазақстан климатына лайықталып жасалғандығын ерекше атады. Бұл жоба, шын мәнінде, біздің ел экономикасына оң ықпал етеді деген сенімдемін.