Қазақ ғарыш саласын бағындыра ала ма?
Қазір дамыған елдердің барлығы да ғарыш саласын меңгеру үстінде. Мәселен, Ресей өзге елдің бір азаматын ғарышқа ұшырғаны үшін ел бюджетіне 30 миллион доллардан аса қаржы түсіреді екен. Тіпті олар қазір Қиыр Шығыстан «Байқоңырға» балама болатын ғарыш айлағын салып жатқан көрінеді. Осылайша, олар «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алуды бірте-бірте доғаруы мүмкін. Сондықтан келешекте космодромымызды сақтап қалу, оны игеру үшін ғарышкер мамандарды дайындауды бүгіннен бастап қолға алғанымыз дұрыс шығар...
ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің ресми сайтына кірсеңіз, жастардың басым көпшілігінің «мен қалай ғарышкер боламын, бізде ғарышкерлерді дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар ма» деп, агенттік төрағасы Талғат Мұсабаевтың атына сұрақтар жаудырғанын байқайсыз. Демек, жастардың ғарышты бағындырамын деген арманы жоғары деңгейде. Үміт бар. Бірақ сол үмітті еліміздің шенеуніктері қаншалықты ақтай алып отыр?
Әлия СЕРҒАЗЫҚЫЗЫ, Астана қалалық Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің директоры:
– Негізі, білімнің түп-төркіні мектептен басталады. Егер біз ғарыш саласын дамытамыз десек, онда жас кадрларды қазірден бастап даярлауымыз керек. Ал жасөспірімдердің білімін жетілдіру үшін мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға тиіспіз. Мектепке жаңа қондырғылар алып келіп, арнайы зертханалар ашуымыз керек. Сондай-ақ мектеп пен ғарыш саласын дайындайтын ЖОО-лармен тығыз қарым-қатынас орнатқан жөн. Алайда қазірше біздің мектептің базасы керемет деңгейде деп айта алмаймыз.
Жалпы, бұл төңіректе ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің мамандарымен сөйлесе қалсаңыз, елімізде ғарыш саласы дамып жатыр, өркендеп жатыр дегенді алға тартады. Шынында да, солай ма? Тіпті аталмыш агенттіктің төрағасы Талғат Мұсабаев бір сұхбатында «еліміздің бірқатар ұлттық университеттерінде аэроғарыш мамандарын дайындайтын оқу бөлімдерін ашамыз» деген еді. Алайда біз ұлттық университеттердің бірқатарының сайттарына кіріп, факультеттері мен кафедраларына назар аударғанымызда, көпшілігінің аэроғарыш мамандарын даярламайтынына көз жеткіздік. Негізі, аталмыш агенттік мамандарының айтуынша, еліміздегі Азаматтық авиация академиясы да ғарыш саласының мамандарын даярлауы тиіс еді. Алайда академия ғарышкерлерді дайындамақ түгіл, өздерінің болашақ ұшқыштарының да толық білім алуына жағдай жасай алмай отыр. Студенттерін тәжірибеден өткізетін жаңа ұшақтары да жоқ. Енді олар өздері осындай жағдайда тұрып, болашақ ғарышкерлерді қалай дайындамақ?! Кез келген ЖОО-дан арнайы факультет немесе кафедра ашу үшін оның арнайы бөлмелері, зертханалары, оқулықтары, осы салада білім беретін мамандары болуы тиіс емес пе?! Неге біз осы ғарыш саласындағы түрлі мамандықтарды әр университеттің бөлімшелеріне тықпалап, көтере алмайтын жүкті арта береміз? Әлде Қазақстанның ғарыш саласында арнайы университет, колледждер ашуға шамасы келмей ме?
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
– Елімізде ғарыш саласының мамандарын даярлайтын арнайы жоғары оқу орны жоқ. Бірақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Гумилев атындағы Еуразиялық университетте, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да, Алматы энергетика және байланыс институтында, Азаматтық авиация академиясында ғарыш саласында білім беруге болады деген тоқтамға келген болатынбыз. Бірақ Авиация академиясының аэроғарыш саласында неге мамандар даярламай отырғанын мен білмеймін. Дегенмен бізде мынадай жүйе қалыптасқан. Егер студент Үкімет бөлген грантты иеленсе, ол өзінің таңдаған университетіне барып білім алады. Міне, осы бөлінген гранттарды ұтып алған студенттер бес ЖОО-ның барлығына бірдей бармаған. Менің білетінім, қазір ғарыштық саланың студенттері Алматы энергетика және байланыс институты мен Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да білім алып жатыр. Әрине, олардың зертханалық базасы, оқытатын мамандары, оқулықтары барлығы жақсы деңгейде деп айта алмаймын. Сондықтан ғарыш саласына арнайы жабдықталған дербес университет керек-ақ. Бірақ олардың барлығы бір күнде келе салмайды. Уақыт өте келе шешімін табады деп ойлаймын.
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Біз қазір «Байқоңырдың» қадіріне жете алмай отырмыз. Ертең ол космодромымызды ресейліктер тастап кетіп, өз еліндегі ғарыш айлағын дамытатын болады. Сонда біз не істейміз? Өзіміздің «Байқоңырды» қалай сақтап қаламыз, қалай дамытамыз? Тағы да АҚШ-қа, Қытайға, Француздарға жалға беріп қойып отыра береміз бе? Ол болмайды! Сондықтан қазірден әрекет етуіміз қажет. Бірақ ғарыш саласын дамыту үшін арнайы колледж, университет ашудың керегі жоқ. Одан ұтарымыз шамалы. Одан да «Байқоңырдың» жанынан Қазақстан жастарының білім алуы үшін арнайы орталық ашайық. Сонда жастарымыз ол жерде нақты тәжірибе жүзінде үйреніп, білімін шыңдайтын болады. Ал университет ашатын болсақ, оның зертханасы керек, басқасы керек, қаншама шығынды қажет етеді. Жастар тәжірибе жүзінде көрмегеннен кейін, оның барлығы бекер болады. Сондықтан жастардың ғарыш саласын терең меңгеруі үшін «Байқоңырдан» арнайы орталық ашуға тиіспіз. Олай етуге біздің толық құқымыз бар.
Қалай десек те, бізге ғарышқа ұшатын және «Байқоңырдың» түрлі қондырғыларын игеріп кете алатын инженер-механик мамандар керек-ақ. Ол үшін арнайы университет ашамыз ба, әлде «Байқоңыр» ғарыш айлағының жанынан жастарға білім беретін орталық ашамыз ба, енді оның тиімді жолын осы саланың басы-қасында жүрген мамандармен ақылдаса отырып, дұрыс шешім шығаруды ойластырсақ, жөн болар еді.