Жалғасы. Басы өткен сандарда
Әскери журналистика әлемге майдан газеттерінде шыңдалған талай майталман қаламгерлерді берді. Әріге бармай-ақ Константин Симонов, Александр Твардовский, Илья Эренбург, Михаил Шолоховтарды айтсақ та жеткілікті. Бауыржан Момышұлы есімін алғаш тасқа басып, кейін аңызға айналдырған да әскери тілші Александр Бек болатын.
Башқұрттың бас жазушысы Мұстай Кәрім мен қазақтың ақиық ақыны Әбу Сәрсенбаевтың соғыс кезінде бір газетте қызмет жасағанын бүгінде біреу білер, біреу білмес. Әскери журналистиканың «шинелінен» қазақтың Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Сәрсен Аманжолов т.б. ақын-жазушылары мен тілші ғалымдары шықты. Марқұм Сағынғали аға жаңадан құрылған «Қазақстан сарбазы» газетінің редакциясына жиі келетін (Қазақстан қорғаныс министрлігі орталық баспасөз органының «Қазақстан сарбазы» газеті 1992 жылдың желтоқсан айынан бастап шығып тұрды). «Біз, Жұбан екеуміз, ол кезде сендер сияқты өрімдей жас офицер едік», – деп майдан жалыны шарпыған жастық шағы жайлы сыр шертіп отыратын...
Ұлы Отан соғысы кезінде шамамен қазақ тілінде 26 майдан газеті шығып тұрған. Шамамен дейтініміз, бұл тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеген ешкім жоқ. Қазақ баспасөзіндегі әскери тақырыптың пайда болуы, меніңше, қазақ атты әскерінің құрылуымен тікелей байланысты. Оған дейін бізде тұрақты армия болмағаны белгілі. С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының 126-бетінде мынадай жолдар бар: «Күллі Сібірді Колчак алғаннан кейінгі шыққан «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 12 октябрьдегі 57-нөмірінде Орал облысы Жымпиты қаласындағы «Күнбатыс Алашорданың» жасаған әскері туралы бүйдейді: «Орал облысы «Алашорда» жарлығы бойынша Орал облысынан екі мыңнан артық қазақ әскері жиылды. Бұларға Самар комитетінен екі мың мылтық, елу сегіз пулемет, екі зеңбірек,екі автомобиль алып берілді».
Сол нөмірінде «Күнбатыс Алашорданың» Ойыл қаласындағы офицерлік школасынан оқып шыққан қазақ офицерлері туралы мынадай хабар жазады: «Тұңғыш қазақ офицерлері Орал облысындағы ашылған қазақ инструкторлары даярланатын школадан бірінші октябрьде қазақ инструкторлары оқу бітіріп, қазақ жігіттерін үйретуге шықты».
Бұдан әрі қарай романда Алашорда басшылары мен қазақ әскерінің іс-әрекеттері қатты сынға алынады. Бұл жерде С.Сейфуллинге төрелік айтудан аулақпын. Жақсы болсын, жаман болсын, осының бәрі – біздің тарихымыз. Демек, Алашорда тұсындағы қазақ әскерінің тарихын зерттеу де – әрине, мамандардың еншісіндегі дүние және өз алдына мүлде бөлек әңгіме.
Қазақ журналистикасының тарихын зерттеушілер, мысалы, ҚазМҰУ-дың доценті Сәкен Нұрбеков өзінің «Кеңестік кезеңдегі Қазақстан баспасөзі» деген еңбегінде былай дейді: «Появляются военные издания как «Известия Киргизского Комиссариата по военным делам» (Урда, 1919 г., на казахском и русском языках), «Правда» – газета политотдела Актюбинского фронта. Возникают первые республиканские издания в связи с образованием Каз. АССР. Это газеты «Ушкын» – орган Кирвоенревкома (Оренбург, 1919 г., 17 декабря) – предшественница республиканской партийной газеты «Социалистiк Қазақстан», «Известия Киргизского края» (Оренбург, 1920 г., 1 января) – предшественница «Казахстанской правды», «Красная молодежь» – первая республиканская советская молодежная газета» (Оренбург, 1919 г., июль), молодежные газеты и журналы Казахстана – «Молодой боец» (Уральск)...». Бірақ мұнда соғыс кезіндегі майдан газеттері мен қазақ әскери журналистикасы туралы ешбір дерек жоқ. Өйткені орталық әскери мұрағат Ресейде және оқ пен оттың ортасында газет тігінділерін сақтау да мүмкін емес. Алайда Ленинград майданында өзі шығарған «Отанды қорғауда» газетін өмір бойы көзінің қарашығындай сақтап, бізге жәдігер ретінде жеткізген адамдар да бар екен. Олар – кезінде әскери тілші, кейін экономист-ғалым болған Түймебай Әшімбаев пен оның жары Александра Голубева. Бұл жайлы «Красная звезда» газеті былай деп жазады: «В казахской редакции трудились пять сотрудников: Карим Усманов, Туймебай Ашимбаев, Акмукан Сыздыбеков, Бисен Жумагалиев и Асылхан Турганов. Офицеры ездили в части Ленинградского фронта, собирали материалы, осуществляли всю редакционную работу. Они стали первопроходцами военной журналистики Казахстана, поскольку тогда не существовало специальной терминологии на национальном языке. Им самим приходилось переводить и создавать названия различных видов вооружения и военной техники, пополняя тем самым словарь казахского языка.
В ноябре 1945 года трое членов этой редакции были арестованы по ложному обвинению и осуждены по знаменитой 58-й статье. И газета перестала выходить... Двое из подвергшихся несправедливым репрессиям офицеры редакции – Асылхан Турганов и Карим Усманов погибли в лагере. А Туймебай Ашимбаев выжил и впоследствии был реабилитирован».
Міне, зерттейтін адам табылса, қандай тақырып! Сонымен, «қазақтың әскери журналистикасы бар ма» деген сұраққа қайта оралсақ... Жоғарыда сөз болған еліміздің бас әскери газеті – «Қазақстан сарбазы» 15 жылдық мерейтойына санаулы ай қалғанда белгісіз себептермен жабылып қалды. Қазақстан Қарулы күштерінде қазір әскери тілші деген институт, қаласаңыз, мамандық жойылды деуге болады. Қорғаныс министрлігінің «Сарбаз» газетін әскерге ешбір қатысы жоқ адамдар шығаруда және ол «Қазақстан сарбазының» мирасқоры ма, жоқ па – тағы беймәлім. Оны айтасыз, бізде әскери журналистерді даярлайтын оқу орны, факультет, тым құрыса, бөлім де жоқ. Енді «елімізде әскери журналистика бар ма» деген сауалдың салмағын өзіңіз саралай беріңіз...